Ислам дініндегі көркем-мінез құлықтарға ие болу үшін ең алдымен нәпсіні тәрбиелеп тежей білу қажет. Осы тәрбиелеу адамзат атауының бақытты немесе бақытсыз болуын белгіліп беретін ең негізгі жайттар болып саналады. Нәпсіні тәрбиелеу дегеніміз еш уақытта Алла мені бақылап тұр деген сенімсіз нәпсіні өз жөніне тастап қоюға болмайды. Нәпсі онсыз жолдан шығады. Алла мені бақылауда деп түсініп, оны жолға қоюда Құран аяттарында, Алла Тағалла «Ниса» сүресінде: «Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», деп бұйырады. Расында, Алла Тағала бәрін көріп, сезіп тұрушы. Мұны түсінген әрбір жан өзін қолға алуы тиіс. Омар ибн Хаттаб (р.а) риуаят етеді: «Алла елшісінен (с.а.у) ихсан туралы сұралғанда: «Аллаға Оның көріп тұрғанындай, егер сен Оны көрмесең, Ол сені көріп тұрғандай құлшылық жасауың», деп жауап береді.» Осыдан келіп, мұсылман адам әр сәтінде Алла Тағала оны көріп тұрғандай ықыласпен өмір сүруі, Жаратушының разылығын алуға тырысуы қажет. Егер бұл жоғарғы мәртебеге жетуге жігерсіздік танытса, әрбір сәтін Алла Тағала мені көріп тұр, деп ойлап, соған жараса іс-әрекет жасауы лазым. Сонда ғана ихсан (кемелдік) дәрежесіне жетеді.
Пенде әрбір жағдайда Алла Тағаланың көріп тұрғанын сезініп, жақсы амалдар жасаса және өзін әдеп шеңберінде ұстаса, Алланың бақылап тұр деген амалын жасаған болады. Мәселен, жай ғана отырғанда, ұйықтағанда немесе дәретханаға барғанда ниет етіп Ислам әдептерін ұстанса, әркез Алла көріп тұр деген сенімде болады.
Пенденің мінәжат етуіндегі бақылап тұр деген сенімде ниет ету, құлшылықты толық және көркем түрде орындау арқылы жүзеге асады. Адам қателікке бой алдырған кезде жаратушы мені бақылауда деп тәубе ету, қылған ісіне өкіну, күнадан арылу, ұялу мен ол қателікке қайта бармаумен жасалынады.
Нәпсіні тәрбиелеу Аллаға серік қосу мен соның нәтижесінде пайда болатын лас тірліктерден тыю деген сөз. Нәпсінің тәрбиеленуі Алла Тағалаға деген құлшылықтың нұқсансыз болуы арқылы жүзеге асады.
Нәпсіні ешкім өлтіре алмайды, оны тәрбиелейді. Нәпсімен күресудің ең төте жолы – күн сайын өзін есепке тартып отыру. Хазіреті Омар (р.а.): «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер», – деп өнегелі сөз қалдырған. Сондықтан адам болып жаратылудағы мақсат – Аллаға құлдық екенін ұмытпай, сол жолда өз-өзіңе мықты бақылау механизмін орнату қажет. Алла Тағала былай дейді: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды» («Шәмс» сүресі, 9,10-аяттар).
Нәпсісін иман сүзгісімен тазартпайтын адам жамандықтан құтыла алмайды. Әрбір жаман істің артын күнәлі іс күтіп тұрады. Демек нәпсісін үнемі тақуалықпен тәрбиелейтін кісі ғана жаны мен тәніне кір жұқтырмайды.
Талдықорған қаласы
«Нұр» мешітінің бас имамы
Алмас Данагулов