https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Бала тәрбиесі

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1984 рет

Сұрақ: Баланы қалай тәрбиелеу керек?

Жауап: Бала – ата-ананың қолындағы аманат. Олардың  жүректері пәк, таза, гауһардай құнды. Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Кез-келген пішінге салуға болады. Құнарлы топыраққа ұқсайды. Құнарлы топыраққа не ексең, соның жемісін аласың. Сондықтан бала неге бейімделетін болса, сол бойынша бағыт алады, сол бойынша өседі. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Балаларға иман, Құран кәрім және Аллаһу та’аланың әмірлерін үйретіп сонымен жүруге дағдыландырса, дін және дүние бақытына қауышады.  Бұл бақытқа, сауапқа ата-анасы, ұстазы да ортақ болады. Егер балаға бұларды үйретпесе және бұларды әдетке айналдырмаса ол бала бақытсыз болады. Әрбір жасаған жамандықтарының күнәсі ата-анасына, ұстазына да жазылады.

Мұсылман – қол астындағылардан жауапкер болады. Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Барлығың бір үйірдің бағушысы секілдісіңдер. Бағушы үйірін қорғағаны секілді сендер де үйлеріңдегі және қол астыларыңдағы адамдарды жаһаннамнан қорғауға тиіссіңдер! Оларға мұсылмандықты үйретпесеңдер олар үшін жауапты боласыңдар!» (Мүслим)

«Балаларына Құран кәрім үйреткендерге немесе Құран кәрім ұстазына бергендерге үйретілген Құран кәрімнің әр бір әрібі үшін қасиетті Қағбаны 10 рет зиярат еткеннің сауабы беріледі және қиямет күні басына дәулет тәжі киіледі. Бүкіл адамдар оны көріп қызығады.» (С. Әбәдийа)

«Көп Мұсылман балалар әкесінің кесірінен Уәйл атты жаһаннамға түседі. Өйткені бұлардың әкелері тек ақша табу және көңіл көтеру құмарлығына түсіп, тек дүние істерін қуалап, балаларына мұсылмандықты және Құран кәрімді үйретпеді. Мен мұндай әкелерден ұзақпын. Олар да менен ұзақ. Балаларына дінін үйретпегендер жаһаннамға түседі.» (С. Әбәдийа)

Өзінің істеуі харам болған нәрсені баласына жасатқан адам, күнә істеген болады. Балаларына арақ ішкізген, құмар ойнатқан, ұятсыз басылымдарды оқуына себеп болған, өтірік, ұрлық секілді жаман мінездерге баулытқан, қыблаға қарсы аяқ созып отыруына себеп болған адам күнә жасаған болады. Дініміздің негізі – иманды, парыздар мен харамдарды үйрену және үйрету. Аллаһу та’ала пайғамбарларды сол үшін жіберген. Жастарға бұлар үйретілмесе Ислам құлдырайды, жоқ болады. Аллаһу та’ала мұсылмандарға әмри маруф жасауды әмір еткен. Яғни Менің әмірлерімді үйретіңдер деген. Және нахйи мункар жасауды да бұйырып, тыйым салған нәрселерінің (харамдардың) жасалуына разылық етпеуімізді қалаған.Құран кәрімде “Тахрим” сүресінің 6-аятында: «Ей мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!» деп бұйырылған.

Құран кәрімде өзімізді және жанұямызды отыны адамдар мен тастардан құралған тозақ отынан сақтауымыз әмір етілген. Елу-жүз жылдық қысқа ғана өмірімізде бала-шағамызды дүниелік пәлекеттерден қорғау үшін қалай тырмысып жатқан болсақ, мәңгілік пәлекетке душар етпеу үшін де ахиретін дәл солай қорғауымыз керек. Әкенің баласын тозақ отынан сақтауы – дүниелік оттан сақтаудан да маңызды. Тозақ отынан қорғау – иман, фарз, харамдарды үйрету арқылы, ғибадат жасауға дағдыландыру және жаман достардан, зиянды баспалардан қорғау арқылы жүзеге асады.

