Өмірде әртүрлі маман даярлайтын оқу орындары болады: біреу дәрігер даярлауда, ал біреу құрылысшы енді бірі техника маманын тәрбиелеп жатыр. Сол сияқты, әйел-ана — ұлы мектеп. Себебі, ол өмірге ең қажетті маман — Адам тәрбиелеп шығарады. Сондықтан бала тәрбиесінде ананың алатын орны ерекше. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов былай деген екен: «Адам баласы бір үлгі біреуден аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне анық орнайды дейді. Бұған қарағанда біздің ой буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол — анамыз. Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын қылықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз». Бала үшін туғанынан көз алдында сөзімен де, ісімен де үлгі болатын анасы екен. Анасының аузынан шыққан сөздерді қайталап өскен бала, оның жақсы-жаманын ажыратып жатпайды. Сол себепті, адам тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана баласының парсатты, мәдениетті, көркем мінезді болып өсуі үшін алдымен өздерін жөндеуі керек.
Шыр етіп дүниеге келген сәби жанарынан жылулық тараған анасының аялы алақанының мейіріміне бөленеді. Оның ер жеткенше жанынан табылатын, оңы мен солын көрсетіп, жол сілтейтін, оған «тәрбие» деген ұлы білімді сіңіретін де сол — анасы. Ана алдымен, тоғыз ай бойы жүрегінің астында көтеріп жүреді. Іште жатқан сәбидің денсаулығы мықты, ақылды, сабырлы болуы, міне, сол кезден басталады. Сол себепті, құрсағына алғаш сәби біткеннен бастап ана үлкен жауапкершілікті сезінуі керек. Әртүрлі дәруменді тағамдар қабылдап, ас ішуін дұрыс қадағалағаны жөн. Тәбетті ашатын жемістер мен сүт тағамдарын көп қолданған дұрыс болады. Сәби іште жатса да анасының әрбір әрекетін сезеді және айналадағы дыбыстарды естиді. Сондықтан, ана Құранды көп естіп, көп оқығаны абзал. Бұл баланың зейінін жақсартады және көп ашуланбау да баланың тынышты болуына әсер етеді. Туғаннан кейінгі балада болатын көп аурулар екіқабат кезінде анасының көп ауырғандығынан болады. Қан аздық, тұмау және т.б. басқа аурулардың алдын алып, дәремендер қабылдап, ет тағамдарын көп қолданған жөн.
Сәби алғаш өмірге келгенде дүниедегі ең асыл тағам — ананың ақ сүтімен қоректенеді. Қанаты қатпаған сәби жарық дүиеге келгенде оның қасынан анасының табылуы, тек қана ана сүтімен қоректенуі , оны анамен бөліп қоюуы – Аллаһ тағаланың кемшіліксіз жаратушы екенінің тағы бір дәлелі. Себебі бала ананың қамқорлығына, махаббатына мұқтаж. Ана сүтіне, махаббатына қанбаған бала мен осы нығметтерге бөленген баланың арасында айырмашылық болады. Аллаһ тағала Құранда: «Адамдарға ата-анаға қарайласуды бұйырдық. Ананың мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар.» — дейді. Бала үшін екі жыл бойы ана сүтімен қоректенуі денсаулығының мықты, ақылды, есте сақтау қабілеті жақсы болуына әсер етеді. Жаңа босанған әйел сүті көп болуы үшін сорпалы тамақтар және тары қосылған шәй, грек жаңғағын тұтынғаны жөн.
Қыз баланың тәрбиесінде ананың алатын орны зор. Қазақ қыз балаға «Қырық үйден тыйымды» бекер қоймаған. Еркелеген қыз ертең бойжеткен, ару болады, кейін жар атанып, ана болады. Өмірде оны әртүрлі баспалдақтар, ирелеңдеген жолдар күтіп тұр. Сол жолда қайратты, жігерлі, парасатты болуы үшін ананың ақылының алатын орны ерекше. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» демекші, ана тәлімі оның алғашқы мектебі болады. Жастайынан қызына дер кезінде қамқор, сырлас бола алмаса, ол сырласты көшеден, өзгеден іздейді. Қызын инабаттылық пен ибалылыққа тәрбиелеу ананың маңызды міндеті.
Ана балаларының жағдайына көңіл бөлуі керек. Баланың ұқыпты киінуі, таза жүруі, бөлменің, үйдің тазалығы оның бойына тазалыққа деген құмарлықты тудырады. Оларда ағзаға пайдалы тағамдармен тамақтандырып, тамақты уақытымен ішуге дағдыландыруы қажет. Бұл олардың денсаулығының мықты болуына әсер етеді.
М.Әуезов: «Хайуандықтан адамшылыққа кіргізген — әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе», — деген екен. Болашағымыздың жарқын, еліміздің еңсесі биік болуы үшін әйелдеріміз парасатты, иманды болуы керек. Ағашты егіп, су құйып тұру жеткіліксіз, оны күтіп, баптамаса, берген жемісі шірік болады. Тәрбие тек тамақтандыру, киіндірумен шектелмейді.
Сондықтан, әрбір әйел, әрбір ана бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарағаны абзал. Кез-келген дана да, ғалым да анадан туатынын ұмытпайық. Аллаһ тағаланың тапсырған аманатына қиянат жасамай, саналы, иманды, Аллаһқа бойұсынатын, тақуа балалар тәрбиелеп өсіруге жазсын!
Айнұр Сарбала