«Иман» журналы, №1, 2024 жыл
Қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пенде үйленсе, дінінің тең жартысы кемелденеді. Енді қалған жартысына сақ болсын», – деген. Бұл риуаят сахаба Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен. Үйлену арқылы шаңырақ көтерген адамның дінінің тең жартысы толығады. Үйлену – діннің бір жартысы болса, екінші жартысы – тақуалық. Ендеше үйленген адамның құлшылығы қандай болмақ?
Намаз, ораза, қажылық, ата-анаға жақсылық жасау, Құран оқу, садақа беру, тағысын тағы. Үйлену осы құлшылықтардың тең жартысына пара-пар. Мұны қалай түсінбек керек? Ол үшін алдымен асыл дініміздегі парыз амалдардың тізімін жасап көріңіз. Сол құлшылықтардың физиологиялық ауырлығы мен психологиялық жауапкершілігін бағамдайық. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген осы. Екі жарты бір бүтін болып өмір сүруге дайындық осылай жүзеге асады. Адамға салса, ораза тұтып, намаз оқу әйелінің мінезіне төзуден әлдеқайда жеңіл.
Жүрек лүпілі, яғни ғашық болу – маңызды сезім. Бірақ бұл үйлену үшін негізгі фактор емес. Әрине маңызды емес деген қажетсіз деген ойды білдірмейді. Бір-бірімен жүздескенде жүректің лүпілі, бет қызыл боп жануы, тұла бойы шымырлап өтуі сияқты ыстық сезімнің белгілері торт бетіндегі құлпынай немесе шие сияқты. Бірақ, торт тек құлпынай немесе шиеден жасалмайды. Біз басқа да факторларды ескеруіміз керек. Ғашық болу – ұнату сезімі. Сүйемін деген ой кейде сананы билеп алады. Алайда бұл – құбылмалы сезім. Тұла бойды жаулап алған ой кейін жоғалып кетеді. Зерттеулер бұл сезімнің орташа есеппен екі жыл ғана тұрақтайтынын көрсеткен. Біреулерде біраз ұзақтау, енді біреулерде қысқа мерзімді болады. Артынан алаулаған сезім сөнуге айналады. Содан кейін ғашықтық кезеңінде ешбір мән бермеген өмірдің маңызды қырлары басталады. Ең ғажайып, мінсіз һәм ең сұлу деген өмірлік жолдасымызбен келіспеушілік және текетірес кезеңі. Міне, осы кезде біз маңызды жаңалық ашамыз. Ол – ғашық болу отбасы боп кетуге жеткілікті емес деген жаңалық.
Жастар отбасылық өмірге қалай дайындалады? Жалпы мұндай түсінік бар ма? Тойға дайындық деген түсінік бар. Бұл кемі бір-екі ай бұрын басталады. Екі жақ жұмыла кіріседі. Арнайы кездесіп, ақылдасады. Құда түсу, қыз ұзату, соңы – той. Әрқайсысына жіті дайындық жүреді. Бүге-шігесіне дейін қалт жібермейді. Барлық тұсы ескеріледі. Кішігірім халықаралық конференция дерсің. Ары кетсе бес сағатқа созылатын тойға осыншама дайындық. Жастар өмірлік жар таңдауға, бақытты отбасы болуға неге осылай дайындалмайды? Бақытты отбасы болу үшін ғашықтық жеткіліксіз. Ғашықтық торт үстіндегі құлпынай тәрізді. Тортты сәнді етіп көрсетеді. Алайда құлпынай болмаса да торт тәтті. Сол сияқты отбасылық өмірде бірін-бірі түсіну, құрметтеу, сабырлық, мейірім сияқты шаңырақты шайқалтпай ұстайтын ұстындар бар. Жапония және Батыс елдерінде арнайы курстар ұйымдастырылады. Әлеуметтанушы, психолог, педагог сияқты мамандар дәріс оқиды. Кешегі «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қазақи отбасылық тәрбие қайта жандардыруды қажет етеді. Ендеше, ер жігіттер нені ескеруі керек? Осы мәселені төңірегінде кеңірек айтып көрелік.
Бірінші және екіншісі – әйел еркелеткенді жақсы көреді және сезімді ашық білдіргенді ұнатады. Жұбайыңды еркелеткенде және сезім білдіргенде сараң болма. Әйтпесе араларыңда салқындық пайда болып, сүйіспеншілік кемиді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайының есімін қысқартып «Аиш» деп еркелетеді екен. Сондай-ақ жүзінің қызыл шырайына қарай «Хумайра» (қызыл шырайлы) деп атайды екен.
Үшіншісі – Әйел заты еркектің қатал болғанын ұнатпайды, жұмсақ еркекті де менсінбейді. Осы екі қасиетті тиісті орнын тауып қолдана біл. Сонда сүйіспеншілік жоғалмайды, отбасыңда тыныштық орнайды. Төртінші, әйел күйеуінен, күйеуі әйелінен қалағандай жылы сөз, жағымды қылық, киім-кешек тазалығы мен хош иіс сияқты дүниені күтеді. Сен де әркез осы жайттарға мұқият бол. Бесінші, үй – әйелдің патшалығы. Шаңырақта әйел өзін тақта отырған патшайымдай сезінеді. Үйде әйел – ханшайым. Әйелдің осы патшалығын бұзушы болма. Әйелді сол тағынан түсіруге әрекет етпе. Олай етсең, әйелдің патшалығына таласқандай боласың. Ал патша үшін оның тағына таласқан адамнан асқан дұшпан жоқ. Алтыншы, әйел күйеуінің көңілін табуға барын салады. Сонымен бірге төркінінен де алыстап кетпеуді қалайды. Сондықтан өзіңді оның төркінімен бір таразы басына қойма. Не мені, не төркініңді таңда деме. Төркінін тастап, сені таңдауға мәжбүр етсең, өзегін өкініш өртейді. Оның өкініші сенің күнделікті өміріңді улайды.
Жетінші, әйел қисық қабырғадан жаратылған. Әйел сұлулығының сыры, тылсым тартымдылығының құпиясы осы. Қисықтық оның кемшілігі емес. Өйткені «қастың әсемдігі қиғаштығында (қисықтығында)». Қателік жасаса, кешірім таныта біл. Қисықтығын түзетемін деп сындырып алма. Сындырудың соңы – ажырасу. Бірақ қателік жасаса еркіне жіберме, әйтпесе қисықтығы үдей түседі, тізгінді тең ұста. Сегізінші, әйел табиғатында жақсылықты бағаламау және мойындамау бар. Әркез жақсылық жасап, бір уақыт жамандығыңды көрсе: «Сенен өмір бойы жақсылық көрмейтін болдым», – дейді. Әйелдің бұл әрекеті сені жек көруге және жатсынып кетуге жетелемесін. Өйткені әйелдің бір мінезін ұнатпасаң, басқа бір мінезіне дән риза боласың.
Тоғызыншы, әйел тән әлсіздігі мен жан шаршауы кезеңдерін басынан өткереді. Алла Тағала бірнеше парызды сол кезде әйелдің мойнынан түсіреді. Мұндай ауыртпашылық кезінде намазды толығымен кешіреді. Денсаулығы түзеліп, жүйкесі қалпына келгенге дейін оразасын тоқтата тұрады. Сен де әйелге кеңшілік көрсет, түсіністік таныт. Алла Тағала парыздарды жеңілдеткені сияқты сен де өз талаптарыңды жеңілдете біл.