Бүкіл жамандықтардың басы – жаман дос. Жаман дос – баланың дөрекі, өтірікші, ұрлықшы және әдепсіз болуына себепші болады. Мұндай жаман мінездерге ұрынғандар ұзақ жылдар бойы бұл жаман мінезінен арыла алмайды.

Баладан жақсы қасиеттер, жақсы әрекеттер көрген кезде, оны мақтау керек, марапаттау керек. Кейде адамдардың арасында мақтау керек.  “Менің ұлым сөйтті” деген секілді сөздермен жақсылыққа ынталандыру керек. Өрескел іс-әрекеттер істесе немесе бір жаман сөз сөйлесе, бірнеше рет көрмегендей сыңай таныту керек. “Олай істеме!” демеу керек, жазғырмау керек. Жиі жиі жазғырылатын бала батылданып жасырын істеп жүргендерін де ашықша істей бастайды. Істеген жаман істерінің зиянын өзіне жұмсақ тілмен түсіндіру керек, ескерту керек! Істелген іс дінге қайшы болса, ол істің зиянын, жамандығын және нәтижесін түсіндіріп, ондай жаман іске тосқауыл болу керек.

Әке — өзінің әке екендігін, үстемдігін білдіруі керек. Анасы баласын әкесімен қорқытуы керек!

Бала жалықпауы үшін күнде бір мезгіл ойнауына рұқсат беру керек. Жалығудан және ренжуден жаман мінездер пайда болады және адамның көңілі жүдейді. Баланың ешкімнен ақша сұрауына рұқсат бермеу керек. Көп сөйлемеуді, үлкендерге құрмет көрсетуді үйрету керек. Жақсы адамдардың жақсылықтарын айтып солардай болуға тырысуы керектігін және жаман адамдардың жамандықтарын айтып, ондай болмау керектігін үйрету керек.

Баланың әр қалаған нәрсесін алып беру және сәнді, салтанатты өмір сүруін қамтамасыз ету дұрыс емес. Өйткені бала өскенде де әр қалағанына қол жеткізе алатынын ойлап, оған ұмтыла беретін болады, ал бұл жүзеге аспай қалған кезде өмірге ренжіп, қиялдары қирап ешкімді тыңдамайтын құлақсыз қырсыққа айналады. Өзіміз халал тамақ жегеніміздей балаларымызға да халал тамақ беруіміз керек. Хараммен қоректенген баланың денесі нәжіспен иленген қамырдай болады. Мұндай балалар жамандыққа, опасыздыққа үйір болады.

Балаға ысырап етпеуді, қанағатшыл болуды үйрету керек. Кейде құр нанмен де күнелтуді әдеттендіру керек. Жаман жерлерге баруына жол бермеу керек. Бала жаман адамдардың қасында жүрсе, әдепсіздікпен ұятсыздықты, өтірік айтуды үйренеді.

Әке үнемі қатал болмауы керек, көп еркелете де бермеуі керек. Сөйлегенде айбаттылығын сақтауы керек. Балаға әкесінің байлығымен, лауазымымен мақтанбауын ескерту керек. Қарапайым және сыпайы болуды үйрету керек. Өзгеден бір нәрсе алудың масқаралық екенін, берген қолдың алған қолдан үстем болатындығын түсіндіру керек! Сараңдықтың жаман мінез екендігін үйрету керек!

Басқа адамдардың қасында әдептілік сақтауды, аяғын айқастырып отырмауды, дөрекі болған іс-әрекеттерден аулақ болу керектігін айту керек.

Баланы көп сөйлеуден қайтару керек. Көп сөздің ұятсыздыққа жол ашатынын, мылжыңдықтың жаман қасиет екендігін айту керек. Бала ертелі кеш сөйлеуді бәрібір үйренеді. Мақсат – оған қажет кезінде үндемеуді және үлкендердің сөзіне құлақ асуды үйрету.

Дұрыс болса да көп ант ете беруіне рұқсат етпеу керек. Барға да, жоққа да ант ете беру жаман әдет. Үлкендерге құрмет көрсетудің, оларға орын берудің және барлық адамдармен жақсы қарым-қатынаста болудың маңыздылығын түсіндіру керек.

Баланы кішкентай кезінен бастап намазға дағдыландыру керек. Өскен кезде намаз оқуы қиын болуы мүмкін. Өзгенің мал-мүлкін тартып алуды, өтірік айтуды, харам нәрсе жеуді көз алдына жаман, жиіркенішті қылып түсіндіру керек. Осындай тәрбиемен өсіріп, балиғат жасына толғанда бұл әдептердің ерекшеліктерін, маңыздылықтарын үйрету керек.

Әрбір істі әдет ретінде емес, игі ниетпен, ояу көңілмен, ықыласпен жасау керектігін түсіндіру керек. Мәселен ішіп-жеуден мақсат – құлдың Раббысына ғибадат ету үшін, адамдарға, отанына, еліне пайдалы қызметтер атқаруы үшін, адамдардың бақыты үшін еңбектену екендігін түсіндіру керек. Дүниеден мақсат – ахирет үшін азық жинау екендігі, дүниенің ешкімге қалмайтынын, өлімнің кенеттен, күтпеген жерден келетіні айтылу керек. «Дүниеде ахиреттік азығын жинап, жаннатқа және Аллаһу та’алаға қауышқан адам не деген бақытты адам» деу керек. Кішкентайынан осылай тәрбие көрген баланың мінез-хұлқы тастың үстіне қашалған жазудай болып сақталады және оңайлықпен өшпейді.

Пайғамбарымыз былай деген: «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді.» (Табарани)

Хадис шәрифте мұсылмандықтың адам санасында орнығып қалыптасуында немесе жойылуында балалық, жастық шақтағы атқарылатын істердің маңыздылығы білдірілуде. Олай болса әрбір мұсылманның бірінші міндеті – баласына ислам дінін және Құран кәрімді үйрету. Бала деген ниғметтің қадірі білінбесе, қолдан кетеді. Сондықтан да “педагогика”, яғни бала тәрбиесі өте құнды ілім болып табылады.

Ислам дініне қарсы болғандар осы маңызды жайтты жақсы түсінгендіктен «Біздің басты мақсатымыз жастарды қолға түсіру. Мұсылман балаларды дінсіз қылып жетілдіруіміз керек» дейді. Ислам дінін жою үшін және Аллаһу та’аланың әмірлерінің үйретілмеуі және орындалмауы үшін «Балаларға діни тәлім беру, оларға белгілі бір дінді үйрету дұрыс емес. Бала өскеннен кейін өзі зерттеп қай сенімді ұнатса соны таңдасын» деп айтып жатады.

Миссионерлер мұндай пікір таратқанымен өз балаларын туылғаннан бастап шіркеуге апарып діни рәсімдерге қатыстырады. Бүгін барлық христиан мемлекеттерінде дүниеге бір бала келгенде оған дереу өз діндеріне сай шоқындыру рәсімі жүргізілуде. Барлық жастағы адамдарға христиандықты үгіттеу істері белсенді түрде атқарылуда. Мұсылмандардың да имандарын ұрлау үшін, діндерін жою үшін, оларды христианға айналдыру үшін ислам мемлекеттеріне блок-блок кітап, брошюра және үнтаспалар жіберілуде.

Олай болса мұсылмандар дін азғындарының айлаларына, өтіріктеріне алданбауы керек. Балаларымызға ие болуымыз керек. Оларға ие болуымыз, дініміздің әмірлеріне сәйкес жетілдіруіміз деген сөз. Мінез-құлықты өзгерту мүмкін болғаны үшін пайғамбарымыз «Мінездеріңді жақсартыңдар!» деп бұйырған. Онсыз да дін – көркем мінез дегенді білдіреді. Сондықтан діннің әміріне мойынсұнып, тыйым салғандарынан сақтанған адам мінезін өзгертіп жақсы мінезге ие болады. Жақсы мінезді адам екі дүниеде де бақытты болады.

Ең жабайы жануар да тәрбиемен қолға үйретіледі. Еш уақытта алма дәнінен жүзім өсіп шықпайды. Бірақ алманың көшетін өсіріп, қажетті будандастыру және басқа да күтім жолдарын қамданып жоғары сапалы алма беретін ағаш етіп жетілдіруге болады. Сол секілді адам табиғатында да болатын кейбір қалаулары жойылмайды, бірақ оларды тәрбиелеуге болады.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз