Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге рахмат болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.
Қанағат- еш таусылмас бақыт қазынасы. Өйткені қанағатшыл адам Аллаға шүкір етіп, басқалардың қолдарындағыға қарамай, Алла Тағаланың аз да болса бергеніне және тағдырына разы болып, жүрегі тыныштық тауып, бақытты өмір сүреді. Сондай- ақ қанағат салихалы адамдардың ең көркем сипаттарының бірі. Қызылды-жасыл дүние қызығына беріліп, өмір сүріп жатқан қоғамымызда біз көбіне дәулеті бізден артқан кісіге көз тігіп, соның деңгейіне жетуді аңсап, ғұмыр кешудеміз.Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық астыңдағы жалғыз атыңды сойғызады. Екі көз тек топыраққа тоятынын естен шығарып, бар нәрсемізге қанағат тұтпай, дүниеге берілуіміз, көлігіміз бола тұра, оданда әдемісін мінгіміз келетіні қанағаттың жоқтығының белгісі. Киімнің ең жақсысын, әшекей бұйымнын ең қымбатын алғымыз келеді. Бұл әрекеттер ашкөздіктен, жүректе қанағаттың жоқтығынан туындайтын дерт. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын): «Егер адам баласына бір алқап толы алтын берілсе, онда ол осындай екі алқап болуын қалайтын еді. Оның аузын тек топырақ қана толтырады және тәубе етушінің тәубесін Алла Тағала қабыл етеді»- деп, айтқан. Адамға байыған сайын байысам деген ой келіп, рухани құлдырауға душар болады. Алла Тағала Исра сүресінде: «Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!»-деп, ысырап етіп, азға қанағат етпейтін кісілерді шайтанның досына айналатындығын ескертті. Қай мәселеде де ысырап етудің дұрыс емес екендігін Пайғамбарымыздың (оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын) мына хадисінен аңғаруға болады: Пайғамбарымыз )оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын( бірде Сағыдтың дәрет алып жатқаның көріп, оған: «Әй, Сағыд! Бұл не деген ысырап?»-дейді. Сонда Сағыд (Алла одан разы болсын): «Дәрет алу үшін қолданылған судың да ысырабы болады ма?»-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын): «Әрине, тіпті ағып тұрған өзеннің жағасында тұрып дәрет алсаң да», - деп жауап берді. Ең дұрысы, жақсы амалдарға талабың артуы үшін дінде және тақуалықта өзіңнен жоғарғыларға карап, ал дүниелік істе өзіңнен жағдайы тәуірге емес, керісінше әл-ауқаты өзіңнен төмендеу кісіге көз салып, шүкір ете білуді үйренуіміз қажет екендігін ұмытпағанымыз жөн. Бірде Пайғамбарымыз ) оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын(, өзінің сүйікті қызы Фатиманы түйе жүнінен тоқылған киіммен, бидай тартып отырғанын көріп, былай дейді: «Ей, Фатима! Бұл дүниенің кедейлігі мен ауыртпалығына шыда, себебі арғы дүниеде сені жұмақ пен рахат күтіп тұр». Бірде Омар (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздың )оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын( қарапайым күн кешуін көріп: «Әй, Алланың Елшісі! Патшалар жұмсақ мамықта жатады, ал Сіз болсаңыз жұқа төсеніште жатырсыз. Сіз, Алланың Елшісі емессіз ба! Сондықтан басқаларынан қарағанда ерекше қошемет пен құрметке Сіз лайықты емессіз ба!»-деді. Оған Алланың Елшісі (оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын): «Ей, Омар! Бұл дүниенің рахаты мен қызығы оларға, ал арғы дүниенің рахаты мен ләззәті бізге қалуын қаламайсың ба?» - деді. Алланың Елшісі (оған Алла Тағаланың игілігімен сәлемі болсын) және әділетті халифалар (Алла олардан разы болсын) қарапайым ғұмыр кешіп, азға қанағат етіп, олардың дүние соңына түспегендігі сөзсіз ақиқат. Омар (Алла одан разы болсын) мұсылмандардың әміршісі болған уақытта Сирия, Палестина, Иран, Мысыр елдері ашылып, мұсылман елдеріне айналды. Мәдина қаласына Византия мен Парсы елдерінің байлықтары молынан ағылды. Мәдинаға келген бұл мол байлықтың арқасында сол уақытта өмір сүрген мұсылмандардың жағдайы жақсарса да, мұсылмандардың әміршісі болған Хаттаб ұлы Омар (Алла одан разы болсын) ол байлықтың еш біріне де қызықпады. Жұма күні хұтпаға бірнеше жерден жамалған шапанымен шығып, таяғына сүйеніп көшелерді аралап, мұсылмандардың жағдайын сұрап, мұң-мұқтаждарын шешумен болды. Әрине, адам қарапайымдылықты ту етіп, азға қанағат, барға шүкір етудің сауапты іс екенін түсінер. Алайда, шынайы мұсылман осы нәрселерді жүзеге асырып, өмір жолын осы принциптерге сай өткізері сөзсіз.
Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің
Бас имамы Данағұлов А. С