https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Дұрыс өмір сүру сырлары.

15 Nov 2018 0 comment Оқылды: 1835 рет

                              

Барлық мақтау-мадақ баршамызды жоқтан бар еткен, сан-санақсыз рызық-несібе берген Ұлы Жаратушы Раббымызға тән. Алла Елшісіне салауат-сәлемдер болғай.

Әбу һурайра (р.а.):  «Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолымнан ұстап: «Алла топырақты сенбі күні жаратты, тауларды жексенбі күні жаратты, ал ағаштарды дүйсенбі күні жаратты, жағымсыз нәрселерді (зарарлы нәрселер: аурулар, жаралар т.с.с.) сейсенбі күні жаратты, ал жарықты сәрсенбі күні жаратты, жануарларды бейсенбі күні жаратты, ал Адамды (ғ.с.) жұма күні асыр (уақытынан) кейін жаратты. Ол – жұма (күнінің) соңғы сағаттарының бірінде асыр мен түннің арасында жаратылған ең соңғы жаратылыс», – деді», – деген. (Хадисті Имам Мүслім мен Имам Ахмад риуаят еткен)

Бұл хадистен байқағанымыздай Құдіреті күшті Раббымыз адамзат атты жұмыр басты пендені жаратыпты. 

Құранда Адам ата мен Хауа ананың қиссасы былай баяндалады:

 Біз: «Ей, Адам! Сен және жұбайың Жәннатта тұрыңдар. Одан /жемістерінен/ ұнатқандарыңша, қалаған жерінен жеңдер, бірақ мына ағашқа жақындамаңдар. Онда әділетсіздерден боласыңдар», - дедік. Шайтан ол екеуін одан сүріндіріп, сөйтіп оларды болған мекендерінен шығарды. Біз «Түсіңдер! Сендер бір-біріңе жаусыңдар. Жерде сендер үшін бір мерзімге дейін тұрақ және пайдалану бар», – деп Раббымыз біз дәурен сүріп жүрген осы жалған дүниеге уақытша сынаққа жіберуге бел буады. Сол кезде Адам Раббысынан бір сөздерді қабыл алып /кешірім сұрағанда/, Ол оның күнәсіна өкініп, Өзіне бойсұнуға қайтуын /тәубесін/ қабыл алды. Сонда Алла: «Барлығың одан /Жәннаттан/ түсіңдер. Менен сендерге тура жол келген кезде, кімМенің тура жолыма ерсе, оларға ешбір қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды», - дедік. Ал, аяттарымызға күпірлік еткендер /қарсы келгендер/ және өтірік деп санағандар, міне, солар – Отқа /тозаққа/ түсетіндер. Олар – онда мәңгі қалушылар. («Әл-Бақара» сүресі 2/35-39)

Міне, осы уақыттан бастап барлық адам ұрпақтары мына жалған дүниеге келіп, жалған дүниенің сынағынан өтуі маңдайларына жазылды.

Бұл жалғанда пенде қалай өмір сүрсе бақытқа кенелу жолын өзінің қысқа ақылымен таба алмасы анық. Сол үшін Рахымы кең, Мейрімді Алла пенделеріне жол көрсетуші пайғамбарларын жіберді. Сонымен қоса адамзаттың екі дүниеде бақытқа кенелуі үшін жол көрсетуші кітіптарын түсірді. Сол кітаптың соңғысы Құран кәрім. Шынында біз осы Құранды мәңгілік сапарға кеткенше өзімізге серік етіп, Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмір-жолын үлгі, ата-бабаларымыздың сара жолын өзімізге жолбасшы ете алсақ бақытқа кенелеріміз анық.

Бір құдси хадисте Алла былай дейді: «Ей, Адам ұрпағы, тәубеге кешіккен, қызық қуып, ақиретке құр қол келгендерден болма...» деп ескертеді. 

Ешнәрсе ескерусіз, құр, бос күйі қалмайды. Әрбір дүниенің есебі бар, барлық нәрсені бүге-шүгесіне дейін жазып отырған екі иықта періштелер бар. Осыны түсінген әрбір саналы пенде өмірін ізгілікке, жақсылыққа, сауапты істерге арнайтыны анық. Бұ дүние – Ақиреттің егіні. Фәниде не ексең қияметте соны орасың. Біз Ақиретке сапар шеккен, сол мекенді бетке алған жолаушымыз.

Шағын ғана бір ауылда орта жастағы бір кісі дүкен ашып сауда жасамақ болады. Сөйтіп алға қойған жоспарын бастап та жібереді. Ол ақ көңіл, жайдарлы болғандықтан, ауылдың адамдарының бәрі оны жақсы көретін. Оның дүкеніне барып сауда жасайтын. Ауылдың тұрғындары тамыр-таныстарын да сол адамнан сауда жасауға кеңес беретін. Шаруасын кішігірім дүкеннен бастаған адам, бір жылдың ішінде Американың түкпір-түкпірінен сондай шағын дүкендер ашып тастайды.

Бір күні ауыр науқастанып, бұл дүниеден өтерін сезген адам, артында қалған үш ұлын қасына шақырып:

- Үшеуіңнің біреуі барлық дүкендерімнің иесі болады. Мирасымды соған қалдырамын. Менің арттағы дүние-мүлкіме қайсысың лайықты екенін білу үшін үшеуіңе де бір-бір доллардан беремін. Осы долларға бір нәрселер алыңдар. Кешкісін келгенде алған нәрселерің менің осы бөлмемді толығымен толтыруы керек. Шартым осы.

Ұлдары үлкен компанияны басқару мүмкіндігінен айырылып қалуды ойлап, не істерлерін білмей қатты абыржиды. Қалаға барып үшеуі де долларларын жаратты. Кешкісін әкелерінің қасына қайта келген кезде, үлкен баласы:

- Досымның шаруашылығына барып екі қап сабан сатып алдым - деді де, қаптарды ашып сабанды әр тарапқа шаша бастады. Алайда көп ұзамай сабандар еденге түсіп, бөлмені толтыра алмады.

Екінші баласы:

- Дүкенге барып екі жастық алдым - деді де, жастықтарды сөгіп, ішіндегі жүнді бөлменің ішіне шашып тастады. Бірақ жүн де көп ұзамай жерге түсіп, бөлмені толтыра алмады.

Үшінші ұлы:

- Долларды ұсақтап, 50 центін мешітке бердім, 20 центін қайырымдылық қорға бердім, 20 центін да садақа ретінде тараттым. Қалған 10 центке екі нәрсе алдым - деді де, қалтасынан сіріңке мен шырақты шығарды. Бөлменің жарығын сөндіріп, шырақты жақты. Сабан мен жүнге толмаған бөлме аз уақыттың ішінде шырақтың нұрына бөленді.

Әке баласына риза болып:

- Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүрудің ең жақсысы - айналаңа жарық тарату деген екен.

Пайғамбарымызда (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең қайырлысы – адамдарға пайдалы болғандар. Адамдардың ең жаманы – адамдарға зиянды болғандары»,– деп ескерткен.

Әрбір ақылды пенде үшін Жаратушысын танып, бұйрықтарын орындап, Раббысының разылығына қауыштыратын ізгі амалдар жасауы міндетті. Жаратушы Алла ізгі құлдарына дайындаған жаннатын баршамызға нәсіп еткей!

                                                                                             Ақсу аудандық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз