https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ҮЙ ШАРУАСЫНАН ШАРШАСАҢЫЗ

09 Mar 2019 0 comment Оқылды: 1026 рет

Кейде әйел заты шашылған үй мен тау-тау ыдыстарға қарап бүкіл әлемнің ауыртпалығы өзіне ғана төніп тұрғандай сезімде болады. Ашуға булығып, ақырында жарылып «Бүкіл өмірім осылармен өтіп жатыр!» «Неге мен ғана істей беруім керек?» деген секілді сөздермен үйде дауыл тұрғызады. Оның құрбаны – әдеттегідей отбасы мүшелері. Иә, мұны шаңырақтағы келеңсіздік пен ұрыс-керістердің негізгі себептерінің қатарына жатқызсақ та артық емес. Сенесіз бе, осы таусылмайтын, қайталана беретін үй шаруасынан-ақ әйел өзін бақытсыз, бейшара сезінеді. Ал бақытсыз әйелі бар отбасы ешқашан бақытты бола алмайтыны анық. Бір қарағанда бұл қарабайыр тақырып көрінгенімен, отбасы әлемі үшін қаншалықты маңызды екенін алдағы тұжырымдардан аңғаратын боласыздар. Олай болса, біз дәл осындай жағдайда жүрген қыз-келіншектерге мына нәрселерді айтқымыз келеді:

ҮЙ ШАРУАСЫМЕН АЙНАЛЫСУҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСТЫҢ ЖОҚТЫҒЫ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Жуылмаған ыдыстар, шашылған ойыншықтар, үтіктелмеген киімдер, үйдегі ретсіздік...

Жүрек түбінде менің орныма келіп басқа біреу жасай ма немесе өздігінен жоқ болып кете ме деген үміт бар.

Сіз мұнымен ештеңе шеше алмайсыз. Асылында, бұл сіздің - жауапкершілігіңіз. Үйдегі реттілік, жинақылық – әрбір саналы әйелдің ішкі табиғи қажеттілігі.

Сіздің үйіңіз – бұл сіздің айнаңыз. Бұл шаңырақтан сіздің өміріңіз, ойыңыз, сезімдеріңіз көрініп тұрады.

Үй – бұл әйелдің басты шығармашылығы әрі ол әйел үшін де, отбасы мүшелері үшін де күш-қуат, шабыт алатын орда болуы тиіс. Себебі, әйел адам өз табиғатына сай үй жұмыстарын атқарған кезде ерекше шабыт, әйелге тән нәзіктік пен күш-қуат алады. Оның бойында әйелге тән эстроген гормоны көбейеді. Яғни жан дүниеңізде, дене бітіміңізде ауытқушылық емес, үйлесімділік, реттілік пайда болады. 

Жалқаулығы мен шаршағандығы себепті үйде жайлылық орнатуға құлшынбайтын әйелдің басқа ешнәрсеге, әсіресе, ер адаммен қарым-қатынас жасауға қабілеті жоқ.

ЕГЕР ТҰРМЫСТЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРДАН ШАРШАП ЖҮРГЕН БОЛСАҢЫЗ...

«Бітті!» «Шаршадым!» «Болды!» «Қажыдым!» деп қолды бір-ақ сілтегіңіз келетін кездер де болып тұрады, солай ма? Неге екенін білесіз бе? Себебі, сіз үйдегі шаруаларды шын ниетпен, ықыласпен атқармай жүрсіз. Мәжбүрлікпен, амалсыздықтан жасалған жұмыс адамға ләззат емес, күйзеліс сыйлайды. 

Бүгіннен бастап тамақ істегенде, шаң сүрткенде, т.б істерді орындағанда ерекше махаббатпен жасаңыз. Мысалы, бірдеңе пісіріп жатып оны өзгеге емес, өзіңіздің ең жақын адамыңызға, балаларыңызға, ата-енеңізге дайындап жатқаныңызды, осы үшін көл-көсір сауап алатыныңызды есіңізге түсіріңіз.

Үйдегі төсеніштерді жуып, үтіктегенде оған ең жақын жандар ұйықтайтынын, тамақ істеген кезде одан күйеуіңіз дәм татып, күш-қуат алатынын қаперіңізге алсаңыз, бәрі оп-оңай шешіледі. 
Еркек сіздің жаңа сүлгіңізді немесе қанша уақыт тер төгіп дайындаған дастарханыңызды байқамауы мүмкін, бірақ ол сіздің осы шаңыраққа деген қамқорлығыңызды, махаббатыңызды сезеді. Сезбеуі мүмкін емес. Өйткені, ғалымдар: «Отбасындағы атмосфера әйелдің жағдайына байланысты болады. Энергияны әйел адам бөледі», - дейді.

Бұл сөздің жаны бар. Бала кезіңізді есіңізге түсіріңізші. Сіз даладан ойнап келген кезде бірден анаңызды іздейтін едіңіз ғой? Анаңыздың үнемі үйде жүруі сізге тыныштық, қуаныш сыйлайтын. Алаңсыз ойнайтын едіңіз.
Сол секілді ер адам да әйелі үйінде болған кезде жүрегі тыныш, көңілі жайлы болады. Еркектің өз үйіне кіргенде тазалық пен жайлылықты көруі, қамқорлықты сезінуі, қазанның қайнап, шаңырақтың жайнап тұрғанына сүйсінуі – аса маңызды нәрсе!

Есіңізде ұстаңыз, әйел үйдегі аспаз не еден жуушы емес, нағыз ҮЙ ХАНЫМЫ болуы керек. Ол әрбір бұрышы шабыт сыйлайтын, жылу, жарық, қамқорлық, сұлулық сезіндіретін шаңырағының ұйытқысы болғанда ғана отбасының әрбір мүшесі бақытты болады. Ал бұл сіздің өз қолыңызда!

http://www.asylarna.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз