https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Білімді анадан, білімді бала туады

27 Apr 2015 0 comment Оқылды: 3226 рет

Қазақ  қызын қадірлеген халық. Еркелетіп өсірген.  Еркелету дегеніміз бетімен жіберу емес, керісінше қыз баланың жүрегіне мейірім жылуын сіңіру. Ал, адамның жүрегіне жылылықты біз кітаптан оқып емес, нақты бір амалдар арқылы кіргіземіз. Қыз бала болашақ ана, ал ананың қоғамдағы орны бәрімізге белгілі. Батыр, ғалым, өнер иесі, қайраткер… т.б. тұлғалардың бәрі ананың құрсағынан шығады, әрі оны дүниеге әкелуші құдірет – ана. Қазақ: «алып анадан туады» деп бекер айтпаған. Өйткені, анасының құрсағында жатқан бала – анасынан тек қорек ғана алмайды, сонымен қатар өміріне қажет бүкіл рухани азықты  бойына сіңіреді. Анасы көңілді болса, бала жайлы, ал анасы ашулы болса, бала мұңды т.б.

Демек, дүниеге келетін сәби, жас ұрпақ дені сау, қабілетті, мейірімді болуын қаласақ, онда қазақ қызының тәрбиелі, мейірімді болуына көңіл бөлу керек екен. Қазір қазақ қыздарының көпшілігінің (бәрі емес) рухани ахуалы жақсы деп айту қиын. Оған қарындастарымыздың тек өздерін кінәлау әрине орынсыз.  Сондықтан қазір қазақ қызының – иманды, білімді, әдепті, мейірімді, көркем мінезді болу, табанды, төзімді, сабырлы, адал… т.б. болуына, барлығымыз, тіпті мемлекет ат салысуы керек. Өйткені, қызы бұзылған ел оңбайды.  Ол үшін:

Біріншіден, болашақ анаға имандылықты үйрету керек. Себебі, ол діни сенімнің арқасында ақ пен қараны, өтірік пен шынды, харам мен халалды, жаман мен жақсы тез ажырататын болады. Әйтпесе, мынандай сұрқия заманда қарындастарымызға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырату қиынға түсуі сөзсіз.

Екіншіден, білім алуын қадағалау. Яғни мектепті жақсы оқуын талап ету, көмектесу. Кейін мүмкіндік болса жоғары оқу орынды оқыту, егер арнайы оқуға түсу мүмкіндігі болмаса, онда қыз баланың үйдегі тәрбиесін қадағалау керек. Мысалы: пайдалы кітаптар оқыту, әртүрлі жақсы істі үйрету, жанұя құруға керек мағұлматтармен таныстыру т.б.

Жалпы қыз бала жоғары оқуды напақа табу үшін емес, болашақта жанұя құруына қажеттігі үшін оқимын деп ниеттенуі керек. Себебі, білімді анадан ақылды, қабілетті бала өмірге келеді. Әрі әйел адам өзінің алған білімін туған перзентіне үйрете алады. Анасының тәлімінен (мектептен бөлек) сабақ алған перзент өз кезегінде қоғамда топ жаратыны даусыз. Міне анасының еңбегі ақталды деген осы. Ислам тарихында аты шыққан батырлар мен ғалымдардың өмір баяндарында олардың аналарының тегін емес, білімді болғаны жайлы және сол білім- парасаттылығын жас нәрестеге алғаш болып үйреткендігі туралы ескеріліп айтылады. Сонымен қатар білімді әйел күйеуімен де, туысқандармен де тіл табысуы жеңіл. Қоғамдағы болып жатқан оқиғаларды сараптай біледі.

Әйелдің басты міндеті жанұя құру, қоғамға сапалы жас ұрпақ тәрбиелеу деп ниеттенген қыз балаға, сондай ұстанымдағы, оны асырайтын ер азаматтың кездесетіне ешқандай күмәнім жоқ. Себебі барлық шаруа ниетке байланысты, «ниетің түзу болсын» деп қазақ босқа айтпаған. Ал егер қыз бала қызмет істеймін деп ниет қойса, онда жағдай солай болады. Қызмет істеген соң кешірек күйеуге шығады. Қызметтегі әйел баланы бала бақшаға немесе жалдап біреуге бақтырады, ал жалданған тәрбиеші балаға өз анасындай жаны ашып, жақсылық үйрете алмайтыны анық.  Жапон елінде аналар үйде отырып балаға қарағаны бұлай тұрсын, баласымен бірге мектепке барып, сабағына бірге қатысып, баласының  дәрісті толық түсініп меңгеруін қадағалайды екен.

Үшіншіден, болашақ ананы тәрбиелеу, ол қоғамды тәрбиелеу. Қыз балаға әдептілікті, сабырлықты кішіпейілдікті, төзімділікті, мейірімділікті… сөзбен айтып емес, кәдімгідей амалмен көрсетіп, үйрету керек. Мемлекет деген көптеген жанұялардан құралады.

Төртіншіден, қыз баланың теңін тауып қосылуына ат салысу. Салтымызда қыз баланы ата-анасы теңін тауып беріп ұзататын болған. Егер ата-ана қызы үшін алаңдап, оған күйеу бала іздесе ол шариғатта кемшілік емес. Себебі Шұғайып пайғамбар ә.с. Мұса ә.с.пайғамбарға өзінің қызына үйленуін ұсынды. Ол кезде Мұса әлі пайғамбар емес еді.  Мал дүниесі жоқ, перғауыннан қашып келген баспанасы жоқ біреу еді. Бірақ оның сөзінің орнықтығына және бойындағы жақсы сипатына қарап, Шұғайып қызын беруге тәуекел етті.

Ата-ана ескеретін жайттардың бірі егер қыз бала үйленемін десе, студент болсада, тоқтау салмаған жөн. Себебі қазір қыз баланың үйлену уақыты 18-22 жас деп қарасақ, онда қыз баланың тағдырында осы уақытта (өзіне сай және ұнайтын) өзінің теңі көбірек кездеседі. Ал, оқу-тоқу деп қыздың жасы 25-30 таяса, онда қыз балаға ұнайтын күйеудің табыла қалуы сәл қиындау болады. Темірді қызған кезінде соқ, демекші, әр нәрсе өз уақытында болғаны жөн. Сондықтан 20 жасында күйеуге шығамын деген қыз балаға ата-ана қолдау көрсету керек. Оқуды кешіктіруге болады, ал тағдырды қайтару мүмкін емес.

Оқу бітірген қыз бала жұмысқа орналасуға келгенде,  мекеме басшылары қыздардың бірінші үйленіп келуін талап ету керек, ал үйленгендерді жұмысқа міндетті түрде алу керек. Әйел адамдардың көбірек үйленуі қоғам үшін өте пайдалы екеніне  талас жоқ. Келесі әрбір ер адам қыз балаға құрметпен қарап, оны қорғау, қателіктерін байқаса, оны пайдаланып кетудің орнына, керісінше тәрбиелеуіміз керек. Осындай ұстанымдарды әрбір жанұя ескерсе, сәлде болса жағдай басқаша болар ма еді.

Талас Толағай

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз