“Аллаһ мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,
Мү’мин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ…” Абай.
Тарихқа бір сәт үңілсек бабаларымыздың басынан не өткергендігін, сонымен қатар сондай бір ала-сапыран қиыншылық кезеңдердің өзінде қашанда дінін, ділін, тілімен әдет-ғұрыпын, мәдениетін, ердің ерлігін, қыздың қылығын, ар-ұятын сақтап, олардың тәлім-тәрбиесіне аса мән беріп, күн кешкендігіне куә боламыз, алайда ата-бабаларымыздың мұндай асыл құндылықтарды қалай сақтап қалғандығына көз жүгіртер болсақ, онда олардың Исламның бұлағынан сусындап, шариғаттың шуағынан нәр алғандығын көресіз. Ал бүгінімізге қарасақ солар сақтаған салттың, бағынған баптың, шырмаудан шығар жолы болған шариғаттың тек аты ғана қалғандай. Тіпті арамызда сол салт пен бапты, шам-шырақтай шариғатты ұстанудың өзін ар санайтындарда жоқ емес.
Құдіреті күшті Аллаһ тағала адамды жаратқанда, оны ақылмен ардақтап жер бетіндегінің барлығын оның пайдасы үшін жаратып, сол жаратылыстың баршасына басшы етіп сізбен-бізді жіберген еді. Алайда уақыт өте келе сондай құрметке ие болған адам баласының кейбірі берілген ақылдың қадіріне жете алмай, жан қалауының құлына айналып, адам атты атына кір келтіретін, жан түршігерлік хайуани әрекеттерге барып, сан түрлі арсыздықтар мен надандықтарға жол беруде. Көптеген адамдар осындай арсыздықтан шығар жолды іздеп неше түрлі теріс жолдарға ұрынып жатқандығын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатыр. Дегенмен тірелген тығырықтан шығарар жол қайсы деп бір сәт ойланып көрдік па?
Соның ішіндегі тілге тиек етеріміз, осындай әрекеттердің кең етек алуына үлесін қосып жатқан тәрбие мәселесі болмақ. Ал қазір осы тәрбие деген қасиеттің қадірі неге кетіп барады. Неге жас-өспірімдердің, әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, әйтседе, көпшілігінің бойынан кемшіліктерді көбірек көріп жүрміз. Осындайда «ұяда не көрсе ұшқанда, соны іледі» деген бабалар тағылымы ойға оралады. Ал біздің ұямыздағы тәрбиеміз неден, немесе кімнен нәр алып тұр екен? Аллаһтың адам баласына ақ пен қараны, жақсылық пен жаманды айыру үшін түсірген Құраннан ба?, әлде ақылымыздан адастырған, сенімімізге сегіз қайнаса сорпасы қосылмайтын, Батыстың батпанынан ба? Тіпті бұл туралы ой жүгіртпейтін дәрежеге түскендерімізде баршылық. Соған қарамастан кей-кездері кәзіргінің жастары тәрбие дегеннен жұрдай деп сөгіп жататынымызда жасырын емес. Ал қазір көптеген ата-аналар жұмысбасты болғандықтан, бала тәрбиесін мектепке тапсырды. Басқа амалы қайсы. Күнкөрісте қажет. Таң белгі берісімен кеткеннен қас қарая үйіне оралады. Шаршап-шалдығып келген адамның тәлім-тәрбиемен айналысуына уақыты да, құлқы да бола бермейтіндігі ақиқат. «Әй дейтін әже-қой дейтін қожа» болмағандықтан бала ойына не келсе, соны істейді. Күні бойғы бар тәлім-тәрбиешісі теледидар, одан қалса, екі құлақты тарс жауып тастайтын шетелдің мән-мағынасы жоқ, ми шайқап, жүйке тоздырудан басқа пайда бермейтін түкке тұрғысыз әуендері. Одан қалса, санасын санға бөлер компьютер мен автоматты ойындар… Бүгінгі көп баланың бар ермегі осы. Өстіп жүрген ата-ананың баласы ертең тәрбиесіз бір бұзақы болса кімнен көреді?, әрине мектеп мұғалімдерінен, ал олар болса «осы ма ата-анаңның берген тәлімі?»-деп олардан көреді, әрине осыдан кейін екі ортада қалған бала көше тәрбиесін көріп өспей не қылсын. Ал бұл арада ол көшеде кімнің тәрбиесінде өсетіндігі тағы белгісіз. Бұрынғы өткен ата-аналарымыз қай кезеңде болсын ұл мен қыздың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бөлекше қараған. «Қызың өссе ұлы жақсымен, ұлың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», деген де біздің бабаларымыз еді.
