Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!
Болашақ келiннiң қандай қасиеттерiне мән беру керек?
Әрбiр нәрсе жөнiнде жол көрсетушi Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейҺи уә сәллам:
“Некеде әйелдiң төрт қасиетiне мән берiледi: Байлығына, ата-тегiне, сұлулығына және дiндарлығына. Сен дiндар болғанын таңда, ей береке тапқыр”, – деп үмметiне үйлену жөнiнде де ең жақсы насихат қалдырған.
Хазiрет Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейҺи уә сәллам, айтады:
“Жақсы, тәртiптi және көркем бiр ортада өскен қыздарға үйленiңдер. Өйткенi руы, ата-тегi және қаны өте алдаушы”.
Хикая
Өткен замандарда бiр әмiршiнiң ұлы үйленгiсi келiптi. Сөйтiп ол ұстазынан қандай қызға үйлену керектiгiн сұрайды.
– Келiн болам деген қыздарды сына. Дiндар және бойұсынатынын әйелдiкке таңда, – дептi ұстазы оған.
Әмiршiнiң ұлы әйелдiкке таңдаған қыздарды былай сынайды. Оларды теңiз жағасына алып келiп, барлығының қолына бiр-бiр алтын теңге ұстатады. Сосын оларға алтын теңгелердi теңiзге лақтыруды бұйырады. Олардың бiрi еш ойланбастан алтын теңгенi теңiзге лақтырып жiбередi де, қалғандары ойланып, дүдәмал күй кешiп барып лақтырады, ал кейбiреулерi әмiршi ұлының бұйрығына бойұсынбайды. Сонда жiгiт бұйрыққа ойланбай бойұсынған қызға үйленудi ұйғарыпты.
Сұрастыр
Ұлым! Отау құруды ойлаған жастар бiр-бiрiн тануы, бiлуi керек. Үй сатып аларда көршiлерге де мән бересiң ғой. Егер көршiлер жаман болса, қаншалық арзан және ыңғайлы болса да, ол үйдi сатып алғың келмейдi. Өйткенi жаман көршiмен бiрге тұру – азап. Сол сияқты, дос, жолдас болатын адамды да сынап-бiлуiң, үйренуiң ләзiм. Кез келген адаммен жолдас болмайсың.
Үйлену де сол сияқты. Кiсi үйленер алдында жетi өлшеп бiр кессе, дұрысы – сол. Бiрақ ең әуелi Аллаһтан сұрау керек. “О, Раббым! Мен қанша iздесем де, сынасам да, өзiм үшiн кiмнiң қайырлы болатынын бiле алмаймын. Маған қайырлы болатынын нәсiп ет”, – деп дұға ету керек. Дұғалар қабыл болатын уақыттарды хабарсыздықта бекер жiберiп қоймау керек. Қысқасы, Аллаһтың аты және жәрдемiмен әрекет ету жөн.
Мына сөздерiмдi есiңде тұт:
1) “аҺ-уҺ” – деп барлық нәрсеге наразы бола беретiн;
2) Істеген iсiн мiндет ететiн;
3) Бөтен еркектерге көз қырымен болса да, нәпсi қоздырып қарайтын;
4) Көшеде сәнденiп, үйде парасатсыздықпен киiнетiн;
5) Саған бойұсынбайтын, тәкаппар, дөрекi қыздарды жұбайлыққа таңдама…
Өзiңнен бойы ұзынды да, өте бойы кiшкентайды да таңдамағаның мақұл. Пайғамбарымыз:
“Кiшiпейiл, ақ көңiл адам жаҺаннамға түспейдi. Үйленетiн қыз жөнiнде әдiл адамдардан сұрастырыңдар. Қыз бен оның от басына терiс пиғылдағы кiсiлерден, арам ниет адамдардан сұрамаңдар”, – деп кеңес берген.
Теңiңдi тап
Қымбатты перзентiм! Аллаһ Та`ала бұйырған некеде өзара теңдiкке де мән берiледi. Теңдiк жағына көңiл бөлiнсе неке өте көркем болады. Еркек кiсi ата-текте, дiндарлықта, байлықта, бiлiмде әйелмен тең не одан үстем болуы керек. Мысалы, бай бiр әйелдiң кедей еркекпен, тәртiпсiз жанұядан шыққан қыздың тәрбиелi үй жiгiтiмен, дiндар еркектiң дiнсiз әйелмен тұрмыс құруы өмiрдiң берекесiз, тынышсыз өтуiне, кей кездерде бұзылуына себеп болады.
Сол үшiн үйленбес бұрын бұл жағын естен шығармау керек. Бiрақ қалалықтың ауылдықпен, жасы үлкеннiң жасы кiшiмен, көрiктiнiң көрiксiзбен тұрмыс құруына ешқандай бөгет жоқ.
