Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Халқымызда: «Отан – отбасынан басталады», – деген қанатты сөз бар. Отбасы – шағын мемлекет. Жанұяда жақсылық көбейсе, қоғамда ізгілік салтанат құрады. Қоғам түзелсе – мемлекеттің мерейі тасып, мәртебесі артады.
Мемлекет отбасы құндылығына айрықша көңіл бөліп келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы қыркүйек айының екінші жексенбісін «Отбасы күні» деп жариялады. Игі бастаманың аясында көптеген ізгі іс-шаралар жүзеге асуда. Атап айтқанда, бірнеше жылдан бері өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы жас жұбайларды жақсылыққа үндеп, ізгілікке ұйытуда.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен мүфтияттың діни қызметі аясында 2018 – «Ислам және отбасы» жылы болып бекітілді. Бас мүфтиміз осы бастама аясында дін қызметкерлеріне игілікті іс-шараларды жүзеге асыруды тапсырған болатын. Атап айтқанда, ер мен әйелдің міндеттері, бала тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлі, бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары, т.б. тақырыптарда уағыз айту, мақала жазу, отбасы мәселелеріне арналған арнайы тренингтер, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру, мешіт жанынан отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығын ашу, т.б.
Бүгінде Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Ораздың бастамасы аясында Қызылорда облыстық орталық мешіті жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығы» ашылды. Жергілікті жұртшылық аталған орталыққа келіп, кеңес, насихат алуда.
Осы ретте жанұя жарасымын сақтап, шаңырақтың шаттығын арттыратын бірнеше факторлар мен игі амалдарға тоқтала кетуді жөн көрдік.
Отбасы құндылығын арттыратын игі амалдың бірі – ата-ананы қадірлеу. Алла Тағала қасиетті Құранда әке-шешеге қалай құрмет көрсету керек екенін баяндаған:
Алла Тағала ата-анамызға дауыс көтеру былай тұрсын оларға кейіс білдірмеуді бұйырған. Ата-анасының батасы мен разылығын алмаған баланың бағы жана қояр ма? Майлықожа жырау:
«Қарамай кетсең анаға,
Қаларсың босқа табаға.
Ата-ана көңілін қалдырған,
Баланың бағы жанар ма?» – деп жырлаған екен.
Жанұяға жақсы қарау – ізгіліктің бастауы. Аптаның кем дегенде бір күнін отбасына арнаған абзал. Өйткені, баламен сұхбаттасу, онымен ойнау, жарыңмен сырласу, баланың болашағына қатысты жұмыстарды жоспарлау, т.б. амалдар шаңырақтың шырайын кіргізіп, берекесін арттырады. Жұмысбастылық отбасылық жоспардан үстем болмауы тиіс. Өйткені, жанұя – бәрінен биік тұратын құндылық.
Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» – деген. Үй шаруаларына көмектесу, баланың сабағына араласу, оның мектептегі жиналысына қатысу, үйірмелерге апару, отбасы мүшелеріне сыйлық беру, жанұямен саяхаттау, т.б. амалдар сүйіспеншілік пен бауырмалдықты арттырады.
Ерлі-зайыптылар бірін-бірі психологиялық әрі биологиялық тұрғыдан толықтыра түседі. Бұл – Алланың адамға жасаған мейірімі. Бұған Құрандағы мына аят дәлел:
Отбасындағы бала тәрбиесі де – маңызды амалдың бірі. Біздің халықта бала тәрбиесіне қатысты қағида қалыптасқан: «Бес жасына дейін баланың құлы бол, бес жас пен он бес жас аралығында оны құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас».
Бұл – бала тәрбиесіндегі басты құндылықтар. Жүсіпбек Аймауытов бабамыз бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген екен. Баланы дұрыс білу, қарым-қабілетін жан-жақты тану, көңіл-күйін аңғару, мұның бәрі оны тәрбиелеуге, былайша айтқанда жақсы басқаруға оң әсер етеді.
Мұсылманның мақсаты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», – деген екен. Тағы бір хадисте: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрибе беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – делінген. Бұл – тәрбиенің маңыздылығын меңзейтін хадистердің бірі. Бала қымбат болса, тәрбиесі одан қымбат.
Отбасы тәрбиесінде ескеретін жағдай – бала-шағаның қолымен садақа беру, яғни, жанұяны өзгеге жақсылық жасауға дағдыландыру.
Кішкентайынан садақа беруді үйренген бала өскенде өзгеге жақсылық жасайтын болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасында садақа көп берілетін. Хадиша (оған Алла разы болсын) анамыз жиған дәулетін Ислам жолында жұмсаған. Ол адамдарды исламға шақыру үшін жиі дастархан жайып, қонақжайлық танытатын. Бір жолы Айша анамыз (оған Алла разы болсын) бір қайыршыға ақша санап бермек болғанда пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Айша, беретініңді санамай бер, әйтпесе Алла да саған беретінін санап береді», – деген екен. Расында, садақа – адам өмірін ұзартып, отбасын бәле-жаладан сақтайды. Садақа – адамдар арасында мейірім мен бауырмалдықты арттырып, жақсылықты жаяды.
Алла Тағала отбасымызды аман етіп, жанұямызға жақсылығын жаудырғай. Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен ізгілік тілейміз.