{gallery}19112015{/gallery}Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы жанынан шыққан жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесерді ашып, жүргізіп отырған «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қаласы бойынша бюро жетекшісі Дәурен Дариябек кітаптардың әрқайсысының мазмұнына жеке-жеке тоқталып, жылы лебізін білдірді.
Оқырман қауымға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың «Тәпсір тұнығы» (29 пара) кітабы, ҚМДБ редакциялық алқасы бірігіп шығарған «Дін – насихат» және «Жұма уағызы» атты кітаптар кеңінен таныстырылды. Адасқан ағымдардың арбауынан сақтайтын кітаптар қатысушы қонақтар мен Ұлттық кітапханаға сыйға берілді.
«Құранның мән-мазмұнына жеке мұсылман ретінде де, дін саласының маманы ретінде де жастайымнан қызықтым. Өйткені Құранның мұсылманның өмірінен ерекше орын алатын ең қастерлі кітап. Сонау 90-жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медреседе оқып, қасиетті кәламды жадыма тоқып жүрген кезімде де Құранда не айтылғанын білуге, ой елегіне салуға құмартқаным рас. Кейінірек Қазақстанда ашылған алғашқы Ислам институтында Құран тәпсірінен сабақ беру бақытына да ие болдым. Алланың сөзі – Құранды халыққа жеткізуден асқан қызмет жоқ шығар деген пікір санама әбден орнап алды. Құран – құлшылық, Құран – ғылым, Құран – шипа. Ол мәдениет, ол – өркениет, ол – бүкіл адамшылық қасиеттердің қайнар бастауы. Құран арқылы Алла Тағала өз пенделерін қараңғылықтан жарық нұрға алып шығады», - деді наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.
Шараға сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Философия ғылымдарының докторы Жақан Молдабеков, «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев, Дінтанушы, Ph.D докторы Алау Әділбаев сынды зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және имамдар қатысып жаңа кітаптар туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Діни басқарма жанын жарық көрген кітаптар Республикамыздың барлық аймақтарындағы мешіттер мен медреселерге, сауат ашу курстарында тегін таратылуда.
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz