Пайғамбарымыз ғайбаттың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар «Алла пен Оның елшісі жақсы біледі» деп сөзді өз аузына салады. Сонда Пайғамбарымыз: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы» дегенде: «Егер ол айтқандарымыз оның бойында бар болса, бұл да ғайбат бола ма?» – дейді бір кісі топ ішінен. Сол кезде жамандықты жан дүниесімен жақтырмайтын аса сезімтал Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, онда оған жала жапқан боласың», – деп Пайғамбар (с.а.с.) өзінің үмбетіне қалай болғанда да тілді ғайбаттан сақтау керектігін ұқтырған, бір-бірлерінің сырттарынан жамандап, жәбір көрсетуге қатаң тыйым салып, одан сақтандырған. Демек, ғайбат – ғайбатталған адам сол жерде болып, өзі жайлы айтылғандарды құлағымен естісе ренжитіндей сыртынан айтылған сөздер. Егер ол айтқандары дұрыс болған күннің өзінде, ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәрселер оның бойында болмаса – әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә жамалмақ.
Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат сөз айтып, бір-бірлерін мазақ қылуға қатаң тыйым салынған. Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегендей үлкен күнә болып саналады. Алла Тағала былай дейді:«Ей, иман келтіргендер! Бір адамдар басқа бір адамдарды келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман?! Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында ойлардың кейбірі күнә. Бір-бірлдеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» (Хужурат, 11, 12); Адамның сыртынан, ол жоқ кезде жаман сөз айту өте үлкен күнәлардың қатарына жатады. Оны айтқан адам ақыретке азапқа тартылады.
Дінтанушы ғалым, философ, имам Әбу Хамит әл –Ғазали (1058 —1111 жылдары өмір сүрген) осыған қатысты былай жазады:
«Исламда ғайбат айту - харам саналады, ғайбат сөзбен айтылып қана қоймайды, тұспалдап, астарлап, мысқылдап та айтылады, адам іс әрекетімен де ғайбат етеді, біреуге нұсқау беру арқылы да жүзеге асырады.
Адамды мұқату, жөнсіз тиісу, орынсыз сынға алу да ғайбат. Біреуді балағаттау да, адам туралы жаман ойлау да, күдіктену де, адам кемшілігін көрсету де дұрыс емес» деп санайды. Қазіргі адамдар күнделікті өмірінде: отбасында болмасын, туыстық қарым - қатынасында, жұмыста, қызметінде болмасын, қоғамдық ортада, жиналған жерде болмасын - біреуді сыртынан сөз ету, жамандау, бұрын өмірден өткен, не қазір өмір сүріп жүрген адамдардың сыртынан өсек айту, оларды жамандау адамдардың қалыпты әдетіне айналды.
Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Сондықтан Алла: «Бір-бірлеріңнің кінәларыңды тіміскілеп іздемеңдер», – десе, Пайғамбарымыз (с.а.с.) : «Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады», – деп ескертеді. «Жаңыл-майтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – діндес бауырларымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктер мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу. Раббымыз бізді рас сөз сөйлеп, өсек-ғайбаттан аузына алмайтын шынайы мүміндерден қылсын! Өлі адамның етін жеумен тең болатын үлкен күнәдан – ғайбаттан сақтасын!