{gallery}09122015{/gallery}Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан Митрополиті Александрды қабылдады.
Кездесуде тараптар қазіргі замандағы ең өзекті мәселелер бойынша дінаралық үнқатысуды дамыту, қоғамдағы рухани, діни мәселелерді бірлесе отырып шешудің келешегін талқылады. Сондай-ақ, дін өкілдері халықты ізгілікке, адамгершілікке шақырып, елдің бірлігін нығайту жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігін сөз етті.
«Кез келген қоғам имандылыққа, рухани құндылықтарға, ізгілік пен ізеттілікке негізделмесе, сол қоғамда қасіретті жағдайлар орын алып отырған. Біз мұны тарихтан жақсы білеміз. Бүгінгі алмағайып заманда ортақ Отанымыздың тыныштығы мен бейбітшілігі үшін өзара бірлікті ту етіп жұмыс жасауымыз өте маңызды», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
ҚМДБ Баспасөз қызметі