https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Сапарға шығудың әдебі

08 Шілде 2021 0 comment Оқылды: 582 рет

بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

 

Адам баласы өзінің өмірінде әр-түрлі жағыдайға тап болады. Сол бір жағыдайлардың бірі - сапарға шығуы. Әсіресе қазіргі уақытта көліктердің қол жетімді болып көбеюінің себебінен адамдар жиі сапарға шығатын болды.

         Әрбір адам баласы сапарға шыққанда әр түрлі қиыншылықтарды бастан кешеді. Сондықтан Алла Тағала сапарға шығушыға көптеген жеңілдіктерді берді. Бірақ соған қарамастан сапардағы адамға қосымша құлшылықтар мен зікірлерді оқып тұру қажет. Сапарға шығушы сапар әдептерін сақтап және сапарда оқылатын дұғаларды оқып жүргені жақсырақ.

       Сапарға шықпас бұрын адам баласына ең бірінші шариғи білімді, ақыл тоқтатқан, дана адаммен кеңескен жақсы болады. Өйткені қазақта сөз бар “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” дегендей сапар алдында жақындарыңыздан жөн сұрап алған абзал. Бәлкім барар жердің сіз білмейтін беймәлім тұстары немесе таңдалған уақыт қолайсыз болуы мүмкін. Бұл білімді білікті адамдардан дұрыс мағлұмат жинау арқылы білінеді.

         Алла Тағала Қасиетті Құранда Ал-Ғимран сүресінің 159-ші аятында былай баян етеді: “Сондай-ақ олармен әр істе кеңесіп отыр”. Осының себебінен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым өзінің сахабаларымен кеңесіп отырған. Бізде осы көрсеткен жолмен жүрсек көптеген сауаптарға кенелеміз.

         Егер біздің шығып бара жатқан сапарымыз берекелі әрі пайдалы болсын десек Алла Тағалаға қайырылып дұға тілеп намаз оқу қажет.

Жәбир ибн Абдулла (Алла одан разы болсын) былай дейді: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге барлық істерде Құран сүрелерінің бірін мұқият үйреткеніндей, Алла Тағаладан истихара сұрауды үйретіп, былай дейтін еді: Егер сендердің біреуің қандайда бір істі бастамақ болса парыз етілмеген екі ракағат истихара намазын оқысын да кейін былай десін:

«Ей Аллам! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретіңмен мені қуатты еткейсің. Расында менің күш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал сен барлық нәрсені білесің. Әрі сен көрместі де толық көрушісің.

Ей Аллам! Егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, (немесе былай дейді: қазыргі өмір тіршілігім де келешекте) бұл істің мен үшін хайырлы екендігін білсең, оны маған нәсіп ете гөр.

Әрі маған ол істі оңай етіп, кейін оны мен үшін берекелі ет! Ал егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында бұл іс мен үшін жаман екендігін білсең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр».

Жаратушыдан өзін жақсы жолға салуын сұраған, әрі момын мұсылмандармен кеңесе отырып өз ісінің дұрыс екендігіне көз жеткізген кісі өкінбейді.

Сапарға шыққанда ең бірінші адам баласының ниеті түзу, мақсаты айқын болғаны дұрыс. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: “Амалдардың барлығы ниетке байланысты”. Одан кейін қарыз алып немесе аманаты болған болса оларды қайтарып беруге тырысу керек өйткені сапарда әр түрлі жағдайлар болады.

Содан кейін ата-анаңның разылығын және рұқсаты мен батасын алып сапарға аттану керек. Осыдан басқа да сапардың әдептері бар. Егер адам баласы Қажылық немесе Умра жасауға сапарға шығатын болса, оған міндетті түрде   Қажылықтың немесе Умраның ол жерде орындалатын барлық парыздарды және уәжіптерді тыйым салынған істердің барлығын біліп алғаны жөн болады.

Сапардың беймәлім тұстары мен кездейсоқ жағдайлары көп. Кейде сынаққа толы болуы да мүмкін. Сондықтан дайындалып шыққаны дұрыс. Мүмкіндікке қарай бейсенбі күні сапарға шыққан жақсы. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен болған амал.

Сапарда жүргенде көп дұға жасау. Дұғаның маңыздылығы зор. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күнделікті айтатын дұғаларында адамның қауіп-қатерден аман болуына себеп болатын дұғалар көп. Біз білмейтін сынақтар дұғаның себебімен жеңілдеуі өзгеруі мүмкін.

Сапарды аяқтаған болса отбасына оралуға асығу - ардақты Алла Елшісі өсиетінде: “Кімде-кім сапардағы қажеттілігін аяқтаған болса, отбасына дереу оралуға асықсын” – делінген.

Алла Тағала әрдайым сапарымызды оң қылып, өзі риза болатын амалдарға пайдалануды нәсіп етсін.

Талдықорған қаласы «Жетісу» мешітінің ұстазы

Ақылбеков Марлен

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз