Лондон қаласында тұратын 22 жасар Эшли Поуайс метрода мұсылман қызына соқтыққан жолаушыға жауап қайтарып, оны жазықсыз жәбірлеуден аман алып қалды. Бұл жайында оның Фейсбук парақшасында жарияланған жазбасына 41 000 жан тілектестігін білдіріп, 18 000 қолданушы бөліскен көрінеді.
Ол өз жазбасында метрода хиджаб киген мұсылман қызына белгісіз біреудің келіп, тілдей бастағанына куә болғанын айтады. Ұлтына мен дініне тіл тигізген әлгі адам жап-жас мұсылман қызын «лаңкес» деп атап, «Париж тұрғындарын өлтірген оның халқы» екенін қайталаумен болған.
Эшли Поуайс бұл әділетсіздікке жол бермей, мұсылман қызын жазықсыз жәбірлеуден қорғауға кіріскен. Бұнысы үшін «террористердің табынушысы» деген ғайбат естігенімен, Эшли мұсылман қызын қорғаштауын доғармайды. Қайта оның қасына отырып, исламофобиялық сөздерді қарша боратқан жолаушының айтқанына мән бермеуге кеңес береді.
Бұдан кейін ол қыздың рұқсатымен оны достарымен кездесетін жерге дейін шығарып салған. Эшли Поуайс өз жазбасында нәсілшілдікке бой алдырған әлгі жолаушының жәбірлеуіне вагондағы басқа жандардың бей-жай қарап отырғанын күйіне жазады.