Бір күні Шағби қази Шұрайхты кездестіреді. Екі достың әңгімесі отбасы тақырыбына ойысады. Хадисші Шағби тату-тәтті өмір сүрудің құпиясын сұрайды. Сонда қази: «Жиырма жыл болды, жұбайымнан ашуыма тиетін бірде-бір әрекет көрген емеспін», – дейді. «Бұл қалай?» дейді Шағби. Сонда қази: «Құда түсіп, шаңырақ көтердік. Ағайын-туыс пен жора-жолдастарды шақырып, дастарқан жайып тойладық. Жұрт үй-үйіне кетті. Сол күні кешке алғаш рет келіншегімді көрдім. Ерекше ажарлы еді. Дәрет алып, екі ракағат шүкір намазын оқыдым. Намазымды тәмамдап сәлем берген кезімде келіншегім артымда менімен бірге намаз оқып тұрғанын байқадым. Оған қолымды созғанымда: «Асықпаңыз, орныңызда отыра тұрыңыз», – деді де: «Әлхамдулиллә, Аллаға мақтау айтып, Одан жәрдем тілеймін. Мұхаммед және оның әулетіне Алланың салауаты мен
сәлемі болғай», – деп сөз бастап кетті. Мен сізді танымайтын әйелмін. Сіздің мінез-құлығыңызды білмеймін. Маған өзіңізге ұнайтын нәрселерді айтып беріңіз, біле жүрейін соған сай әрекет етейін. Жақтырмайтын нәрселерді де айтыңыз, аулақ болайын. Өз жұртыңызда үйленуге лайықты қыздар бар. Менің де елімде маған тең ер азаматтар бар еді. Алайда Алланың қалауымен мені жар еттіңіз. Сондықтан Алланың әміріне құлақ салып, көркем түрде жар етіңіз, әйтпесе жақсыларға тән босатыңыз. Осы сөзімді айта келе Алладан өзіме және сізге жарылқау тілеймін», – деді. Шұрайх: «Уа, Шағби! Жұбайым неке түнінде мені құтпа айтуға мәжбүр етті. Мен де: «Әлхамдулиллә, Аллаға мақтау айта отырып, Одан жәрдем тілеймін. Мұхаммедке және оның әулетіне Алланың салауаты мен сәлемі болғай. Айтқаныңның үдесінен шыға білсең, өзіңе тиесілі жақсы сыбағаңды алатын сөз айттың. Ал жай сөз болса, онда сенің айыбыңды ашатын айғақ болмақ. Мен мынаны және мынаны жақсы көремін.
Ал мынаны және мынаны жақтырмаймын. Менен бір жақсылық көрсең, оны жая түс. Ал жамандық көрсең жасыра біл», – дедім. Келіншегім: «Менің төркінім келіп тұруына қалай қарайсыз?», – деді. «Қайын жұртымның көп келіп, мазамды алуын қаламайын», – дедім. «Көрші-қолаңның қайсысы үйге келгенін қош көрсеңіз, соларға рұқсат етемін. Ал сіз жақтырмайтын көршілермен араласпаймын», – деді. «Пәленшелер – жақсы адамдар. Ал түгеншелер – жұрттың жаманы», – деп кіммен араласуы керек, кіммен араласпағаны жөн екенін айттым. Осылайша келіншегіммен ең жақсы түн өткіздім. Бір жыл бойы жұбайымнан тек көңілімнен шығатын жайттарды көрдім.
Бір күні қазилық мәжілістен үйге келсем, енем отыр екен. Маған: «Әйеліңе көңілің тола ма?» – деп сұрады. Жақсы жар екенін айтқанымда: «Балам! Әйел баласы екі жағдайда жаман болады: ұл туып берсе немесе күйеуі қатты жақсы көретінін білсе. Уаллаһи, еркек үшін ерке әйелден жаманы жоқ. Сондықтан, тәрбиелеу керек болған жағын тәрбиеле, түзету керек болған тұсын түзет», – деді. Өмірімде әйеліммен бір рет қана ұрыстым. Оның өзінде кінә менен еді», – деп қази Шұрайх әңгімесін тәмамдады.
Жар таңдау мәселесінде баршаға ортақ жалғыз проблема бар. Бұл – жастардың кітаптардағы мінсіз жарды іздеуі. Отбасылық әдебиеттердегі үлгілі жұп мысалдарын оқып қиялға беріледі. Нәтижесінде жұбайының қарапайым әрекетін кешірілмес қателікке балайды. Сондықтан ондай адамды әр күні кем дегенде бір рет ажырасу жайлы ой мазалайды. Отбасылық өмір театр қойылымы емес. Жоспарланған жүйе бойынша жүрмейтінін түсіне білу керек. Әрі бұған дайын болған жөн. Сонда ғана өмірлік серігінің әдеттеріне қателік деп қараудан арылады. Қателесу – әр адамға тән құбылыс әрі заңдылық. Бақытты отбасының құпиясы да осында. Шаңырақтағы тыныштық пен берекет те осыдан басталады. Ең бастысы – ар-намысы мен ұят сызығынан аттамауы. Демек Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлену – діннің тең жартысы», – деп айтуының сыры осында.
Руслан ҚАМБАР,
РАНТ мүшесі