https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Бала тәрбиесінде кімді үлгі тұтамыз?

07 Sep 2015 0 comment Оқылды: 1315 рет

 

Қазіргі таңда бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас маңызды мәселелердің біріне айналды. Мысалы, бала мен ата-ана арасындағы түсініспеушілік әр түрлі өкінішті жағдайға әкеліп соқтыруда. Қазақстан жасөспірімдер суициді тұрғысынан Орталық Азия бойынша алғашқы орында тұр. Бұның негізгі басты себебі ата-ананың балаға дұрыс тәрбие бере алмауында немесе баламен дұрыс мәміле құра алмауында жатыр. Сондықтан бұл мәселені қолға алу үшін ата-ана қауымы балаға қалай мәміле жасау керектігін меңгергені жөн.

Ендеше, мұның әдіс-тәсілін қайдан табамыз? Кімді үлгі тұтамыз? Әрине, мұсылман қауымы үшін балалармен үздік қарым-қатынаста болған, бізге таптырмас үлгі боларлық ұлы тұлға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен аламыз. Ол біз үшін қашанда қымбат. Оның бала тәрбиесіндегі педагогикалық әдіс-тәсілі болсын, рухани құндылығы болсын барша үмметке тамаша үлгі болып қала бермек.

Сонымен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) балаларға деген мәмілесін дос-сахабаларының аузынан тыңдап көрсек. Әнәс ибн Малик (р.а.) былай деп жеткізеді:  «Алла Елшісі балаларға өте мейірімді болатын. Ол (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хусейнге: Бұл екеуі дүниедегі менің екі райханым, – дейтін».

Сахаба Усама ибн Зәйд (р.а.) болса: «Алла Елшісі мені бір тізесіне немересі Әлидің баласы Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеумізді бірдей бауырына басып: «Уа, Раббым! Бұларға рақымшыл бол. Мен бұларға шексіз мейірімдімін», - дегенін жеткізеді.

Расында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз сүйіспеншілігі мен мейірім-шапағатын төгіп тұратын. Сонымен қатар, тек өзінің немерелеріне ғана емес, бүкіл балаларға да қамқор болып, өзі бұл жөнінде: «Кішкентайларға мейірім көрсетпеген бізден емес, (яғни менің үмметімнен емес)» деген[1].

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқашан қыз бала немесе ұл бала деп екеуінің арасын бөліп жармаған. Ата-аналарды және үлкендерді әрқашан балаларға кішіпейілділік жасап, түсіністікпен қарауға шақырып отырған.

Көптеген ана сахабалар да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) балаларды құшақтап, беттерінен сүйетінін, оларға сәлем беріп, көлігіне мінгізіп алатынын айтады. Тіпті, балалар науқастанып қалса, көңілдерін сұрап, олармен қалжыңдасып, ойнатып, кейде иығына мінгізіп ешуақыт ұрыспайды екен. Керек десеңіз, балаларды сүйгісі келіп құшағына алғанда, үстіне дәретін бұзса да ашуланбай және басқаларды да бұған ұрсып-зекімеуге үгіттейтін.

Юсуф ибн Абдулла ибн Сәлам (р.а.) деген сахаба: «Алла Елшісі маған Юсуф деп ат қойып, құшағына алып, басымды сипады», – дейді.

Абдулла ибн Жағфар (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сапардан қайтқан уақытында мен Хасан немесе Хусейінмен бірге оны қарсы алуға шығатынмын. Қайсысымыз оған бірінші жетсек, соны алдына көтеріп, кейін келгендерді арқасына мінгізетін. Мәдинаға дейін осылайша келетінбіз», – дейді.

Әбу Хурайра (р.а.) Ақра ибн Хабистың Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немерелерін сүйіп жатқанын көріп: «Менің он балам бар. Бірақ біреуін де сүйген емеспін», – деген сөзіне Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мейірім жасамағанға мейірім көрсетілмейді», – деп жауап қайырғанын жеткізген.


Ал, қазіргі таңдағы ата-ана мен перзент арасындағы қатынастың өз деңгейінде іске аспауы, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінен тиісінше меңгере алмағандығымызда жатыр. Біз қашан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) керемет мінез-құлқын бойымызға сіңірсек, өз отбасымыздың нағыз бақытын тапқан болар едік.



[1] Әбу Дәуід, Әдеб 68.

Ақбөпе Тілегенова

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз