Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚР Орталық ардагерлер кеңесінің төрағасы, философия және тарих ғылымының доктары Өмірзақ Озғанбаевты қабылдады.
Бас мүфти кездесуде қазіргі уақытта жастардың діни сауаттылығын арттыру, жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтау және Діни басқарманың осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.
«Жастардың рухани санасын оятуда діннің орыны ерекше. Алайда жастардың діни сауаттылығын арттыруда бірінші кезекте дәстүрлі діни мектебімізден ақпарат беру қажет. Өйткені діннің ішкі және сыртқы мазмұнына үңілместен бұрыс түсінуі мүмкін. Ислам діні адамзат баласын тазалыққа, талапты болуға шақыратын ғылым-білім діні. Қазіргі қоғамымызда жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында еліміздегі әр мешітте сауат ашу курсы, медреселеріміз және ақпарат құралдарымыз жұмыс жасауда», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Діни басқарманың қолдауымен қажылық парызын өтеп қайтқан ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев Бас мүфтиге алғысын жеткізді.