https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Туыс - туғанмен жақсы болу

23 Feb 2022 0 comment Оқылды: 734 рет

Қазақ қашанда туыстық қарым-қатынасқа аса қатты мән берген халықтың бірі. “Ай араласпаса ағайын жат” демекші, туыстардың бір-бірімен араласпай кетуінің өзін үлкен қауіпке балаған. Ал араларының берік, ауызбірішілігі мықты болуы үшін барынша ат салысып, қолдау көрсетіп отырған.
 
 Сондай-ақ, Алла Тағала ағайын туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол ұшын беруді Құранда:
 
‎إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», («Нахыл» сүресі, 90-аят) - деп ескерткен.

Осы тұрғыда, “Асар” деген өзіндік ерекше дәстүр де бар. Яғни, көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ үй салу сияқты ауыр жұмыста бірлесе көмек қолын созу. Халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытады.

Кезінде Сары би деген ақылгөй ақсақал бала Сырымға мынадай өсиет айтады: «Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ең алдымен беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады», – дейді. Сонда Сырым ұлы сөз дегенге қызығып: «Ол қандай сөз ата, айтыңызшы», – дейді. Сары би осы кезде: «Арлы-ұжданды бол, елге деген парызыңды ұмытпа, намысыңды жастан сақта, халқыңды алалама, жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама!, – деп өсиет айтады. Осындай данагөй ата-бабаларымздың тәлімді сөздерін естіп өскен Сырым, оны өмір бақи жадында мықтап ұстап өседі дейді. Бұл жердегі халқыңды аралама, жақыныңды жаралама деген сөз, туысқандарына аса мән беріп, көңіл бөл дегені.

Қазақ халқы туыстық байланысты ерекше бағалаған. Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден-бір қасиет осы туыстық байланыс деуге де болады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп ағайын арасындағы татулықтың сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп қараған. Сол секілді «мал қонысын, ер жігіт туысын іздейді» деп қашанда туыстық қатынасты үзбеуге шақырып отырған.

Дінімізде де туыстық қарым-қатынастың сақталуына аса мән беріледі.

Алла Тағала қасиетті Құранда:
 
‎وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ  إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا
«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», («Ниса» сүресі, 1-аят) - деп бұйырады.
Және:
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 90-аятында:
‎إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ ۚ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан және зұлымдықтан тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер», – деп бұйырған.

Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
‎وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الأخِرِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса,  онда туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін», – деп айтқан (имам Бұхари, имам Муслим). Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық қатынасты сақтауды Алла Тағала әрі  Қиямет күніне иман етумен байланыстыруы, бұл амалдың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетіп тұр.

Кешегісін ойлап, болашағын болжап отыратын бабаларымыз ұрпағына көптеген аталы сөз қалдырған, солардың бірі:
«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп», «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді». Бұл дана сөздерді атам қазақ айтып кеткен. Ағайынның татулығын ұлағат еткен. Бауырлардың бір-біріне бауырмал болуын баса айтқан. Туыстық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсіндірген. Тіпті «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың» деп те ескертеді. Себебі, қиындықта бізді тығырықтан шығарып алатын бірінші-Алла болса, кейін туыстарымыз.
Сөз соңында: Мәшһүр Жүсіп бабамыздың сөзін айта кетсек:
«Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын, Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын. Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын» дейді.
Еліміз аман,жұртымыз тыныш, туған-туыстарымызбен арамыз берік болғай!

Қаратал ауданы,“Орталық мешітінің”
Бас имамы: Нұқтарұлы Б

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз