Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратында «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының танытымы өтті. Іс-шараға ғалымдар, жазушылар, тарихшылар, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жаңа кітап танытымында бірінші сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары дәстүрлі танымдарға ерекше назар аударып келеді. Бабаларымыз ұстанған сара жолды насихаттаудағы басты мақсатымыз – келешек ұрпағымызға ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни құндылықтарымызға негізделген дәстүрлі дініміздің негіздерін жеткізу. Себебі дәстүрлі дінімізбен көкірек көзін суарған жастар жат ағымның жетегінде кете қоймасы анық. Осы салада бірнеше жобалар қолға алынды.
Іс-шараға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері мүфтияттың игі бастамасы жайлы жылы пікірлерін жеткізіп, ізгі ниеттерін білдірді. Басқосу барысында бабалар рухына Құран бағышталып, Бас мүфти арнайы дұға жасады.