- Фатима апа, Ислам діні әйелдер үшін неден бастау алуы керек? Әйел адам Ислам дінінің талаптарына сай өмір сүру үшін қайда, қалай, қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Аллаға тәубе дейін, қазіргі кезде халқымыздың Исламға деген ықыласы зор. Шынымды айтсам, Ақ мешітті («Нұр Астана» мешітін айтады) салып жатқанда, «осынау үлкен ғибадатханаға кім келер екен?» деп ойлаған едім. Оным бекер екен. Жұма намаздарында Ақ мешіттің, С.Ғылмани атындағы мешіттің ауласында намаз оқып жатқан халықтың көптігін көріп, көңілім жай табатын болды.
Аллаға шүкір, Жаратқанға құлшылық ету үшін намазға жығылып жатқан, Меккеге барып келген, иманы күшейген мұсылмандар қатары қазір көбейіп келеді. Шырағым, жаңағы қойған сұрағыңа жартылай жауап берген сияқтымын.
Ал әйелдерге келетін болсақ, бірден айтарым: әйелдің жолы жіңішке, жүгі ауыр. Біздің көрген қиыншылықтарымызды кейінгілер көрмей –ақ қойсын. Біз не көрмедік: жер де жырттық, трактор айдадық, мал да бақтық. Бірақ әр заманның өзіндік ерекшеліктері болады ғой. Құдайға шүкір, заманымыз жаман емес, бірақ осындай мамыражай тіршілікте дұрыс өмір сүре білу де үлкен сын екен. Заманның беймарал тыныштығын бағалай алмай, қоғам берген еркіндікті дұрыс пайдалана алмай адасып кету де қиын емес. Сондай адамдарды көрсем, сондай адамдар туралы естісем, жаным ауырады. Өткен өміріме көз жүгіртсем, менің жас күнімдегі құрбыларымның бейнесі қазіргі қыздардан бөлек болатын. Өріп қойған ұзын шаштарының бір-бір бұрымы білектей болушы еді. Қазір де шашы ұзын, әдеппен киініп, әдеп сақтап жүретін қыздар бар, бірақ, мен қателеспесем, олардың қатары тапшы ма деймін. Көзге көбіне кейпі бөлек қыздар көп ілігеді. Сұп-сұлу сүйкімді, оқыған, білімді деген қыздарымыздың өзінің киім киісі мен жүріс-тұрысына көңіл толмайды.Адам киімді жасына, денесіне лайықтап кию керек деп ойлаймын. Біз де жас болдық. Сол кездерден есімде қалғаны — әйелдер ашық-шашық жүруден қатты сақтанатын. Келіншектер бастарын ашық ұстамаған, орамалсыз ата-енесінің көзіне түспеген. Қыздардың өзі шаштарын шәпкімен, тақиямен жауып жүруші еді. Бар болса, сатып алатын, жоқ болса, өздері қолдан тігіп киетін еді. Қолдан тігеді демекші, сол кездің қыз-келіншектері киімін, іш киімдерін кестемен, кружевомен әшекейлеп киетін болған. Бертін келе, фабріктен шыққан әдемі жібек комбинацияларды кидік бәріміз. Сонда, алда-жалда көйлегінің етегінен сол әдемі комбинацияның шеті көрініп қалса, әйелдер қатты қысылушы еді. Ал қазір не боп кетті ?!. Кіндік ашып жүру сәнге айналды. Біле білсек, әйел затының ең нәзік, жанды жері сол кіндік емес пе? Айта берсең, тілге тиек болар нәрсе көп. Кейде сырт көзден қымсынбай ерніне темекі қыстырып, түтінін будақтатып тұрған қыздарды көргенде, жүрегің ауырады. Арақ ішпейтін, темекі тартпайтын адамның иісі жағымды, дені сау, тісі маржандай болады ғой. Тағы бір айтайын дегенім — қыз-келіншектеріміз өтіріктен аулақ болса екен. «Өтірік айтқан өрлемейді» деген бар емес пе. Бұны да себепсіз айтып отырған жоқпын. Бұлай деуге менде толық негіз бар…
Әйел затының ғұмыры бірнеше кезең-белестен тұрады. Соның ішінде, ең ұзақ, ең жауаптысы — келіндік кезеңі дер едім. Жиырмадан жаңа асқан қыздың келін болып түскеннен кейін бала туып, оны бағып-қағып, оқытып, өсіріп, өзі келін түсіріп, ене атанғанынша жиырма бес – отыз жылдай өтеді екен. Сол аралықтағы әйелдің арқалайтын жүгі оңай емес. Мұсылман отбасына түскен келіннің басты міндеті — ата-енесін сыйлап, солардың көңілін табу. Ислам дінінде ата-анаға деген құрмет атадан балаға, баладан немереге ауысып, дарып отыратын бұлжымас қағида. Мен келіндеріме «сүйт-бүйт» деп үзілді-кесілді талап қоймасам да, мені сыйлағандықтарынан болар, келіндерім алдымда инабат сақтап жүруге тырысады. Нендей шаруға ниеттенсе де, алдымен менімен ақылдасып, менің алдымнан өтіледі. Отбасымызда қалыптасқан осы дәстүр немерелерімнің де санасына сіңіп, ұяда көрген өнегелері келешектегі келісті өмірлеріне негіз болатынына сенімдімін. Кейде балаларыммен, келіндеріммен немерелерімді ертіп жүргенімде, мені танитын адамдар: «Апа, сен қандай әдемісің!» деп жатады. «Ой, тым мақтап жібердіңдер ғой, әжім басқан бетте қайбір әдемілік болсын!» деп, мен де әзілдеймін. Бірақ ол кісілердің сөздерінің жаны бар. Менің әдемілігім – менің иманым, Исламым. Ислами тәрбие алған балаларым мен келіндерім, солардан үлгі алып өскен немерелерім – Алланың берген шапағаты, тәубе.
