{gallery}0910{/gallery}ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы имамдардың білімін жетілдіру институтында білім алып жатқан дін қызметкерлеріне дәріс оқу барысында осылай деді.
Бас мүфти ең алдымен дін қызметкерлерімен дәстүрге айналған дәріс арқылы жүздесудегі қуанышын жеткізді. Сондай-ақ, еліміздің алыс аймақтарынан уақыттарын арнайы бөліп келген имамдарға білім алудың сауабы мол, қайырлы амал екенін айтты. Дәріс қоғамдық мәселелерге қатысты пәтуа шығарудың әдіс-тәсілдері тақырыбында болды.
«Білім алу арқылы адамның дүниетанымы кеңейіп, дүниені және оның ішіндегі барлық құбылыстарды шынайы тануға мүмкін алады. Білімнің негізгі мақсаты да сол. Алла Тағала Құранның ең алғаш түскен «Алақ» сүресінде: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» - дейді. Демек, алғашқы аяттар оқу оқып, білім алу керектігін меңзеп тұр. Бұл Алла Тағаланың адам баласына бұйырған әмірі. Алайда аятта қай ілім саласын оқу керектігі нақты айтылмай жалпылама сауатты болуды бұйырған. Сол үшін адам өмірінде діни ілімнің де, дүниеуи ілімнің де алатын орны ерекше. Тек діни білім алу парыз да, дүниеуи ілім алу маңызды емес деп түсіну қате пікір» , – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Маямеров.
Дәріс соңы сұрақ-жауап арқылы жалғасын тауып, имамдар көкейтесті сұрақтарына мазмұнды жауап алды.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz