Бисмиллаһир-рахманир-рахим!
ХХІ ғасырдағы жаһандану, техника мен технологияның қарыштап дамыған дәуірінде тәрбиеге біржақтылы қарау байқалады. Мәселен, ата-ана баланың тек қана материалдық жағының жақсаруын көздегендіктен, баянсыз байлықтың, күйбең тіршіліктің соңына түсіп, негізгі, құндылық саналған нәрселердің барлығын мүлде ұмытып кете бара жатқан сияқты. Кешкісін үйге келгесін баласының үйде жүргенімен өзін жұбатып, таң атысымен қайнаған тіршіліктің базарына қойып кетеді. Кешке тағы да сол күндегі жайт қайталанады. Баласының ойы, онымен сырласу, кімдермен араласып жүргендігі, болашақ өмірге дайындығы мен арман-мақсаттары тыңдалмай, ескерусіз қала береді. Бала көшедегі көрген-білгендерін әке деп санаса, үйдегі теледидар немесе компьютердегі, ғаламтордағы ақпараттар оған ана болмақ. Ата-анасынан тірідей «айырылғандардың» қатарына осындай жастарды да жатқызуға болады.
Балам дейтін әке болмаса, әкем дейтін бала қайдан болсын?! Бала ішіндегі арман-тілектерінің барлығын бөгделермен бөлісіп, ал үйіндегілерге жат адам болып өсіп жетіледі. Ал байғұс ата-ана «балам аш қалмасын, қатарынан кем болмасын» деп, тіршіліктің күйбеңімен жүргенде, күндердің күнінде бетіне бақшиып қарап, «ә десе, мә» деп тұратын, яғни бала көше мен теледидардан (ғаламтордан) көрген тәрбиесінің бәрін өздерін елемеген ата-анасына көрсеткенде, өзінің емес өзгенің баласын көргендей жағасын ұстап, зар жылайды. Тәрбие беру деген міндетті мүлде ұмытқандықтан, бала өзінің тәрбиешілерін тауып алады. Бұл кереғарлықтардың қатарына қазақи дәстүрімізден қол үзгенімізді, дініміздегі тәрбие құндылықтарымен жете таныс болмағанымызды да қосыңыз.
Осы жерде көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сау, терең ойлы оқырмандарға тақырыпқа сай мына бір ғибратқа толы оқиғаны ұсына кетейін. Бала тілімен баяндасақ: «Ата-анам маған үндемей отыруды үйретті. Сағаттап үн шығармай отыру мен үшін өте оңай болды. Не үшін дейсіз бе? Балалық кезімде әкеммен осылай түсінісіп, сырласатынбыз. Әкем жұмыстан үнемі шаршап келетін. Үйде қара кешке дейін отырғандықтан, оның келуін сабырсыздана күтетінмін. Ол келгенде мойнына асылып, менімен ойнауын қалайтынмын. Әкем маңдайымнан сүйіп, иіскейді де: «Ботақан, бөлмеңе бара ғой», – дейтін. Содан кейін оны кешкі дастарқан басында ғана көретінмін. Анам екеуінің әңгімелеріне араласып, олармен бірге жарыса сөйлеу арқылы өзіме көңіл аудартқым келетін. Сол кезде әкем: «Күні бойы адамдардың айқай-шуынан шаршап келгенім аздай, енді оған сен қосылдың», – деп ренжитін. Шешем де оған қосылып: «Азаннан кешке дейін сенімен әлек болдым, сөйлесуге мұрша берсейші», – деп бөлмеме кіргізіп жіберетін. Олардың мені түсінбегеніне қынжылып, амалсыз көзіме жас үйірілетін. «Біздің заманымызда жеке бөлмеміз де болмайтын. Балаға бәрін бердік, тағы не жетіспейді осы, түсінбеймін?!» – деген әкем бұлқан-талқан ашуланатын. «Шіркін, жеке бөлмем болмай, үйіміз бір бөлмелі болғанда бәріміз үнемі бірге болатын едік», – деп армандайтынмын.
Кешкі астан соң әкем диванға жайғасып теледидар көретін. Кейде мені шақырып, біраз еркелететін. Сол сәтте теледидардан маңызды бір жаңалық беріліп жатса, қимылдауыма да рұқсат етпейтін. Жүгіріп ойнағым келсе, дереу «өз бөлмеңе бар» деген сөзін еститінмін. Осылайша үндемеуге әбден үйрендім.
Сол кезден бері тек қана үндемей отырып ойнайтын ойындар ойлап табуға тырыстым. Сурет сала бастадым. Әкем мен салған суреттерді ұнатып: «Осылай тыныш қана ойнасаң болады ғой», – дейтін. Суреттеріме көз қырымен ғана қараса да, енді «бөлмеңе барып ойна» демейтін болды. Анам да риза болып: «Соңғы күндері ұлым сондай тәрбиелі болып жүр, есі кіріп келеді», – деп көршілерге айтып жүрді.
Суреттер көбейген сайын бөлмені таза ұстау мүмкін емес-ті. Шешем бөлменің үнемі шашылып жататынын көргендіктен, бір күні сурет салуыма да тыйым салды. Дегенмен көптен бері ойлап жүргенімді қағаз бетіне түсірдім. Әкем жұмыстан келген кезде онымен сөйлесуге ыңғайлы уақыт іздедім. Әдеттегідей кешкі асымызды ішіп, әркім өз ісімен айналыса бастады. Әкем теледидар қарауға отыра бергенде оған салған суретімді көрсеткенімде «жақсы» деген бағасын берді. Біраздан соң әкем суреттегі кейіпкерді нұсқап:
- Сірә, мына адам мен болармын?
- Жоқ, ол – менмін, сіз – мына кішкентай баласыз.
- Сен қателісіп тұрсың, бұл адам – менмін, сен – мына кішкентай баласың, ал қасыңдағы қыз – досың.
- Жоқ, үлкен адам – менмін, сіз – суреттегі кішкентай баласыз, қасыңыздағы қыз – анам.
Әкем сөз таластыруды тоқтатып:
- Жарайды, солай-ақ болсын, бізді неге кішкентай етіп салдың?
Мен дереу ойымдағыны былайша жеткіздім: «Мен есейгенде үлкен адам боламын. Жұмыс істеймін. Сіздер қартайып, кішірейесіздер. Көрші Мамырбай ата мен Мәриям aпaға ұқсап қаласыздар. Мен жұмыстан үйге шаршап келетін боламын. Сіздер менімен сөйлескілеріңіз келгенде: «Жұмыстан басым қатып келді. Мазамды алмаңыздаршы», – деп сөздеріңізді құлаққа ілмейтін боламын. Сіздер менімен қызықты бір әңгімелеріңізді бөліскілеріңіз келген кезде мен: «Түу, бөлмеңізге барыңызшы, демалуға мұрша бересіз бе?. Барлық нәрселеріңді алып бердім, не жетпейді сіздерге, түсінбеймін?!» – деп ашуланамын.
Ата-анам менің айтқандарымның барлығын мұқият тыңдады. Көздеріне жас үйіріліп, бір-біріне кезек-кезек қарады да, мені құшақтап, иіскеп, бетімнен сүйе бастады. Олар сол күннен бастап менің сөзімді аяғына дейін тыңдап, мән беретін болды».
Иә, тәрбие мәселесі – атүсті қарайтын мәселе емес. Шығыс халықтарында айтылатын «Бала қымбат болса, баланың тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөздің мәні терең. Өйткені тәрбиелі ұрпақ – ата-ананың мақтанышы, елдің ертеңі. Кез келген халықтың болашағы, оның өміршеңдігі рухани қайнардан сусындаған, ұлттық рухы кемел, жақсы тәрбиеленген ұрпақтың қолында. Егер ұлт өз болашағын аманат етіп тапсыратын текті, саналы ұрпақ өсіре алмаса, оның келешегі бұлыңғыр тартпақ. Сөз жоқ, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттың келешегіне ата-ана жауапты. Сондай-ақ баланың тар ойлы, жетесіз болып өсуіне, парықсыз қылық танытуына тәрбиешінің кінәланғаны тегін емес. Сол себепті ұрпағының өзінен оза туғанын қалаған мұсылман халықтары бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Осы орайда, Ислам дінінің кемел тәрбиеге қосар үлесі зор. Баяғыда бір кісі ғалымға барып: «Балам бір жасқа толды. Тәрбиесін қай кезден бастаған дұрыс?» – деп сұрағанда, әлгі ғалым: «Тәрбиені бір жылға кешіктіріпсіз», – деген екен. Мұнан тәрбиенің сәби жарық дүниеге келген сәттен бастап қолға алыну керектігін байқаймыз. Ал Исламда бала тәрбиесі жігіттің өзіне қалыңдық таңдау сәтінен-ақ басталады. Өйткені болашақ ананың арлы, ақылды, ұятты, көрегенді, діндар болуы ұрпақ тәрбиесіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Өнегелі өмірдің жарқын үлгісін адамзатқа танытқан Пайғамбырымыз (с.а.с.) да: «Жар таңдаған жан әйелдің төрт қасиетіне көңіл бөледі: дүниесі, тектілігі, әдемілігі және діндарлығы. Діндарын таңдаған бақытқа кенеледі» (Бұхари, «Никаһ», 15), – деу арқылы болашақ қол ұстасқан асыл жарыңның иманды болуын өсиет еткен. Сондай-ақ отбасы адал некеге құрылуы керек. Неке Хақ Тағаланың рұқсаты аясында қиылғаны абзал. Өз атымен қиылған некені Жаратқан Ие құтты әрі берекетті етеді. Мұндай неке – баянды болашақ пен жарасымды өмір сүрудің кепілі. Ал бұл ұрпақ тәрбиесінде өте маңызды болмақ.
Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін, ата-ана балаға өмірде жақсы-жаманның, дұрыс пен бұрыстың не екенін, қалай жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беруге міндетті. Хадисте бұл турасында: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие», – делінген.
Ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Барлықтарың – шопансыңдар, қарамағындағыларға жауап бересіңдер… Ер адам – отбасының шопаны әрі қол астындағылардан сұралады. Әйел – отағасының үйінің шопаны және қол астындағылардан жауапты» (имам «Бұхари»), – деген хадисінде әкенің міндетімен қатар ананың міндетін де баяндап тұр. Балаларға қарау, оларды бағып-қағу да – ананың басты міндеті. Ал осы міндетті дұрыс орындамаған жағдайда орны толмас өкініштерге соқтығарымыз анық. Сондықтан болашақтың тұтқасы – қазіргі жастарымыздың тәрбиесіне баса назар аудару – әрбіріміздің басты міндетіміз екенін ұмытпайық. Пайғамбарлардан (а.с) үлгі алып, былай дұға қылуды әдетке айналдырайық: «Раббымыз! Екеумізді де өзіңе мойынсынушы қыл, ұрпақтарымызды да өзіңе мойынсұнушы бір үммет қыла гөр!». Алла Тағала баршамызға қайырлы, ізгі ұрпақ нәсіп еткей! Әмин!
Алакөл ауданы Досктық Ақ-мешітінің имамы Жакенов Елдос