Көп бала он неше жасқа елгенде әке-шешесімен «салғыласа» бастайды. Ары жығыл десең бері жығылады. Қырсығады. Ал ата-ана болса, «аяқ астына бұған не болған» деп қамығуы мүмкін.
40-50 жастағы ата-аналардың көбі балаларымен «айтысқыш» келеді. «Істе дегенімді мен айтқан бойынша істемейсің?», «Сен мені күйдіріп өлтірейін дедің?», «Бес алмасаң неменеге оқып жүрсің?» деп күйгелеп жатады. Ал балалары болса «бұрын бәріне түсіністікпен қарайтын бұл кісілерге не болған?» деп аңтарылады.
Мұндай құбылыс таңсық па? Таңсық емес. Өйткені көріп жүрміз. Өмірдің көктеміне беталған балалар мен күзіне жол алған ата-аналар немесе базарға бара жатқан адамдар мен базардан қайтып келе жатқан адамдар арасындағы «қақтығыс» қалай қалыптасады. Жалқы мысал жазайық. Екінші сыныпта оқитын бір оқушы өзінің әкесіне деген ренішін өзіне тіке айта алмай белгілі бір балалар басылымына «әкеме хат» деген тақырыппен жазып жіберіпті:
«Әке, бір жолы сіз үйге екі қорап көтеріп келдіңіз, үйге кіре сала біреуін теледидардың қасына қойдыңыз. Мен ішінде не бар екен деп қызығып, ашып көрсем кескін таспасы екен. Мұны байқап қалған сіз, «үлкен адамның дүниесін албаты ақтарма деп саған қанша рет айттым?!» деп ақырып жібердіңіз. Мен «мұның не екенін қайдан білейін?» деп күмілжіп едім, «сен білмейтін нәрсе толып жатыр!» деп ашуландыңыз. Бұл сонда? Менің сізден сұрап, әңгімелесіп үйренбегенде қайдан үйренем???» деп жазыпты.
«Қарсыласу» міне осылай басталады. Бала мен әке өз пікірінде қасарысып, қарсы жағының ойын қаперіне де ілмесе, қарсы жағын өз пікіріне жығуды ғана ойлап, оның пікірінің қате-дұрыстығына назар да салмаса оны алда болатын үлкен қарсылықтардың кішкене көріністері деп есептей беріңіз.
Жастық мезгілге ертерек қадам қойған балалардың сезімдік танымы тез жетіледі. Бірақ, психикалық жақтан пісе қоймайды, үлкендердің өздерін түсінуін тілейді. Десе де, олар үлкендерге, әсіресе әке-шешелеріне сенім арта бермейді. Үнемі «әке-шешем менімен қасарысып алды» деп сезінеді. Сонымен күшті қарсы келу психикасы қалыптасады. Көңіл-күйін құрдастарына ғана айтып, үлкендерге білдірмейді. Мұндай кезде баланың ішкі сезімі қамқорлыққа өте зәру болады. Өзін түсінуді және өзіне құрмет етуді, сырлас досы болуды армандайды.
Ертерек қартайып бара жатқан адам, оның үстіне тұрмыс ауыртпалығы болса күйгелек келеді. Осы мезгілде ата-аналар да қамқорлыққа зәру болады. Көп нәрсеге мүмкіндігі жетпей қалғанын сезген соң, ол өзінің айтқаны орындалуын, іштей басқалардың түсінуін, кешіруін қалап тұрады.
Демек, ұқсамаған жас деңгейіндегі екі түрлі ерекше мезгілдегі ата-аналар мен балалардың ұқсас, ортақ талабы болады: түсінуге, құрметке, тіл табысып сырласуға мұқтаж. Егер осы кезеңде екі жақ та бір-біріне бейімділік таныта білсе жағдай жақсы жағына, яғни өзара сыйластыққа ұласып, өмірлік бақытқа бастар жол болар еді.
Ұларбек Нұрғалымұлы
Материалды жазуға «Балаға жарайсың дей біліңіз» кітабы пайдаланылды