Аллаһ Тағала құлдарына дүниеде және ақыретте зиян беретін жамандықтарды харам қылған. Ғайбат – бір кісі туралы ол естіген уақытта ұнатпайтын нәрселерді басқаларға айту. Ғайбат – қызғанған бір кісіні адамдардың көзінде төмен түсіру үшін оның денесіндегі, ата тегіндегі, киінудегі немесе мінез-құлқындағы кемшіліктермен айыптау. Ғайбат – нәпсімізге құл болу үлгісінің ең жиеркеніштісі. Кісі өзінің кемшіліктерін көрсе басқасының кемшіліктерін көруге уақыт таба алмайды. Бір адам үшін өзінің кемшілігі бола тұра басқасының кемшіліктерін іздестіруден басқа үлкен кемшілік бола ма?!…
Аллаһ Тағала : «Ей, иман еткендер! Күмәнді ойлардың көбінен аулақ болыңдар! Өйткені, кейбір күмәнді ойлар күнә. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді іздестірмеңдер! Біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине одан жеркенесіңдер! Аллаһтан қорқыңдар! Аллаһ тәубелерді қабыл етуші,
ерекше мейірімді!» («Худжрат»:12)
Бір адам дін бауырының артынан сөйлеу, оның сасыған етін жеуге тең болғанын әрі хадистен үйренгеннен кейін бұл жамандыққа тілі әлі де бара ма екен?!…
Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ғайбат не екенін білесіңдер ме?» Сонда сахабалар: «Аллаһ пен Оның Елшісі жақсырақ біледі» — деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дін бауырының ұнатпаған сипаттарын айту» — деген. Сахабалардың біреуі: «Егер айтқан сипаттар бауырымда болса күнә бола ма?» — деп еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер айтқандарың оның бойында бар болса, ғайбат болады. Егер айтқандарың жоқ болса, онда жала жапқан боласың» — деген екен.
Әбу Хурайра (р.а.) айтады: «Бір күні біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанында отырған едік. Бір адам тұрып сыртқа шықты. Біреулері: «жанағы адам қандай әлсіз еді?…» — деп еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бауырыңды ғайбаттадың және етін жедің» — деді» — деп риуаят еткен.
Ибраһим ибн Адһамды бір достары қонаққа шақырған көрінеді. Қонақтар дастарханға жайғасып отырғаннан кейін бір адамды ғайбаттауға, өсек айтуға кіріседі. Сол кезде ол үлкен адам: «Біздің аталарымыз ең бірінші нан, одан кейін ет жейтін еді. Сендер етті наннан бұрын жеп бастадыңдар» — деп ғайбат айтуларына кедергі болып тыйым салған екен…
Құрметті мұсылмандар! Ғайбат айту парақорлықтан да өте үлкен күнә. Аллаһ Мұса (а.с.) пайғамбарға: «Ғайбат айтқан адам егер ғайбаты үшін кешірім сұрап тәубе етсе, Жұмаққа ең соңында кіреді. Тәубе етпеген өсек ғайбатты жалғастыра берсе Тозақ отына ең бірінші кіреді» — деп уахи еткен екен.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өсек, іріткі жайында қорқынышты жағдайларын былай баян еткен: «Бір ер кісінің арасын бұзу үшін сөз тасып іріткі салатын болса, Аллаһ оның қабіріне алаулаған ыстық от салады, Қиямет күні болғанға дейін жағып күйдіреді». Тағы бір хадисте: «Сөз тасып өсек айтып, адамдарды бір-біріне дұшпан қылып қойған (өсекші) Жұмаққа кіре алмайды».
Ғайбат айтқан адам жақсылық және сауаптарын жан-жаққа шашқан адам сияқты. Хасан Әл-Басрийге: «Пәленше көрші сені ғайбаттап жатыр» — деп бір кісі келеді. Бұған жауап ретінде Хасан Әл-Басрий көршісіне табақпен халва толтырып көршісіне алып барады да: «Сауаптарыңды маған сыйлағаның туралы хабар келді. Осыған рахмет ретінде осыларды алып келдім» — деген екен.
Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Өмірінде бір рет ғайбат айтқан адам Ұлық Аллаһ тарапынан он түрлі жазаға ұшырайды: Аллаһтың рахымынан ұзақ болады, періштелер онымен достық құрмайды, өлім кезінде жаны өте қиыншылықпен шығады, Тозақ отына жақын болады, Жұмақтан ұзақ болады, қабір азабы өте қорқынышты болады, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) рухы одан қиыншылық көреді, Аллаһ оған (ғайбат айтушыға) ренжиді, Қиямет күні амалдар тартылған уақытта ол кісі амал таразысына бар нәрсесі таусылып біткенін көреді» — дегенін жеткізген.
Жазықсыз жерде өсектелген адамның күнәсінің жартысын Аллаһ тағала кешіреді, ғайбат айтқанның сауабынан бір бөлігі ғайбатталған адамға беріледі. Қияметте бұл адамның амал дәптерінің беттері ашық тұрде берілген уақытта құл: «Ей, Раббым! Жасаған ғайбаттарым, оразаларым, намаздарымның сауаптары қайда? Олар мына беттерімнің арасында жоқ!…» -
дейді. Сонда Аллаһ Тағала: «Халықты ғайбаттау себебімен ол сауаптарын жойылып таусылды» — дейді.
Хазіреті Әли (р.а.) : «Әсіресе ғайбаттан сақтаныңдар! Онда үш жамандық бар: ғайбат еткеннің дүғасы қабыл болмайды, ғайбат айтқанның игі істері қабыл болмайды, ғайбат еткеннің жамандықтары көбейеді» — деген.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай дейді: «Ғайбат зинадан да жаман». Сонда сахабалар: «Бұл қалай болады?» — деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «бір адам зина қылып қойып тәубе ететін болса, Аллаһ оның тәубесін қабыл етеді. Ғайбат еткен адам болса, ғайбатталмаған адам хақысын халал етіп кешірмесе, ол адам кешірілмейді» — деп жауап берген.
Сөз соңын: Пайғамбарымыз (с.а.у.) ның бір хадисімен аяқтайық: хадис шарифте Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Қас, көз, тілмен кекетіп-мұқатып, ананы-мынаны мазақ еткендерді, өсек айтып сөз таситындарды, жазықсыз адамдармен қырылысып, сөз тартысқан адамдарды Қиямет күні Аллаһ Тағала беттерін иттің беттері сияқты тірілтеді» — деп жеткізген екен.
Олай болса ағайын, тек жамандыққа бағыттайтын өсек-ғайбаттардан сақ болуға тырысайық..