Алла адам баласын жаратып, жауапкершілік пен міндет жүктейді. Жауапкершіліктің дәрежесі өзіне берілген нығметпен өлшенеді. Мұндай жағдайда адам баласынан өзіне берілген Алланың нығметтерін тиімді пайдаланып, орынды жерінде жұмсауы талап етіледі. Егер, бұл мүмкіндікті дұрыс пайдаланбаса, соңы орны толмас өкініштерге соқтыратындығы анық. Алла пендесіне берген нығметтің бірі – тіл нығметі. Осы мақаламызда тіл апаттарынан болатын ғайбат жайлы айтатын боламыз. Ғайбат дегеніміз - адамның сыртынан сөз айту дегенді білдіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар! Шындығында күмәннің кейбірі күнә. Бір-бірлеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» (Хужурат, 12)
Адамның сыртынан, ол жоқ кезде жаман сөз айту үлкен күнәлардың қатарына жатады. Оны айтқан адам ақыретте азапқа тартылады. Десек те, кейбір жағдайларда кемшіліктер мен қателіктерін айтуға тура келеді. Атап айтсақ, үйленгісі келіп, өмірлік жар іздеп жүрген жанға ғайбат болар деген қорқынышпен білетін шындықты айтпай жасырып қалу, жағдайды одан сайын қиындатып жіберуге себепші болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қоғамның пайдасы жеке адамның пайдасынан жоғары тұратынын естен шығармаған дұрыс. Зияны мен кесірі көпке тиіп жүрген адамнан басқаларды сақтандыру әрбір мұсылманның міндеті. Алайда, мұның өзі сұраған кісіге ғана айтылуы тиіс. Ал, ол жайлы кез-келгенге айта беру мұсылманшылыққа жатпайды. Сондай-ақ, мәселенің анық-қанығын біліп, ақиқатқа жету жолында қазылардың алдында әділдікті толық жеткізу үшін куәгерлер шындықты бұрмаламай айтып беруі қажет. Бұл ғайбатқа жатпайды. Сондықтан да, бір адамның кемшіліктерін айтқан кезде барлығы дініміздің рұқсат бергеніндей дәрежеде болуына көңіл бөлген жөн. Ал,бұдан басқа жағдайларда адамдардың кемшіліктерін жасырып, не кешіру әрбір мүміннің міндеті.
Анас ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, оларымен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деді».
Пайғамбар (с.а.с.) өзінің үмбетіне бір-бірлерінің сырттарынан жамандап, жәбір көрсетуге қатаң тыйым салып, одан сақтандырған. Абдулла Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алланың елшісі (с.а.с.): «Уа, тілімен иман келтіріп, иманы жүрегіне жетпегендер, мұсылмандарды жәбірлемеңдер, балағаттамаңдар, олардың кемшіліктерін іздемеңдер! Шындығында Алла мұсылман бауырының кемшілігін аңдығанның өзінің кемшілігін аңдиды. Ал Алла кімнің кемшілігін аңдыса, ол үйінің ортасында жасырынып отырса да масқарасын шығарады», – деді».
Бірде Алланың елшісі (с.а.с.) сахабаларынан: «Ғайбаттың не екендігін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Алла мен Оның елшісі білер», – деседі. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Ол – бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде еске алып айтуың», – дейді. Бір сахаба: «Ал сондай сипат оның бойында болса ше?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың», – деп жауап береді.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры – оған зұлымдық қылмайды, оны қолдаусыз қалдырмайды, оны жек көрмейді, бір адамның жамандығына мұсылман бауырын жек көруінің өзі жетіп жатыр. Әрбір мұсылманға басқа мұсылманның қаны, малы, ар-ожданы харам».
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мұсылман – оның тілі мен қолынан басқа мұсылмандар аман-сау болған (яғни, қиянат шекпеген) адам, ал мүмін – басқа адамдардың қандары (яғни, жандары) мен малдарын сеніп тапсыратын адамы».
«Басқа пәле тілден» дегендей, расында да тілмен көптеген күнәлар жасалады. Оларға өтірік айту, ғайбат, өсек айту, әдепсіз сөз сөйлеу, күпірлік сөздер сөйлеу сияқты күнәлар жатады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетіне, егер олар тілі мен жыныс мүшесінің адалдығына кепілдік берсе, олардың жұмаққа кіретіндігіне кепілдік беретіндігін айтқан. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне зарар бермесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын жақсы күтсін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін».
Халид ибн Әбу Имраннан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) тілін біраз ұстап отырып, сосын жіберіп: «Мен сендер үшін осыдан қауіп қыламын. Қайырлы нәрсе ғана сөйлеп, олжа (сауап) тауып, жамандықтан (өсек, ғайбат) үндемей, аман-сау қалған пендеге Алла рахым қылсын», – деген.
Өзгелердің айыбын ашудан бұрын өз қателіктерімізге көңіл аударайық.
Біреудің мінін тергенше
Жамандығын көргенше
Өз ойыңды мазалап
Өз бойыңды тазалап
Өзіңмен күрес өлгенше дейді, Ш.Құдайбердіұлы.
Әрбір мүмін Алла тағаланың мейіріміне қауышудың жолы бауырларының кемшіліктерін жасырып, оларды кешіруде екенін естен шығармасақ игі еді.
Раббымыз бізді рас сөз сөйлеп, өсек-өтіріктен алыс еткей! Өлі адамның етін жеумен тең болатын үлкен күнә – ғайбаттан сақтасын!
Ақсу аудандық мешіті.