Әбден қиналған көп келiндер, құрбыларына енесi туралы “Не iстесең де жақпайсың! Кереметтей келiнi болса, онымен де сыйыспайтын шығар!” – деп өкпелерiн айтып жатады. Келесi жағынан, шынында жағдай сондай жаман ба? Шынымен де ененiң жүрегiне жол тауып, оған жақын адамдардың бiрiне айналу қиын ба?
Әрине, кейде шынында да, ене – сөзге келмейтiн, саған қарай құшағын ашып, қадам басуға тырыспайтын қиын жағдайлар болады. Ондай жағдайда, онымен араласпай қалу, күйеуiңмен ажырасу сияқты оңайға соқпайтын шешiмдер қабылданып та жатады. Немесе осы жағдайдың арқасында жүйке ауруына шалдығып, мойынсұнып өмiр сүруге де болады, бiрақ ол ешкiмге ұнай қоймас.
Ең бiрiншi, ұмытпаңыз – ол сiздiң жолдасыңыздың анасы. Сiздiң қорғаным, батырым деп жүрген жарыңыз, өзiнен бойы екi есе ұзын болса да ол үшiн сәби болып қала бермек. Сондықтан, жолдасыңызға қамқорлық жасау, еркелету, сүю жағынан оның құқығы басым екенiн мойындаңыз. Сондай қамқорлық пен алаңдаушылық сезiмдерiн сiздiң жар болу құқығыңызды таптау деп қарастырмаған жөн.
Екiншiден, енеңiздiң жүрегiнiң ешкiм бiлмейтiн бiр қалтарысында әрқашан сiзге деген бiр қызғанышы болары анық. Себебi қарапайым ғана, сiз – жас, әдемi, құлпырып тұрсыз. Ал оның көңiлi жас болғанымен, жылдар ажарын алып болған. Оны түсiнген кейуаналар да бар, әрине. Сонда да. Осы туралы ойланыңыз, сiздiң ашуыңыз сәл де болса аяушылық сезiмiне орын берерiне сенiмдiмiн.
Үшiншiден, кей-кейде онымен ақылдасып тұруды артық санамаңыз. Ол жасарын жасаған, асарын асаған айтары бар адам болуы мүмкiн. Оған себеп табу да оп-оңай: кез келген астың мәзiрiнен бастап, жан жарыңызға сыйлық алуға дейiн сұрай берiңiз. Соңғысында енеңiз де қуанып қалар, бiреу оның баласын қуантуға тырысып жатыр ғой.
Төртiншiден, «жылы жылы сөйлесе, жылан да iнiнен шығар» деген мақал есiңiзде ме. Отбасында тыныштық, жан жарыңыздың, өзiңiздiң бақытыңыз үшiн кей нәрселердi айтпай қалуға, жасамай қалуға болады. Кейде тiптi, ұрысқың-ақ келiп тұратын жөнсiз сөйлейтiн басшыға, жүйкенi жейтiн клиенттерге, бәрiн сұрап мазаны алатын бейтаныс адамдарға да күлiп қарауға тура келедi ғой. Ал енеңiз оның қасында сiзге бiртабан жақын адам емес пе.
Бесiншiден, өз анаңызға қандай келiн болғанын тiлесеңiз, сондай келiн болуға тырысыңыз, сонда бәрi де ойдағыдай болады.