https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Мен сегіз ақылды әрі иманды баланы қалай тәрбиеледім?

21 May 2015 0 comment Оқылды: 1914 рет

Мен ол үйдің үлкен қызымен  заң мектебінде таныстым. Өзі озат оқушы әрі қари. Онымен қоса ағылшын, араб және малай тілдерінде еркін сөйлейтін қыз өзінің жасына сәйкес келмейтін 3 бағдарлама бойынша білім алып жүр екен. Алдына мақсат қойып, сол мақсаттың жолында табандылық таныта білетін қыз,  өзге 7 бауырлары да қари екенін айтқан кезде олардың анасымен таныссам деген қызығушылығым оянды.

Шарифа Мастура (Sharifa Mastura Al Jifri) есімді орта бойлы, қарапайым, байсалды келіншекті және оның иманды балаларын көргенде жүрегім елжіреді. Өмірімде бірінші рет мұндай отбасымен жолығып отырмын. Сұхбат барысында Шарифа менімен өзінің қиын, маңызды әрі мақтауға тұрарлық ата-аналық тәжірибесімен бөлісті.

 

– Ең алдымен, бала тәрбиесінде сіздің біліміңіз қаншалықты маңызды рөл атқарды?

– Мектеп бітірген соң екі жылдық мектепке дейінгі бала тәрбиесі мұғалімдер курсын оқыдым. Одан кейін британдық ЖОО-да ағылшын тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Кейінірек, мені шабыттандырып, бала тәрбиесімен айналысуда нақты қадамдарға баруыма септігін тигізген Гленн Доманның (Glenn Doman) методикасы бойынша өтетін екі күндік семинарға қатыстым.

Кейін маған осы білім бала тәрбиесінде өте зор көмегін тигізді. Әрине, әуелі Алла жүрегіме иман берді. Аллаға деген махаббат, Жәннәтқа үміт мені алға жетеледі.

Бала тәрбиесіндегі екі ҚАҒИДА

– Бала тәрбиесінде ата-ана ретіндегі мақсатыңызға жету жолында қандай негізгі теориялар мен методикаларды пайдаландыңыз?

─ Негізінен бала тәрбиесінде мына екі принципті ұмытпау керек:

1. Баланы ынталандырыңыз!

Баланы ынталандыруға әлі ерте деген ой болмау керек. Сізді балаңыз құрсақта жатып та естуі мүмкін. Сіз оған ертегі айтып беріп, кітап оқып, печенье пісіріп жатқанда бірлесіп санау сияқты жұмыстарды бірге атқаруыңызға болады.

Баламен кішткентай кезінен бастап әңгімелесіңіз. Оның қойған сұрақтарына жауап беруге ерінбеңіз. Айналадағы оның қызығушылығын оятқан нәрсенің барлығын дұрыстап түсіндіріңіз.

Оны көптеген оқу материалдарымен қамтамасыз етіп, ақыл-ойын дамытыңыз. Өз басым, кітаптар, сызбалар, кубиктер, құрастырғыш ойыншықтары, үйреткіштерді қолданамын.

2. Баламен айналысыңыз!

Мен мектепке дейінгі балаларды оқыту курсын бітіргендіктен кішкентайлармен тез тіл табысамын. Бірақ, уақытты пайдалы өткізу үшін сізде бұл білімнің болуы міндетті емес. Жалпы, қыз баласы білім алған кезде, болашақта мансап қуамын деп емес, "Алладан қорқатын, Жәннәтқа баруыма себеп болатын, артымнан дұға жасайтын, еліне пайда беретін ақылды, иманды ұрпақ тәрбиелеу жолында пайдаланамын" деп мақсат қойғаны абзал.

