Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Барлық әлемдегі махлуқаттарды құдіретін көрсете отырып, білімімен жаратқан Аллаға сансыз шүкір, мақтау-мадақтар болсын! Сондай-ақ пағамбарлардың мөрі болған, әрі барша әлемге рахым етіп жіберілген сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ әрі оның отбасына, артынан ерген сахабаларына және қияметке дейін олардың ізімен жүріп келе жатқан барша мұсылмандарға Алланың сәлемі мен берекесі жаусын! Жоғарыда айтып өткеніміздей Алла Тағала түрлі жаратылыстар жаратты, алайда соның ішінде адамзатты ерекшелеп, «Біз адамзатты ең көркем бейнеде жараттық»[1] -деп адамзатты басқа жаратылыстардан артық етті. Тіпті Алла Тағала: «Мен жер бетіне орынбасар жаратымын»[2]- деуімен адамның деңгейін періштелерден жоғары қойды. Адамзаттың басқа жаратылыстардын артық және ерекше болуының сыры, Алла Тағаланың адамзатқа білім беруі. Алла Тағала құранда: «Адамға барлық нәрсенің атауын үйретіп, кейін періштелерге, егер шыншыл болсаңдар мыналардың атауын айтып беріңдер деді. Сонда періштелер: Кемшіліктен пәк тек Сен ғана, бізде Сен үйреткеннен басқа білім жоқ, шындығында Білім мен Даналық иесі Өзіңсің. Сонда Алла Тағала: Ей, Адам! Мыналардың барлығын атап бер деп еді, Адам барлығының атауын атады, Сол кезде Алла Тағала Мен сендерге аспан мен жердің сырын, сондай-ақ жасырын және жария істеріңді білемін демедім бе?[3]-деп адамзаттың дәрежесін періштелерден жоғары қойып, тіпті періштелерге Адамға құрмет сәждесін жасауын бұйырды. Біздің жоғарыдағы айтылып өткен аяттардан аңғаратынымыз, адамзат басқа жаратылыстардан білімімен ерекшеленеді. Осы орайда ғұламалар арасында екі түрлі көзқарас бар: Әуелгі топ ғұламалары адамзат басқа жаратылыстардан ақылмен ерекшеленеді десе, екінші топ ғалымдары адамзат басқа жаратылыстардан білімімен ерекшеленеді деуде. Алайда көпшілігі екінші топ ғұламалардың көзқарасын құп көрген. Себебі ақыл адамзаттан басқа кейбір жаратылыста болуы ықтимал деген. Осыған байланысты мысал келтірер болсақ: Егерде сіз қайсы бір хайуанға нәпәқасын беріп тұрсаңыз, ол сізді көрген сайын сізге дағдыланып кетеді. Себебі оның ақылы сізді нәпәқа беруші ретінде қабыл етеді. Ал білімнің ақылдан жоғары екендігіне мысал келтірер болсақ: Қар таудың басына жауғанымен, ең алдымен тау етегіндегі қар ери бастайды. Ал егер ақылға салар болсақ, тау басындағы қар күнге сәл жақындау орналасқандықтан, алдымен жоғарыдағысы еру керек еді. Мінекей, осы кезде білім ақылды тиісті орынға қоятынын аңғарамыз. Яғни адамзатты басқа жаратылыстардан ерекшелейтін білім болғандықтан, оны шыңдап отыруымыз баршамызға ләзім болатыны ақиқат екен ағайын! Данышпан бабаларымыз да, осы ілім-білімге ұмтылысты үндеп кеткен қаншама өлеңдері бар. Мәселен Ыбырай Алтынсарин бабамыз:
Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық,
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық,
Ісің болар хайырлы, бастасаңыз Аллалап,
Оқымыған жүреді, қараңғыны қармалап,
Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар,-деп жырлап өтті. Әрі, кімде-кім білім алса, бейне бір, дәмі тіл үйіретін жеміс ағаштыры секілді. Жақын барып, үзіп ап, дәм татқыңыз кеп тұрады. Ал білімсіз адам болса, еш жемісі болмаған, әрі жеміс бермейтін ағаштар секілді болары сөзсіз. Сондай-ақ, білім адамды үлкен жетістіктерге жеткізері ақиқат. Ал бұл жетістікткрдің ең ұлысы, Алла Тағала жәннәт баққа барар жолын жеңілдетеді. Ол жайында ардақты пайғамбарымыз ﷺ Абу Дардадан (р.а) жеткет хадисте: « Мен Алланың елшісінен ﷺ былайдегенін естідім: Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Білімді адамның білімсізден артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар- пайғамбарлардың мирасқорлары. Шынтуайтында пайғамбарлар мирас ретінде алтын мен күміс емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені, -деп айтқанын естідім»[4],- деген сөзі әрбір саналы адамға ой салары сөзсіз. Және басқа бір хадисте: Мағауиядан (р.а) жеткен риуаятта Алла елшісі ﷺ : « Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, ол адамға діннің түсінігін береді»[5] деуі біздерді ілім-білімге құлшындыра түседі. Әрине, баршамыз Алладан жақсылық қалаймыз, сол жақсылыққа қол жеткізу үшін әрдайым өзімізді білімге дағдыландыруымыз лайық болады емес пе. Тіпті білім алу кезімізде бүгінгі күнгі алған біліміміз кешегіден бір сатыға болса да жоғары болуы ләзім болып табылады. Әрі біліміміздің себебімен Алла Тағала дәрежемізді жоғарылатады. Ол жайында Алла Тағала құранда: «Алла Тағала сендердің араларыңда иман келтіргендердің, содай-ақ өздеріне білім берілгендердің дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді»[6] - деуімен біздерді имандылық пен білімге үндеуде. Сондай-ақ білімді мен білімсізді тең емес екендігін басқа бір аятта: « Оларға білетіндер мен білмейтіндер тең бе?