Ертеңін ойлаған ел азбайды – дейді халық даналығы, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана, ал ұрпақтың жалғасуы асыл анадан бастау алады. Ұрпақсыз өмірде мән болмайды, өмір жалғаспайды. Өріс кеңімейді. Бұл дегеніңіз көгермей жатып көктей солу дегенді білдіреді. Мінеки осыншалықты қадір қасиетке, баға жетпес құндылыққа ие болған мейірімді де жайдарлы, абзал да асыл жанды аналар, отағасының сүйеуі, отбасының тіреуі болған келіншектер, тал шыбықтай бұралған аяулы да ибалы қыздарымыздан өзге әйел затының кейбіреулері, өз абыройларын өзі төгіп, құндылығының қадірін білмей, Құранның сөзін құлаққа ілмей, алдамшы нәпсіні Тәңір тұтып, оның әмірінен шыға алмай шырмауда жүрген жандарда көп кездеседі. Расында Жаратушы Жаббар иеміз қасиетті Құранда: «Нәпсі әрдайым жамандыққа итермелейді» - деген. Ендеше бұдан адамзатты жамандыққа бастататын да, аппақ ар – намысын шалшық суға тастататын да, әдепсіздікке үйретіп, азғындататын да нәпсі екендігін түсінеміз. Бұл көріксіз көріністер барша парасатты адамдардың жүйкесін тоздырып, жүректеріне сызат түсіретіні ақиқат. Қазақта «қызды қырық үйден, ұлды отыз үйден тыю»-деген қалыптасқан ұғым бар еді, мұның мағанасы ол қызды немесе ұлды танитын адамдардың барлығы дерлік, олардың қандайда бір қателіктерін көрсе одан тыюға хақылы дегенді білдіретін. Алайда бүгінгі күні біреудің-біреуге ақыл айтып жаман жолдан тоқтатуға шамасы да хақысы да болмай қалды, себебі санамызда біздер демократиялық мемілекетпіз деген ұғым қалыптасқан, бар сылтауымыз бен алға тартарымыз да осы.
Біздің айтарымыз кез келген әйел өзінің ана екенін, тек отбасынының ғана емес, отанның, елдің де анасы екенін ұмытпауы тиіс. Өйткені, адамның ең алғашқы ұстазы, әсерлі мұғалімі-асыл анасы емес пе!? Ұрпағының басына адамдық қасиет жинаған, баласының болашағын ойлаған, ұлын ұлағатты, қызын парасатты қылып тәрбиелеп, өз қадір қасиетін толық сақтай білген асыл жанды ардақты аналарымыз бен болашақ ана болатын бүгінгі аруларымызға, Аллаһ тағаланың амандығы болғай! Ал, өз құндылығының қадіріне жетпей, жаман жолға салынып, күнәлі іске белшесінен малынып, «Ана» деген ардақты есімге кір келтіріп, көргенсіз қылықтарын құлағына сырғадай тағып. Өмірден өз орындарын таба алмай жүрген бейшара бойжеткендер мен бейбақ аналарым үшін, Аллаһ тағаладан жүректеріне Исламның нұрын, иманның дәмін беруін жалбарынып сұраймын!
Дегенмен мұндай шимақталған шырмаулардан шығар жолды тек қасиетті Құраннан және де Пайғамбардың сүннетінен үйренеміз. Сол секілді тәрбиеміздің түп-төркінін де Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) салихалы сүннетінен алуымыз қажет.
Бүкіл жер бетіндегі адам балысы азғындыққа түсіп, бей-берекеттік белең алған сәтте Аллаһ тағала жер бетіне пайғамбарлар жіберіп отырған, сол пайғамбарлардың соңғысы әрі серісі біздің Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) Араб түбегіне елші әрі тура жолды нұсқаушы етіп жіберілді. Бұл турасында Аллаһ тағала қасиетті Құранда: «Ол сондай Аллаһ, сауатсыздардың ішіне өздерінен; оларға Аллаһтың аяттарын оқып, оларды тазартатын сондай-ақ оларға; Кітап, даналық үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді»(Жұма сүресі, 2-аят) – деп баян етеді.