Сәби шағынан бастап мен оларға сурет салып, сол сурет жайлы айтып беретінмін. Бала сурет салуға тырыссын, басында қарындашпен үйренсе, кейіндеу фламастерлер беруге болады. Кейбіреулер балаға ойыншық толы қорапшаны беріп қойсаң жеткілікті, олар өздері ойнай береді деп ойлайды. Олай емес. Онымен бірге ойнаңыз, құрай алмай жатқан жеріне көмектесіңіз, оның шығармашылық ойлау қабілетін, қиялын дамытыңыз. Баламен отырып бірге бір іспен айналысып отырған сәтіңіз  сіздің онымен байланысыңызды арттырып, араларыңыздағы жақындықты арттырады. Дәл осындай сәттерде балаңыздың сізге беймәлім мінез-құлығын немесе жаңа қабілетін, қызығушылығын, мүмкіндігін көруіңіз мүмкін. Бұл сізге балаңызды болашақта қай бағытқа қарай баулу керектігін, қандай үйірмелер мен жаттығуларға беруге болатынын таңдауда көп көмегін тигізеді.

Егер бала кезінен араларыңызда тығыз байланыс орната алсаңыз, онда есейгенде де балаңыз сізге жақын болады. Кез келген жағдайда сізге арқа сүйеуге болатынын, сізбен ақылдаса алатынын білетін болады. Көптеген жасөспірімдер  ата-анасынан мұндай қолдау таппағандықтан, басына түскен қиындықты ешандай тәжірибесі жоқ досымен бөлісіп, күйзеліске түсіп, шылым мен шөлмекті дос тұтып кетіп жатады.

Сондықтан қазір ойыншық кубиктерін түзеуге көмектесіңіз, сонда ертең "өмір кубиктері" дұрыс тұрмаған кезде бірінші ақыл сұрайтын адамына айналасыз!

Маңызды фактор:

Алайда, білім мен ақыл кейде адамның өзіне қарсы жұмыс істеуі де мүмкін. Балаларымның иманды әрі адамгершілігі мол азамат болуын қалағандықтан мен олардың  діни білімін арттыруға барымды салдым. Оларға Алла және Оның пайғамбарлары жайлы әңгімелеп беруден бастап, Алланың бір екенін, ерте ме кеш пе Оның алдына баратынымызды, есепке тартылатынымызды саналарына сіңірдім. Кейін Құран жаттатып, ислам әдептерін үйреттім.

–Сіздің 12-24 жас аралығындағы 8 балаңыз бар. Олардың әрқайсысы 13-14 жастарында Құранды жатқа білетін болған. Онымен қоса олар араб мектебінде оқып, британдық ағылшын мен сингапур тілдерін меңгерген. Осының бәрі үшін уақыт пен күшті қайдан алдыңыз?

─ Ең бастысы ниет пен ықылас қой. Біз күйеуіміз екеуміз балаларымыздың иманды, діни білімі бар азамат болып қалыптасуын қаладық. Олардың мұсылмандарға пайда бере алатын білімді болғанын қаладық. Бұл үшін оларды Құран, дін үйрететін мектепке беру керек болды.

Құран мен арабшаны олар мектеппен қоса үйде қатар үйреніп жүрді. Нәтижесінде, Құранды қатарластарынан әлдеқайда ерте жаттады. Ал ағылшын мен сингапур бағдарламасын мен үйде үйреттім. Осы жерде айта кететін екі нәрсе:

1. Ең бастысы көп күшті тұңғыш балаға салу керек. Балаларыңыздан көргіңіз келетін қасиеттің бәрін тұңғышыңыздың бойына сіңіру керек. Егер тұңғышыңызға күшті көбірек салатын болсаңыз, кейінгілері соның ізімен жүреді де, сізге жеңіл болады. Неге дейсіз бе? Сіз бірінші балаңызбен жұмыс жасап жатқанда бесікте жатқан не қолыңызға көтеріп отырған кішкентайыңыз ол ақпараттарды қабылдап отырады. Екіншіңізге үйретіп бастайтын уақыт жеткен кезде, ол біраз нәрсені білетін болып шығады. Ең болмағанда, үлкенінің жүріс-тұрыс дағдысын бойына сіңіретін болады.

