Ислам шариғатында әйелдердің орындары өте құрметті. Аллаһ тағала оларға байланысты аяттар түсірді, Пайғабар с.ғ.с хадистерінде оларды мақтады. Соның ішінде: «қыздарыңды жомарт, мінезі көркем, әдебі жақсы адамдарға тұрмысқа беріңдер. Алладан қорқушы адам ғана оны құрметтей алады. Мінезі дөрекі, әдебі жоқ, имансыз адам оны қорлайды» деді. «Әйелдердің сұлулығы жылтыраған жүзінде емес, әйелдердің көркі – жауһар жүрегіндегі иманында» дейді шариғатта.
Алла тағала Құранда: «Сендер жаман деген нәрсе сендерге жақсы болуы мүмкін. Сендер жақсы деген нәрсе сендерге жаман болуы мүмкін» деп айтқан. Біз ұнатқан әйелден бізге жамандық келуі де, ұнатпаған әйелден жақсылық көруіміз ешқандай да ғажап емес. Сондықтан, «мұсылман адам әйелдің сыртқы сұлулығына алданып қалмай, оның иманына қарауы тиіс» деген мағынадағы көптеген хадистер жеткен. Соның ішіндегі бірінде әйедің төрт нәрсесіне (сұлулығы, байлығы, тегі, діні) қарау керектігі айтылады да, соңында «сен имандысын таңда, береке тап» деп бітіреді.
Мына бір әңгіме соның дәлелі. Пайғамбардың (сғс) қаласы Мәдинада болған оқиға. Әнәс ибн Амр деген кісі жас кезінде өзі сондай сымбатты, рең-басы келіскен келбетті адам екен. Әрі өте тақуа болыпты. Ол бір күні үйленуге бел байлайды да, ел «жақсы» деп мақтаған бір қызды айттырып, некелеп алады. Ол кездерде адамдардың тақуалығы жоғары болғандықтан, некеден бұрын бір-бірін көріп, кездесу деген сирек болатын.
Әлбетте, үйленетін адамыңның түрін көріп алу – сүннет. Бірақ, ол кездегілер имандарының қуаттылығына, ұяттарының күштілігіне байланысты, адамның бетіне бажырайып қараудан қысылып, қалыңдығының түріне қарап алмай некелесе беретін. Әнәс та сондай жігіттердің бірі еді. Сонымен, үйленген күннің кешінде әйелі күтіп отырған жатын бөлмеге келіп, әйелінің бетіндегі пердесін көтеріп қарайды да сілейіп қатып қалады. Біразға дейін тілі байланып, үнсіз тұрады. Өйткені, әйелі қара нәсілді, әрі өте реңсіз бір жан екен.
Әнәстің алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылып, жан-дүниесі астаң-кестең болып, қатты қапа болып, ләм демей, үйден шығып кетеді. Бірнеше күн бойы үйіне келмей қояды. Әйелі оның жатқан үйін сұрастырып, артынан іздеп барады. Сосын, оған: «Әй, Әнәс, Алла Тағала сен жаман деген нәрсенің ішіне жақсылығын жасырып қойған шығар» деп, Алланың аятын оның есіне салады. Бұл сөз Әнәсқа қатты әсер етіп, ол әйелімен ілесіп үйіне келді. Оның қасына жатты. Бірнеше күн бірге тұрды да, бір күні ақыры шыдамай, әйелін енді қайта көрместей болып, үйінен кетіп қалды. Сол кеткеннен мол кетті. Басқа қалаға бет түзеді. Аттай жиырма жылдан соң ғана, өзі туған қалаға қайтып оралады.
Келгенде, әуелі ат басын Пайғамбар с.ғ.с мешітіне тірейді. Мешітте бар жамағат жап-жас сұлу жігіттің аузына кіріп кетердей емініп, сондай үлкен ықыласпен уағыз тыңдап отыр екен. Жігіттің сөзінің әр тамшысын жерге түсірмей, желге ұшырмай, тұла бойлары құлаққа айналып тыңдаған қауымды көріп, Әнас таң-тамаша болады. Сонан соң, қасында отырған бір кісіден бұл жігіттің кім екенін сұрайды. Ол адам бұл ғалым жиырма жыл бұрын әкесі тастап, қашып кеткен адамның баласы екенін айтады. Әнәс көп отырады. Ақыры, ел тарқаған соң, ғалым жігітке барып амандасып, оған өзінің ұзақ жолдан келген жолаушы екенін, мүмкін болса, үйіне қондыруын сұрайды
Жігіт келісіп, Әнәсті үйіне ертіп барады. Есік алдына келгенде, Әнас ғалым жігітке: «Саған айтатын өтінішім бар – үйіңе кіріп, анаңа: «Мүмкін сенің жек көрген нәрсеңде жақсылық бар шығар» деген сөзді айтып бір кісі келіп тұр деп айт» дейді. Бұл сөзді есіткен анасы ұлына: «Әкеңді үйге шақыр. Ол осы үйдің қожайыны. Ұзақ сапарға кетіп, кешігіп, қайта алмай қалған еді. Құдайға шүкір, жеткен екен ғой!» дейді ешқандай сыр білдірмей.
Бұл әңгімеден біз ол әйелдің иманының сондай күшті екенін, оның сұлулығы жүзінде емес, жүрегінен орын алғанын білеміз. Өзін жиырма жыл бойы тастап кеткен адамға еш ренжімей, керісінше оған үйінің төрін ұсынған осындай тақуа әйелдің ұлы – Мәдина қаласының бас имамы, бүкіл мухадистердің ұстазы болған, замандастарына фикх ілімін үйреткен, тақуалықта үлгі болған, Мәлики мазхабының иесі Мәлик ибн Әнәс еді.
Серік Қали