Ол кездері адамзат надандықтың шырқау шегіне жетіп, адамдықтың нышандары жоқ боп кетудің сәл-ақ алдында тұр еді. Алайда Аллаһ Елшісі (с.а.с) не-бары жиырма үш жыл ішінде осындай қараңғылықтың қақпанында, ешкімге елеусіз, жалаң-аяқ құмдалада қой соңында жүрген халықты бүкіл әлемге үлгі етіп алға шығарды. Тайпа-тайпаға жіктеліп, бір-бірімен қырық пышақ болып қырқысып, бітпейтін қан дауынан көз ашпайтын бұл қоғамда аз ғана жылдың ішінде нағыз бауырлық пен ағайындықтың бейбіт туы желбіреді. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Исламның асыл құндылықтарын адамдардың бойына сіңіру үшін басқаларға өнеге көрсете отырып, бар күш-жігерін сарып етті, әрбір кісіге ерекше мән беріп, оның ұстазына айналды, сонымен қатар тек отбасы мүшелерін, қоғамды, мұсылман үмметін тәрбиелумен ғана шектелген жоқ, керісінше, ол бүкіл адамзат баласын жақсылыққа үндеп, ешкімді де бөліп-жармай бәріне де тәлім-тәрбие берді. Расулуллаһ (с.а.с.) өз іс-әрекетімен және көркем мінезімен көпшілікті тәнті етіп, соның нәтижесінде тұла бойлары асыл қасиеттерге толы сахабалар үмметі пайда болды. Сол саңылақ сахабалар Пайғамбарымыздың (с.а.с) тәлім-тірбиесін басқада қанша-қанша елдермен жерлерге жеткізе отырып адамзаттың қараңғылықтан жарыққа шығуына септігін тигізді. Солардың ішінде біздің де жерімізге келген сахабалар болғандығын тарих баян етеді. Біздің ата-бабамыздың діндегі бекемдігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі ұлағатты істерінің қайнар көзі осындай асыл текті жандардан негіз алған. Біздің де әр бір тәрбиедегі әрекетіміз Исламның шариғатынан яғни Пайғамбарымыздың (с.а.с) салып кеткен сара жолы мен асыл құндылықтарынан алынуы керек. Сонда ғана біздердің бүгінгі бастан кешіп жатқан келеңсіздіктер мен жауабын таппай жүрген сансыз сұрақтардың шешімі шешілер еді. Алайда, біз бұндай асыл құндылықтарды бүгінгі адамдардың арасындағы қарым-қатынастарынан көре алмай жүргеніміз рас. Қазіргі қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы кезінде бойларындағы рахымшылдық қасиеттерін жоғалтып, біртіндеп қатыгездікке бой алдырып бара жатқандықтары тайға таңба басқандай айқын байқалады.
Бүгінгі әке мен бала, әйелі мен ері, ағайын мен туыс, басшы мен жұмысшы, арасындағы қарым-қатынас жақсы деңгейде деп айту өте қиын. Олар адамдар арасындағы қарым-қатынастың бұлай болуына бірін-бірі кінәлі деп біледі. Осылай дұрыс түсініспеуден келіп, кейбір жазықсыз жандар себепсіз жапа шегеді.
Қазірде бұқаралық ақпарат көздеріне көз сала қалсаң адам өлімі, ұрлық, тонау сияқты келеңсіз жайттардан көз сүрінерлік халге жеткен. Тіпті, кейбір отбасылардың өзінде осындай оқиғалардың болып тұратыны жасырын емес. Осындай іс-әрекеттерге бару саналы адамға лайық емес. Біздерді мұндай мұнарланған тұман арасынан алып шығар күш тек Аллаһ тағаланың адамзат үшін жіберген соңғы діні Исламда ғана бар. Ал ол аманатты жеткізуші Аллаһ Елшісі (с.а.с) бүкіл адамзат ішіндегі үлгі тұтуға ең лайықты тұлға. Оның өнегелі тұлғасын өмірдің сан-саласынан көруге болады. Егер біздің әрбіріміз осы дүниелік және о дүниелік өмірде бақытқа жету үшін оны үлгі-өнеге тұтса, зор жетістікке қол жеткізеді. Өйткені оның бойында бүкіл адамзат баласына үлгі — өнеге боларлық жоғары адами қасиеттер бар. Сондықтан ол тәлім алушыға да тәлім-тәрбие берушіге де үлгі болары анық. Біздер қашанда үлгі, өнегені Пайғамбарымыз (с.а.с) – нан алуымыз керек. Себебі оның мінез-құлқы мен адамзатқа берген тәлім-тәрбиесі тек қана Құран еді!
Не ексең соны орасың демекші, ертеңгі ұрпағымыздың салихалы болып өсуі әр-бір ата-ананың берген тәрбиесіне байланысты болмақ. Ал болашағымыздың жарқын әрі кемелденуі кейінгі ұрпақтың еншісіне тимек. Өмір деген алма-кезек, бүгінгі біздің бойымыздағы қасиет пен істеген іс-әрекеттеріміз ертеңгі ұрпаққа берілетіндігін, естен шығармасақ екен ардақты ағайын!
Ардақ Нүсіпханұлы.