2. Отбасылық өмірдің басты құндылығын Құран етіңіз. Әкесі теледидардан көз алмай, анасы ipad-тан бас көтермей отыратын үйде баласы өздігінен Құран жаттауға тырысады деп ойламаңыз. Ата-ананың үлгісі болмаса, баланың ешқашан ынтасы оянбайды. Себебі, бала естігенін емес, көргенін істейді.

─ Осының барлығын бір мезгілде орындау қиынға соқпады ма? Қалай үлгердіңіздер?

– Мысалы біздің қарапайым бір күнімізді айтып берейін. Күйеуіміз екеуіміз таң намазынан кейін ұйықтамаймыз деп шешім қабылдағанбыз. Біздің күніміз таң намазынан басталады. Балаларымызды да жас кезінен осыған үйреттік.

Біз тамақтанамыз, жуынамыз, түрлі жаттығулар жасап, оқулықтармен айналысамыз. Бұл балалардың жасына байланысты: бірі жазу жазып отырғанда, екіншісі жуынуға кетеді, үшіншісін еміземін, төртіншісі сурет салады, т.б. Ауысып отырады. 6.30 бен 11.00-ге дейінгі уақытымыз осылай өтеді. Бұл қарбалас бәрі жуынып, тамақтанып болып, жиналғанға дейін жалғасады. Барлығы жиналғанда мен оларға өздерінің таңдауы бойынша кітап оқып беремін. Кітаптар діни, алайда әр түрлі. Сосын әрқайсысы Құран оқып, жазу жазып, арабша үйреніп, жекелеген жұмыстарға көшеді. Соңында, сергіту сәті ретінде қызықты бір дүние жасаймыз. Сурет салу, жабыстыру, құрастыру сияқты ойындармен балаларымды ынталандырып аламын. Содан соң әр қайсысы кезекпен Құран бойынша тапсырмаларын тексерте бастайды. Сабақ өту барысында ескертетін нәрсе, оқу зеріктіретін болмауы тиіс. Оны қызықты етіп өткізу үшін, түсті қағаздар, тапсырмалар, суреттер, т.б. Көрнекілік құралдарын пайдаланған дұрыс.

Кешкісін балаларым тамақтанып болған соң, ұйқыға жатқызар алдында мен оларға өзім жаттап жүрген Құран сүресін оқып ұйықтатамын. Осылай, олармен бірге өзім де Құран жаттауыма мүмкіндігім болды. Құран маған жөн сілтеуші, көмекші кітап болды.  Мен балаларымнан кеш жаттасам да, ең болмаса оларға ерте үйреткеніме қуанамын.

Балаларым бірінен-соң бірі мектепке бара бастағанша біздің күндеріміз осылай өтіп жатты.

"Сен қызылға бітіріп, жақсы жұмысқа тұрып, бізді асырау керексің"

─ Құран үйрету, араб тілін меңгерту барысында өзіңіз қолданған, өзге ата-аналарға қолдануға кеңес беретін қандай кітапты айтар едіңіз?

– Анығын айтсам, жақсы ата-ана болуды үйрететін ерекше кітап оқыдым дей алмаймын. Адам баласына иман беретін де, білім беретін де Алла! Аллаға сансыз шүкір бізге соны нәсіп еткеніне. Алладан дұға тілеңіздер, Алла бәрін Білуші, әрі Естуші. Құраннан артық тура жол сілтер кітап жоқ! Алайда, амал жасау керек. Мен "Оқы" деп аталатын Құран оқуды үйрететін әдістемелікті қолдандым.

Балаларға қатысты нәрсе,  біздің не үшін олардан осынша нәрсе талап ететініміздің себебін білуі керек. Мен балаларыма әрдайым олардың ақылды әрі мұсылмандарға пайдалы болғандарын қалайтынымды, ол үшін Аллаға құлшылық жасау керектігін айтып отыратынмынБалаларды "Сен қызылға бітіріп, жақсы жұмысқа тұрып, бізді асырау керексің" деп өсірмеу керек. Бала материалды дүниенің құлы болмауы тиіс!

 

─ Көптеген ата-аналар бала тәрбиесіндегі ер адамның рөлін білгісі келеді. Күйеуіңіз сізге қаншалықты қолдау білдірді сізге?

– Екеуіміз де балаларымыздың болашағын бірдей ойлаймыз. Мен ешқашан күйеуім менімен бірдей жауапкершілік алмай жүр деп ойлаған емеспін, себебі ол отбасымызды асыраушы. Бізді үй, киім, тамақ секілді қажеттіліктермен қамтамасыз етуші. Алайда, күйеуім мен үлгермей жатқан кезде балаларға қарау жағынан көмектеседі. Және оны мәжбүрлікпен емес, бар ынтасымен атқарады. Балаларды тамақтандыруға, ойнатуға, үй тапсырмасын  қарауға, мектебіне апару сияқты жұмыстарды атқарады.

Екеумізде арнайы жазылған міндеттер болмайды. Кімнің қолы бос, сол балаларға көңіл бөледі. Тіпті күйеуім, еш қиындықсыз балалардың жаялықтарын ауыстыра беретін. Балаларды еңбекке баулу керектігін әрдайым ескеріп, соған өзі бастамашы болып жүретін.

Және жолдасым мен үшін жоғарғы абыройға ие азамат. Балалар мен тыңдамай жатқан кезде оларды әкелеріне жіберемін. Үйде әкенің басшы екенін балаларға сөзбен емес іспен көрсету керек, балалар әкесінен именетіндей болуы қажет. Менің шешіміме келіспей не қанағаттанбайтын жағдайлар болса, мен оларды соңғы сөзді есту үшін әкелеріне жіберемін. Егер күйеуім екеуміздің мақсатымыз бір болмағанда, бір-бірімізге қолдау білдіріп, көмек көрсетпегенде балаларымызға дұрыс тәрбие бере алмаған болар едік.

Бала тәрбиесіне балалы болудан 20 жыл бұрын дайындалыңыз!

─ Әр балаңыздың сүйіп айналысатын ісі бар. Әр қайсысына жеке-жеке бағыт бердіңіз бе?

— Күйеуіміз екеуміз отбасын құрған кезде үйде теледидар болмайды деп келіскенбіз. Теледидар болмаған соң, балалардың әрқашан бір іспен шұғылдануын қамтамасыз етуіміз керек болды. Сондықтан да, сурет салу, пластелиннен мүсіндер құрастыру, моншақтар тоқу, кесте тоқу, тігін тігу, қағаз гүлдер жасау, ер балалар машина жасау, бос бөтелкелерді сәндеу сияқты көптеген еңбекті талап ететін қызықты жұмыстар жасап жүрдік.

Қазір балаларымның әр қайсысы бір-бір саланың маманы. Бірі архитектор, екіншісі суретші, солай жалғаса береді. Әрине, мен мұның барлығын істей алмаймын, алайда, ғаламтордан пайдалы видеолар арқылы үйретуге де болады. Ең басты, баланы еңбекке баули білу. Мейлі ағаш кесетін, темір күйдіретін, футбол ойнайтын, суретке түсіретін болсын, әйтеуір еңбектенуі керек.

– Болашақ ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Бала тәрбиесіне балалы болудан 20 жыл бұрын дайындалыңыз! Себебі, жоғарыда айтқанымдай бала сіздің көшірмеңіз болады. Университет дипломы мен жоғары жалақылы жұмысым болса, жақсы ата-ана боламын деген ойдан аулақ болыңыз. Әрине, білімнің алатын орны ерекше, бірақ өмірде адами құндылықтар мен ислами қағидалар бар екенін естен шығармау керек. Балаңызды қазірден иманды әрі сауатты ата-ана болуға тәрбиелеңіз. Алланың бұйырғанын орындап, тыйғанынан бас тартыңыз!

– Сырлы сұхбатыңызға рахмет!

                                                                                  Аударған: Раяна СӘБИТ

http://www.asylarna.kz/

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз