Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы «Нұр Мүбәрак» университеті мен медреселерді тәмамдап, білімін жетілдіру мақсатында Мысырдағы әйгілі «әл-Әзһар» университетіне оқуға түскен ұстаздардың алғашқы легін қабылдады.
«Мың жылдық тарихы бар әлемге белгілі «әл-Әзһар» университетіне оқуға түсулеріңізбен құттықтаймын. Сіздер – бақыттысыздар. Университетті бітіріп келген соң Діни басқарманың ауқымды жұмыстарына үлес қосуларыңыз тиіс. Сіздердің әрқайсыларыңыздың орындарыңыз, жұмыстарыңыз біз үшін өте маңызды. Уақыттарыңызды білім жолына арнаған соң, күш-қайраттарыңызды ізденуге, терең білім алуға жұмсаңыздар. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеп отырмыз. Елге келген соң, халқымыздың бірлігі мен имандылығына қызмет ететін боласыздар. Алла жар болсын, сәт-сапар тілеймін», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Айта кетейік, ҚМДБ мен «әл-Әзһар» университеті арасында жасалған келісім бойынша, биыл Қазақстанға 20 грант бөлінді. Емтихан алу барысында ең үздік шәкірттер таңдалып алынды. Оларға шәкіртақы тағайындау, ас-сумен, жатақханамен қамтамасыз ету – Мысыр тарапынан орындалады.
ҚМДБ Баспасөз қызметі