-деп айт»[7] - деп білімді мен білімсізді салыстыруда. Сонымен қатар ілім талап ету, нәпіл намаздардан да артық боп табылады. Абу Заррдан (р.а) жеткен хадисте Алла елшісі ﷺ : « Ей, Абу Зарр (р.а) сенің Алланың кітабынан бір нәрсе үйренуің сен үшін жүз ракағат намаздан хайырлы, ал білімнен бір нәрсе үйренуің сен үшін мың ракағат намаздан хайырлы[8] - деп білімді нәпіл намаздан жоғары қойды. Хазіреті ибн Аббаста (р.а) «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді. Сондай-ақ адамды әрдайым азғырып, тура жолдан тайдырушы әзәзіл шайтан үшін де, шариғатты жетік меңгерген ғалым, білімі шамалы қарапайым мың мұсылманнан әлдеқайда қорқынышты екен. Хадис шарифте: «Бір Фақих (шариғатты толық түсінген адам) шайтанға мың қарапайым мұсылманнан қорқыныштырақ»[9]- делінеді. Сондай-ақ адам ілім талап ету кезіндегі ниеті бір Алланың разылығы үшін болуы ләзім болым табылады. Хадисте: « Кімде-кім білімді үйренсе, Раббысының разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал керісінше, тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннәттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді, ілім үйрену мұсылман еркек пен әйелге парыз»[10]-деген екен. Демек, әрбір мұсылман білімді адал ниетпен үйренуі керек. Ал егер мақсаты тек қана байлыққа қол жеткізіп, мәртебеге ие болып, рахат өмір сүру болса, онда осы пәни жалғанның игіліктеріне кенелгенімен, жоғарыда айтып өткеніміздей, ахіреттегі жетістіктерден құр қалары әбден мүмкін екен ағайын! Сондықтан дініміздің осы әмірлеріне сәйкес ата-бабаларымыз білімге аса мән беріп, ілімдерін арттырып, сол біліміне сай амал етіп өткен.Тіпті ілім адамдарына құрметпен бас иген. Себебі ғылым барлық нәрседін артық болып саналады. Әйгілі ғалым Әбул Әсуад былай дейді: « Ғылымнан бағалы нәрсе болмайды. Өйткені сұлтандар адамдарға басшы, ал ғалымдар сұлтандарға басшы»[11]-деген екен. Тіпті сұлтандар ғалымдарға құрмет көрсеткеніне тарихымыз куә. Бірде Түрік билеушісі Явус Султан Салим Мысырдан қайтып келе жатқан кезінде жанында атақты дін ғалымы Ибн Кемалмен бірге балшықты жерден өтіп бара жатады. Ибн Кемалдың астындағы аттың аяғынан шашыраған балшық Явуздың киімдерін ластап, Ибн Кемал қысылып ұялады. Ұстаздың қысылып, ұялып тұрғанын көрген Явуз Султан Салим: « Қысылма, ұстазым! Ғалымның атының аяғынан шашыраған балшық-біз үшін сәнді әшекей. Бұл көйлек осы балшығымен сақталып, өлгенде табытымның үстіне қойылсын»,- деп өсиет айтып, ғалымдарға деген құрметтің үлгісін көрсете білген. Бірде хазіреті Әли (р.а) Кумейілге:
«Білім-байлықтан хайырлы, өйткені байлықты сен сақтайсың, ал білім сені сақтайды.
Білім-іздеумен көбейеді, жұмсасаң азаймайды.
Ал байлық жұмсаумен азаяды.
Білім досыңды көбейтеді, ал байлық дұшпанды көбейтеді,
Білім көп болса, есеп-қисап жасамайсың, ал байлықты ұдайы есептеп отыруың керек,
Білім қанша уақыт болса да шірімейді, ал байлық болса, ұзақ тұруымен бүлінеді.
Білім жаныңды байытады, ал байлық болса, жан-дүниеңді шектеп, тура жолдан тайдырады.
Білімді орынды сөйлейді және мәдениеті артады.
Ал байлығы мол адам онымен мастанып, астамшылық етіп, мақтан етеді. Сондықтан білім артық тұрады» -деген екен. Сондықтан құрметті оқырмандар! Ілім-білім ,адамзаттың дамуындағы басты қозғаушы. Жоғарыдағы хазіреті Әлидің (р.а) келтірген мысалының астарында терең мән жатыр. Ендеше ғылымға бас қоюмен ғана елімізді, ұлтымызді шыңдарға сүйрей аламыз. Сөз соңында данышпан бабамыз Абайдың өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көріп отырмын:
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз,
Ондай болу қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз,
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз,
Даналардың сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз!
-деп, жастарға насихат айтып, жыр-дастан төгіп кеткен. Алла Тағала баршамыздың білімімізді арттырып, ілімдерімізге амал етіп, және амалдарымыз өз деңгейінде қабыл болуын нәсіп еткей!
Алакөл ауданының бас имамы
Молдахметов Әнет
[1] Тин сүресі 4 аят
[2] Бақара сүресі 30 аят
[3] Бақара сүресі 31,32,33, аяттар
[4] Тирмизи ильм 19, Абу Даут ильм 1
[5] Бухари ильм 10, Муслим имара 175
[6] Мужәдәлә сүресі 11 аят
[7] Зумар сүресі 9 аят
[8] Дурротун насихин кітабы фи фадилатиль ильм 14 бет
[9] Ислам және ғылым кітабы
[10] Риядус Солихин кітабы
[11] Ислам және ғылым 14 бет