https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Адамзат пайғамбарларға қарап, жалпы істерінде бағыт түзеп, бағдар алады. Олар – адамға әрбір істе қайталан­бас үлгі, ізгілікте қол жетпес биік шың, адасқанға жол сілтейтін жарық жұлдыз. Адамзат үшін осындай асыл мін­деттермен жүктелген пайғамбарлардың бойында міндетті түрде табылуы тиіс сипаттар бар. Бұлар бесеу:

1. Исмәт. Барлық пайғамбарлар пайғамбарлық міндетпен жүктелмес бұрын да, кейін де барлық күнә атаулыдан пәк. Қысқасы, күнә пайғамбардың түсіне де кірмейді. Егер адамзатқа тура жолды көрсетіп, әрбір істерінде шам­шырақ, үлгі болу үшін жіберілген пайғамбарлар да күнә істейтін болса олардың артынан ешбір адам үмбет бо­лып ермес еді. Міне сондықтан барлық пайғамбарлар күнә атаулыдан Ұлы Жаратушы тарапынан арнайы қорғал­ған.

2. Сидқ. «Туралық» деген мағынаны білдіреді. Барлық пайғамбарлар сөйлеген әрбір сөздері мен істеген әрбір ісінде туралықты ту етеді. Олар ешқашан болған жайды бұрмалап айтпайды. Қандай жағдай болса да мүлдем жалған сөйлемейді. Раббысының баянын жеткізетін пайғамбардың жалған сөйлеп, халық алдындағы сенімділікте­рін аяққа таптауы, осылайша өз міндеттеріне ақау келтіруі мүмкін емес.

3. Аманат. «Сенімділік» деген мағынаны білдіреді. Әрбір пайғамбар адамдар арасындағы ең сенімді тұлға. Ешкім­ді алдамайды, ешбір аманатқа иненің жасуындай да қиянат жасамайды. Қысқасы, пайғамбарларды жер бетіне се­німділікті орнату үшін жіберілген сенімділіктің жарқын үлгісі.

4. Фәтәнат. «Тек қана пайғамбарларға тән зеректік, ерекше зейінділік» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала­ның дінін жеткізуші барлық елшілер пайғамбарға ғана тән ерекше зейінге, асқан зеректікке ие. Себебі, пайғам­барлық – өте ауыр міндет. Қоғамдағы өте зерек, әрі оқыған білгір ғалымдарға, түрлі қабілетке ие тұлғаларға Алланың баянын жеткізіп, сұрақтарына қанағаттанарлық жауап беру үшін еш күмәнсіз бұл міндетпен жүктелген пайғамбарлардың ерекше зейін, зерек қисынға ие болуы ләзім.

5. Тәблиғ. «Жеткізу» деген мағынаны білдіреді. Барлық пайғамбарлар Алладан алған уахиді еш өзгертіп-бұрма­ламастан қаз-қалпында жеткізуге міндетті. Құранда бұл турасында былай делінеді:

﴿يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنزِلَ إِلَيْكَمِن رَّبِّكَ وَإِن لَّمْ تَفْعَلْ فَمَا بَلَّغْتَ رِسَالَتَهُ…﴾

«Уа, Расулым! Саған түсірілгенді адамдарға жеткіз. Егер мұны орындамасаң, елшілігіңді (пайғамбарлық мис­сияңды) жеткізбеген боласың…»[1]

[1] Мәида сүресі 67-аят.