— Патха апа, бір сөзіңізде Ислам тазалықтан басталады деп айтып қалдыңыз. Біздің қыз-келіншектерімізге осыған қатысты ойыңызды айта кетсеңіз. Неден бастап, қандай іс-әрекет жасаған дұрыс?
- Иә, шынымен де тазалық бар жерге Иман ұялайды. Сондықтан да мен маңайымдағы жандардан алдымен тазалықты талап етемін. Әр нәрсені дер кезінде істеп, жуып-шайып, таза ұстап үйренген абзал. Жуылатын кір-қоңың болсын, ыдыс-аяғың болсын. Ешқашан ешбір шаруаны «кейін істермін» деп қалдыруға болмайды. Тіпті, бір қасық немесе жалғыз кесені жумай қоя салғанның өзі дұрыс емес. Лас ыдыс — аяқты шайтан аралап кетеді емес пе?!. Киім кигенде де солай әдеттенген дұрыс. Үйдің берекесін келтіретін әйел. Ал тазалыққа үйір әйелдің шаруасы неғұрлым жинақы, тыңғылықты бола береді. Шаруаның оңтайын келтіру оңай емес. Таң атқаннан кеш батқанша бір ғана әйелдің қолымен нендей шаруа істелмейді дейсің! Ас пісіру, ыдыс жуу, үй жинау, киім-кешек тазалау, бала тәрбиесі, өзінің кәсібімен айналысу, туыс-туғанмен қарым-қатынас жасау, қонақ күту және тағы тағылар. Әлі де тізбектеп айта беруге болады. Осының бәріне мезгілімен үлгеріп отыру үшін әйел өзінің жұмыс ретін дұрыс ұйымдастыра білуі керек. Дұрыс ұйымдастырылған әрекетіне қарай, киетін киімдері де бөлек-бөлек дайын тұрғаны абзал. Көшеге шыққанда, қызметке барғанда, намаз оқығанда, ас әзірлегенде киетін арнайы киімдері дайын тұрса, бұл да ұқыптылық, тазалықтың көзі. Таза жерге иман ұялайды. Денсаулық, сұлулық, мейірімділік, адамның көңіл хошы – бәрі де тазалықтан бастау алады. Ал, қандай да болмасын шаруаны «бісмілләмен» бастаса, Алла тағалам әйелдің ісін оңғара береді.
-Сіз, биыл отызыншы рет Мекке-Мәдинеге сапар шегіп қайтыпсыз. Осы жөнінде ой өрбіте отырсаңыз.
- Иә, Алла тағала маған биыл қасиетті Мекке-Мәдиненің топырағын отызыншы рет басуды нәсіп етіпті. Алда-жалда бұны естіген біреулер таңырқап та жатады. Бірде өздеріңіз сияқты журналист балалар сұраған соң, айтылған әңгіме еді. Енді сол ауыздан ауызға тарап кеткен сыңайлы. Осы барғанымның бәрі, бір барып келгендей болып отырған жоқ. Көңілім тартып, барғым келеді де тұрады. Мұсылман баласына, жағдайы келсе, қажылыққа бару парыз екен. Қажылыққа бара алмай, о дүниелік болып кеткен ата-анаңа, бауырларыңа, балаларыңа бағыштап та қажылық сапар шегуге болады. Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, көкейдегі осындай ойлар да жетелейді мені сол жаққа. Қасиетті жерге барып келгеннен кейін өзімді сондай жақсы, сергек сезініп жүремін. Арқамнан ауыр жүк түскендей болады. Енді алдағы күндері, Алладан рұқсат болса, Израиль еліне жүрмек ойым бар. Ибраһим пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірі Израильде екен. Біздің дәуірден көп бұрын, қиындықтары біздің көргенімізден де ауыр заманда ғұмыр кешкен пайғамбарларымыздың қабіріне барып, зиярат еткен жақсы. Мен қажылыққа немесе қасиетті қабірлерге зиярат жасап барсам, о дүниедегі жағдайымды ойлап, өзім үшін барамын. Қайда жүрсе де мұсылман бауырлар танысып, білісіп, ықыластарымен бөлісіп жатады. Адамдарды осыншалықты бауырмал етіп, жақындастырып жатқан нәрсе – осы Ислам діні. Сол үшін де, Алла тағаламызға мың да бір тәубе деп, шүкіршілік етемін.
— Сізді біз үлкен үлгілі, еңбекпен есейген отбасының Анасы ретінде танимыз. Бірде газет бетінен Сіздің жетім балаларға жасаған қайырымдылығыңыз туралы оқып едім. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
Шырағым, бұл туралы дақпырт қылып айта бергім келмейді. Иә, асырап алған балаларым баршылық, бірақ мен «ана бала сондай еді, мына бала мынандай еді» деп, ара-жігін ашып жатпаймын. Барлығы менің балаларым. «Жарлы байымай ма, жетім жетілмей ме?» деген мақал бар. Ертең ол балалар ержеткенде, менің оларды бөле-жарып жүргенімді естісе, не болғаны? Жүректеріне қаяу түседі ғой. Менің көмекшім, ақылдасым болып жүрген үлкен балам да осылай дейді.
- Әңгімеңізге рахмет, апа.
Хадиджа Гүлнәр Адамова