Харамнан сақтан
Сүйiктi ұлым! Дүние және Ақыретте рақат табамын деген адам Аллаһтың әмiрiне бойұсынып, Оның тыйым салған нәрселерiнен аулақ болуы керек. Аллаһ Та`аланың Кiтабы мен хазiрет Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейҺи уә сәллам, хадистерiнде адамға не пайда, не зиян екенi анық баян етiлген. Бұларға толық амал етiлсе ғана пайда көруi мүмкiн. Пайғамбарымыздың бұл хадистерiн қайта-қайта оқуыңды өсиет етемiн:
Бөтен әйелдiң жүзiне қарау шайтанның оқтарының бiрi. Кiмде-кiм көзiн харамнан сақтаса, Аллаһ Та`ала оған ғибадат ләззатын таттырады.
Бөтен әйелге қарағаныңда қатты тiгiлме.
Ей үмметiм! Көзiңдi харамнан сақта. Харам нәрсе жүрекке шаҺуат алып кiредi.
Бiр мәрте iстелген зина (ойнастық), жетпiс жылдық амалды (игi iстердi) бұзады.
Және де зина жасау мұсылманның дiнiн, ақылын, өмiрiн, ырыздығын қысқартады. Аллаһтың азабына душар етедi, бетiнен нұрын кетiредi, жақсылықты ұмыттырады, басқалардың жиiркенуiне душар етедi. Ойнастық қылған кiсiнiң дұғасы, тiлегi және ғибадаты қабыл етiлмейдi. Ақыретте ауыр азапта қалады.
Дұрыс емес неке
Қымбатты ұлым! Бiз, әлхамдулиллаҺ, мұсылманбыз. Тұрмысымыздың әр бағытында Исламның үкiмдерiне мойынсұнып, тыйым салған нәрселерден тыйылуымыз керек. Әйтпесе, мұсылмандығымыз қайда қалады. Бұл дүниенiң үстi болғаны сияқты, асты да бар. Қияметте барлық iстерiмiз есеп-қысап етiледi. Бұны ешқашан естен шығарма. Әрбiр iсте Аллаһ сызығынан шетке шықпа. Неке жөнiнде де солай. Исламда махрамдармен (ең жақын туыстармен) үйленуге тыйым салынған. Бұларды өзiң де бiлсең керек. Кiсiнiң анасы, әжесi, қызы, қарындасы, әпкесi, апасы, туыстарының қыздары, жиендерi, ұлының әйелi, яғни, келiнi, қайын енесi, емшектесi, емiзген сүт анасы, емшектесiнiң қызы сияқтылар махрам есептелiп, олармен үйлену үзiлдi-кесiлдi харам. Олардан басқаларымен үйлену халал болады..
Неке
Ұлым! Ешқашан өзiңе халал болмаған әйелмен бiр жайда жалғыз қалма. Бұл жағдай (Құдай сақтасын) Аллаһқа күпiрлiк келтiруден кейiнгi ең үлкен күнәға жол ашады. Ешбiр себеп бұл күнәнi жеңiлдетпейдi. Шайтан – жалғыз қалған еркек пен әйелдiң үшiншiсi, харамға жетектеушiсi.
Бiрге болуға тек шарғи неке ғана жол ашады. Аллаһтың ережесi – осы.
Құда түсiп қойылған болса да некелесуден бұрын оңаша қалуың харам. Бұл нәрсе өте маңызды. Жанұядай қасиеттi үйдiң табалдырығына харам араласып қалуы мүмкiн. Өйткенi жастық қызығушылығы тасығанда, нәпсiнi тежеу қиынға соғуы мүмкiн.
Ресми мәселе
Есте тұт, ұлым! Неке мекемелерiнде үйлену рәсiмдерiн орындау – ресми мәселе. Қай елде өмiр сүрiп жатсаң сол елдiң заңдарына үйлесiмдi түрде амал етуiң керек,әйтпесе қарсылыққа тап болуың мүмкiн. Бiрақ, бұл неке шарғи неке орнына өтпейдi. Адам, әлбетте, дiни неке қидыруы керек. Шарғи некеден кейiн дереу той iстеледi. Некенi қидырып қойып, той кейiнге қалдырылмайды. Өйткенi кейбiр жiгiт-қыздар “Бiз бәрiбiр үйленемiз ғой”, – деп неке қидырып қойып, жастыққа тән құмарлықпен ләззаттанып жүре бередi, кейiн орталарында бiр келiспеушiлiк шығады да ажырасып кетедi. Қыз жақ не iстерiн бiлмей аң-таң, жiгiт жақ та тынышсыз. Қыз жартылай тұл, жiгiт жартылай бойдақ. Мұндай кездерде, әсiресе, қыз үшiн жаңадан тұрмыс құру ауыр болады. Өйткенi ол не жесiр емес, не абыройы бар қыз емес.
Бiз жоғарыда айтып өткен оңашада жалғыз қалу жартылай тұрмыс құрумен тең. Қыздармен бiр жайда жалғыз қалу саған қаншалық сүйкiмдi және сүйiктi көрiнгенiмен, мұндай жағдайдан сақтанғаның абзал. Тiптi қыз яки қыз жағы сенi бұған үгiттесе де. Олар да бұл iстiң қате екендiгiн түсiнбеуi мүмкiн. Бiр келiн неке қиылған соң, күйеуiнiкiне кетiп бара жатып: “Ей, нәсiп”, деген екен. Барлық iстер (неке, той рәсiмдерi) атқарылып болғаннан кейiн де әлi шымылдыққа кiрмейiнше, яғни“неке түн” iске асырылмайынша, бiздiң дәстүрiмiзге қарай қалыңдығың сенiң әйелiң есептелмейдi. Кейбiреулердiң: “Қазiрше некелесiп қоялық” деулерi көп жағынан қауiптi. Егер бiр қызға сөз айтпақшы болса, әуелi сұрастырылады және құда түсушi жiберiледi. Әйелдiкке алынуы белгiсiз болып қалған қызды, бiреу сұрастырмайды да, құда түсушi жiбермейдi де.
Ұлым, ойлан, бiр жiгiт үйленемiн деп қарындасыңмен жүрсе, оңашада қалса, (Аллаһ көрсетпесiн) кейiн: “Бiз бiр-бiрiмiзбен келiсе алмадық, үйленбеймiз”, – деп тастап кетсе хәлiмiз не болмақ? Өзiң үшiн жаман көрген нәрсенi басқаларға да лайық көрме!
Некенi кiмнiң қиғаны жақсы?
Ей, ұлым! Некенi осы iстi iстеп жүрген және түсiнген адамға қидыр. Әйелiңе беретiн мәҺрдiң мөлшерiн анық шешiп ал. Нақты яки кейiнiрек беретiн мәҺр мөлшерiн қағазға жаздыр. Неке екi еркек кiсi яки бiр еркек және екi әйел куәлiгiнде қиылатынын бiлсең керек. МәҺр – әйел кiсiнiң ақысы және оның мүлкi. йелiңнiң мәҺрiне оның разылығынсыз тиме. Неке уақытында дәреттi бол. Некеден алдын тәуба және истиғфар ет. Осы уақытта тәуба етсең, күнәларың төгiледi. Ешқашан ажыраспау ниетiмен некеге отыр.
Әйелiңмен жақсы өмiр кеш
Ұлым! Жұбайың саған аманат. Бұл аманатты жақсы сақта. Онымен жақсы өмiр кеш. Хазiрет Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейҺи уә сәллам:
“Әйелдер хақына жауыздық iстеуден сақтаныңыз. Олар сiзге әрбiр нәрседе жәрдемшi. Оларды Аллаһтың әмiрiмен алғансыз. Аллаһ оларды сiзге халал еткен”, – деген.
Тағы да Пайғамбарымыз:
“Кiмде-кiм әйелiнiң жаман пейiлiне сабыр етсе, Аллаһ ол адамға Айюбқа, алейҺиссәлам, берген сауапты бередi. Сол сияқты, ерiнiң жаман пейiлiне сабыр еткен әйелге де Перғауынның әйелi Әсияға берiлген сауап берiледi”, – деп айтқан.
Үйге күлiмсiреп кiр
Ей, ұлым! Таңертең үйден шыққаныңда және кешке үйге кiргенiңде жүзiң жарқын болсын. Хазiрет Айша анамыз: “РасулуллаҺ, салла Аллаһу алейҺи уә сәллам, көшеден үйге күлiмсiреп кiретiн едi”, – деп нақыл еткен.
Сен де Хазiретiмiз сияқты бол. Қаншалық қапа болсаң да, есiктен күлiмсiреп кiруге әрекет ет. Үстi-басыңның шаңын қағып кiргенiң сияқты, көңiлiңнiң шаңын табалдырықта тазалап ал. Көшенiң шаңы көшеде қалсын, оны үйiңе алып кiрме, бiреуге бiлдiрме. Хаким Лұқман: “Ақылды адам отбасында пәк бала сияқты, тысқарыда байсалды болады”, – деп айтқан екен.
Үйде…
Ей, ұлым! Әйелiңе мүләйiм бол. Дiн шекарасында оған көркем мәмiледе бол. Дiннiң әмiр-қағидаларынан еш шегiнбе. Оған да бұл нәрселердi жақсылап түсiндiр. Тек, ол сенiң әр қандай жағдайда дiнiңде мықты тұруыңды бiлсiн.
Егер үйiңде шариат ережелерiне толық амал етсең рақат табасың.
Хазiрет Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейҺи уә сәллам, мына хадисi тұрмыс құрғандар үшiн ғажайып бiр хабар:
“Кiмде-кiм әйелiнiң жүзiне күлiмсiреп қараса, оған он сауап жазылады. Сүйсе, жиырма сауап. Құшақтаса, отыз сауап. Қосылса үш жүз сауап жазылады. Бiрге болғаннан соң ғұсыл құйынғандарында, судың әр тамшысы үшiн бiр перiште жаратылады. Бұл перiштелер ерлi-зайыптылар үшiн Қияметке дейiн истиғфар айтады”.
Мiне, үйленудiң көркемдiгi, ұлым… Мұны түсiнiп ал.