Оның (с.а.у.) нұрлы жүзі – пайғамбарлығына дәлел
Оның (с.а.у.) нұрлы жүзі – пайғамбарлығына дәлел
-
08 May 2015
-
Қараушылар саны: 2173
Кез келген жанның бет-әлпеті – тани алатын адам үшін иесі жайлы мағлұмат беретін кітап тәрізді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) нұрлы жүзінде тек туралық көрінетін. Мұны байқаған яһуди ғалымдарынан Абдуллаһ ибн Сәлам Пайғамбарымызды бір көргеннен: «Мына жүзде еш жалғандық жоқ» деп дереу иман келтірсе, Абдуллаһ ибн Рәууаха былай дейді: «Егер Оның (с.а.у.) пайғамбарлығын қуаттайтын айқын мұғжизалар болмаған жағдайда Оның нұрлы жүзінің өзі – көрген адамның иман келтіруіне жеткілікті еді» дейді.
Егер Пайғамбарымыздың пайғамбарлығына дейін, я болмаса пайғамбарлығынан кейін сөзінде немесе іс-әрекетінде титтей де жалғандық, көзбояушылық болса, дос-дұшпан тарапынан сезіліп, байқалатын еді. Сөйтіп, тырнақ астынан кір іздейтін дұшпандар қылыш, найзаға жүгінбестен тапқан олжаларын әлемге жария ету арқылы күн сайын үдеп бара жатқан жаңа дінге тосқауыл қояр еді ғой. Алайда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірінен ешбір қате, ешбір көзбояушылық таба алмай діңкелеген дін дұшпандары амалсыз жаңа дінге қылыш, найзамен тосқауыл қоюға тырысты.
Көз бояушы, өтірікші, алаяқ адамның сенімді серігі, бар мүмкіншілігін жолында пида ете алатын жора-жолдасының болуы мүмкін емес. Ал енді бір мезет Пайғамбырымыздың (с.а.у.) айналасына шоғырланған нұр жүзді сансыз сахабаларға, кейінгі ғасырларда өмір сүре келген әулие, ғалымдарға, жалпы Оның дінімен нұрланған қияметке дейін келіп-кетер адамзатқа қараңызшы. Олар Ол (с.а.у.) үшін мал-мүлік дүниелері емес, керек болса, жандарын да пида етуге әзір. Олар Оның (с.а.у.) есімі аталғанда, Оған (с.а.у.) салауат айтып, сәлем жолдауды өздеріне борыш санайды.
Әз сахабалардың өмірінен бір-екі үзінді келтіріп, Оның (с.а.у.) қаншалықты қадір-құрметке, махаббат пен сүйіспеншілікке ие болғанын баяндап көрелік.
Алғашқы кезде мұсылмандар құлшылықтарын еркін орындау үшін хазіреті Әркәмнің үйіне құпия жиналатын. Оның үйі кіріп-шығуға қолайлы, көзден таса, әрі сырттан келген-кеткендерді бақылауға оңтайлы еді. Күндердің бірінде осы үйге жиналған сахабалар Алланың бір екендігін мүшріктерге ашық түрде жария ету үшін Пайғамбарымыздан (с.а.у.) рұқсат сұрайды. Араларында Әбу Бәкір де бар болатын. Алайда, пайғамбарымыз оның уақыты әлі келмегендігін, бұл үшін әлі мұсылмандардың аз екендігін айтып алғашында рұқсат бермеген-ді, бірақ Әбу Бәкірдің табандылық танытуынан кейін олардың айтқандарына көнеді. Барлығы жұптарын жазбай Қағбаға барады. Әбу Бәкір мүшріктерге қарап:
– Хақ һәм жалғыз Аллаға мадақ! Мәңгі бақыт – Аллаға иман келтіруде. Оны мойындамай пұтқа табыну – өте жаман әдет. Мағынасы жоқ жаһилия әдеттерін тастап, Алла Елшісінің шақыруына мойынсұныңыздар!– деді.
Мүшріктер алғашында толқыса да, тез арада естерін жинап, мұсылмандарға қарсы шығады. Әбу Бәкірді жерге жатқызып алып, қолдарына түскен нәрсемен ұрып-соға бастады. Қаныпезер мүшрік Ұтба ибн Рәбиға табанында шегесі бар аяқ киімімен тепкілеп оның нәзік бетін қан-жоса қылады. Сол арада Әбу Бәкірдің туыстары көмекке келіп оны өлім аузынан әзер алып қалды.
Өлімші халде есін жиған Әбу Бәкірдің ең алғашқы сұрағы: «Алла Елшісінен хабар бар ма?» болды. Ол есі кіресілі-шығасылы жатқанын елемей, Пайғамбарымызды (с.а.у.) уайымдап: «Оған не болды?» – деп сұраумен болды. Анасының: «Балам бір нәрсе ішіп-жейсің бе?» – деген сұрағына: «Алланың Елшісі қайда? Оның жағдайы нешік?» – деп бәрібір көңілі жай таппады. Анасы еш нәрсе білмейтінін айтқан кезде, ол: «Анашым, Хаттабтың қызы Үммү Жамилге барып, Хақ елшісінің жағдайының қандай екенін сұратыңызшы» – деді. Пайғамбарымыздың жағдайының жақсы екендігін айтып келген хабарға да көңілі толмай, Оның (с.а.у.) халін өз көзімен көргісі келіп тағаты таусылды. Айнала біраз тынышталғаннан кейін қасындағылар Әбу Бәкірді қолтықтап Әркәмнің үйіне алып барады. Пайғамбарымызды (с.а.у.) өз көзімен көрген кезде: «Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулаллаһ!» – деп жылай бастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны құшақтады. Оның бұл халі Пайғамбарымызға (с.а.у.) қатты әсер етіп, көздерінен мөлдір жас моншақтай төгілді[1].
Мұсылман қауымның алғашқы азаншысы хазіреті Біләлдің пайғамбарлар сәруары – хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Исламды қабылдағаннан кейін бір сәт болсын қасынан ажырамады.
Екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.а.у.) ақыретке аттанғанда, көптеген сахабалар сияқты қабырғасы қайыса қайғырған ол Мәдинада қала алмады. Алла Елшісінің кетуі оған жарық күннің сөнуімен бара-бар келді. Өйткені Мәдинаның әр тасы мен топырағы оның есіне Алла Елшісін түсіретін. Біләл сол тұстағы халифа хазіреті Әбу Бәкірден басқа жаққа кетуге рұқсат сұрады. Әбу Бәкірге барып:
– Ей, Алла Елшісінің халифасы! Мен Пайғамбарымыздың: «мүминнің ең қайырлы ісі – Алла жолында күресу» – дегенін естіген едім. Мен де өлгенге дейін Алла жолында жанымды пида еткім келеді,– деді. Әбу Бәкір:
– О, Біләл! Бізге кім азан шақырады?– дегенде екі көзге ерік берген хазіреті Біләл:
– Мен Алла Елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын, – деді.
Біләлдің алысқа кеткенін қаламай, қанша жібермеуге тырысса да Хазіреті Біләл:
– Уа, Әбу Бәкір, рас сен мені құлдықтан құтқардың. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда алып қал. Ал, егер Алланың ризалығын көздеп, сатып алған болсаң, еркіме жібер, – деді.
Хазіреті Әбу Бәкір рұқсат берген соң хазіреті Біләл Хабаши Шамға барып, Ислам туын биікте желбіретуге жігерін салды.
Шамда жүрген кезінде бір түс көріп, Мәдинаға келді. Пайғамбарымыздың қабірінің қасында хазіреті Хасан мен Хұсейнді кездестіріп, Алланың Сүйікті Елшісімен (с.а.у.) бірге өткізген тәтті күндерді еске алды. Әлемдердің Падишасы (с.а.у.) дүниеден озғаннан соң, Мәдинада азан шақырмаған еді. Ғаламның рақым нұры (с.а.у.) ақыреттік болғаннан кейін азан шақыруға тағаты да жетпеді. Өйткені, азандағы «Әшһәду әннә Мухаммадан Расулуллаһ» (Мұхаммедтің Алла Елшісі екендігіне куәлік етемін) деген сөйлемді айта алмай іркіліп қалатын. Даусы шықпай көз жасына булығып, аяқтарының буыны босап кететін.
Пайғамбарымыздың «менің дүниеде иіскеген екі райханым» деген немерелері Хасан мен Хүсәйіннің өтінішінен кейін, соңғы рет Мәдинада азан шақыруға бел буды. Көзін көкке қадап тұрып, бүкіл жан дүниесімен азан шақырды. Бүкіл Мәдинада Алла Елшісіне (с.а.у.) деген сағыныш жаңғырды. Ел тегіс көшеге шықты. Алла Расулінің нұрлы өмірін көз алдарына елестетіп, Пайғамбарымыз қайта тіріліп келіп, Біләлге азан шақыртқандай әсерде болды. Сол күні көзіне жас алып иығы селкілдемеген тірі жан қалмады.[2]
Айналасындағы заңғар тұлғалардың Оған деген мұншалық терең сүйіспеншілігі мен махаббаты – Оның көз бояушылығының емес, тек шынайы пайғамбарлығының дәлелі болса керек.
Әрбір нәрсенің шынайысы мен алдамшысы, табиғиы мен жасандысы ешқашан бірдей болмасы анық. Сауатсыз адам ғалымның рөлін, қарапайым адам мемлекет басшысының рөлін, міндетін қанша уақытқа дейін ешкімге білдіртпестен, сездірместен жүргізе алады? Бәлкім, сауатсыз адамның алғашқы жүріс-тұрысы айналасындағыларға күмән тудырса, қарапайым адамның басқа мемлекет басшыларымен бір-екі кездесуінен кейін-ақ жалғандығы су бетіне қалқып шыққан майдай жария болады. Ал енді оқу-жазу білмейтін бір адамның пайғамбарлық сияқты ғалымдықтан да, мемлекет басшылығынан да ауыр бір рөлді, міндетті жиырма үш жыл бойы айналасындағы өте зерек те ақылды адамдарға еш білдіртпестен ойнауы, жүргізуі мүмкін бе? Тіпті, жиырма үш жыл емес, қияметке дейін келіп-кетер сансыз кемеңгер, ойшылдарға, ғалымдар мен әулиелерге, жалпы адамзатқа өзінің жалғандығын еш сездірместен жалғастыра беруі мүмкін бе? Әрине, жоқ. Олай болса Ол (с.а.у.) – шынайы пайғамбардың дәл өзі.
Тарихта ереже-қағида қойып, жаңа жүйе құрған көптеген тұлғалар бар. Олардың көбі өздері қойған ережелерді басқаларға үлгі боларлықтай дәрежеде іс жүзінде атқармағандықтан, адамдар тарапынан шынайы жанашыр, ешбір қолдау таппағанын көреміз. Ал енді пайғамбарымыздың «Намаз оқыңдар!» – деп адамдарды намазға шақырып, ереже қойғаннан кейінгі Оның оқыған намазына қараңыздаршы. Бес уақыт намазды жамағатпен, жылап тұрып оқуы былай тұрғанда, түн жарымда тұрып «тәһәжжуд» намазын егіле жылап, аяқтары талып-ісігенше оқитын. «Уа, Расулаллаһ, өзіңді неге мұнша қинайсың?» – деген Айша анамыздың сұрағына: «Аллаға шүкір еткен құл болмайын ба?» – деп жауап қатқан Алла Елшісінің намазынан қандай жалғандық көруге болады? «Зекет беріңдер!» деп ереже қойған Пайғамбарымыздың қолына тиген мал-мүліктің бірін де қалдырмай мұқтаждарға бөліп беруінен нендей көзбояушылық байқауға болады? «Харамдардан аулақ болыңдар!» – деп ескертіп түнде төсегінен тауып алған құрманы аш болғандықтан байқамай жеп қойып, садақадан* келген құрма болуы мүмкін деген күдікпен түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шыққан Пайғамбарымыздың харамға деген іс-әрекетінен қандай жалғандық, нендей көз бояушылық көруге болады?
[1] әл-Бидая, 3:30
[2] Алау Әділбаев, Саңлақ сахабалар, 175-бет. Дәуір баспасы, Алматы, 2004 ж.
* Садақаны жеу, яки қолдану Пайғамбарымызға харам етілген.
ИСЛАМ НЕГІЗДЕРІ
СОҢҒЫ ВИДЕО АҚПАРАТТАР
Талдықорған
Алматы облысы
ЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
-
Ел болашағын жарық етер жоба
-
«БАБАЛАР ІЗІМЕН: ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ МЕКТЕП» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
-
ДІНИ БАСҚАРМА ЖАНЫНАН ҚҰРАН СЕКТОРЫ АШЫЛДЫ
-
ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕР ҰЙЫМЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ОНЛАЙН ЖИЫНЫ ӨТТІ
-
ДӘСТҮР ДӘРІПТЕЛГЕН САЙЫС ӨТТІ
-
БАС МҮФТИ «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ
-
ШАРАПАТЫ МОЛ ШАҒБАН АЙЫ МҮБӘРАК БОЛСЫН!