ИМАНДЫ ҚЫЗ-ИБАЛЫ КЕЛІН
Қазақ халқы қашанда қызын қызғыштай қорғап, қырық жерден тыйым, қырық үйден қарауыл деп қыздың таза пәк күйінде бой жетіп, жаман аттан аулақ болуына аса мән берген. Қызының болашақ ана, адал жар, ел басына күн туғанда атқа қонып, қолына қару алып ел қорғайтын батырларды дүниеге әкелетін ұлт анасы етіп тәрбиелеп өсірген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөзбен әр ана қызын салт-дәстүрді берік ұстанатын әдепті, өнегелі, үй шаруасын игеріп кететіндей етіп болашақ өмірге дайындаған. Қыз тәрбиесінде әдептілікті берік ұстанған. Қызды еркелетіп, үкі тағып, қыз қонақ деп төріне шығарып, ақылына көркі сай болып өсуін қадалаған. «Есті қыз етегін жауып жүреді»-деп имандылық тәрбиені бойына сіңіріп, қыз баланың әуретін бөтен көзден жасырып, ұзын етекті кең көйлек кигізген. Басына сәукеле кигізіп, орамал тақтырған. Қазақ қызы ешқашан жалаң бас жүрмеген. Сол себепті қазақ халқының отбасындағы рухани тәлім-тәрбиенің күштілігінен иманды қыз, ибалы келіндер намысшыл, отансүйгіш, текті ұрпақты дүниеге әкелген.Осындай кең байтақ жерді қаһарлы жаудан қорғап қалуға себеп болған бірден бір фактор ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшы ғана емес, әуелі Алланың қолдауымен рухы биік иманды да текті ұрпақтың ролі басымырақ болғаны сөзсіз. « Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді»-, деп бір-бірін қолдап, рухтарын шыңдап отырған.
«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деген нақыл сөздің түбінде терең мағына жатқанын осыдан ұғынамыз. Сондықтан салиқалы ұрпақ пен саналы қоғамның қалыптасуына басты себеп болатын амал-қыздарымызға имани тәрбие берудің маңызы өте зор.
Имандылықты ту еткен халқымызды жетпіс жылдық атеистік тәрбие мен коммунистік идеология рухани құлдырауға ұшыратты. Құдайсыздық тәрбиенің басты мақсаты- халықты имандылықтан айырып, ұлын ұятсыз, қызын қылықсыз қылу болды. Бәріміз иманнан жұрдай болып кетпесек те сайтани тәрбиенің әсері болмай қоймады. Қымыз-қымыран мен айран-шұбаттың орнын ақ арақ пен қызыл коньяк басты. Ішімдікке салынғандар арам суды атасынан қалған астай сіміріп, ар-ұяттан жұрдай болды. Нәтижесінде талай отбасының ойраны шығып, тексіздер мен тәрбиесіз ұрпақтар дүниеге келді. Соның салдарынан бұрын соңды қазақ даласында болмаған жесір әйел, көкек ана, жезөкше қыздар мен тастанды жетім балалардың қатары көбейді елімізде. Бұл біздің халық үшін орны толмас үлкен қасірет болды. Рухани құлдырау мен мәдениеттің жоғалуы. Ал рухани азған елдің болашағы жоқ деген сөз. Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру болашаққа бағдар» мақаласында: « Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады»-деді. Қазақ халқына жасалған зұлымдықтың зардабы әлі күнге дейін көрініс беруде.
Еліміз егемендігін алып, ата дініміз қайта оралып, атымтай жомарт азаматтардың демеушілігімен жер-жерде мешіттер салына бастады. «Мешіті бар ауылдың ұлы иманды, қызы ибалы»,- дейді дана халқымыз. Аллаға мың шүкір мешіттерде азан айтылып, жас жұбайлардың некесі қиылды. Жаңа туған нәрестеге азан айтылып, ат қойылды. Жастарымыз мешітке барып, ұмыт бола жаздаған асыл дніміздің құндылықтарын үйреніп, дінге бет бұрғалы, бес уақыт намаз оқып, ораза ұстап, әркімнің мұсылмандық парызын еркін өтеуіне үлкен мүмкіндік туды. Ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртып басына орамал тағып, кең етек көйлек киген қыздарымыз бен келіндеріміз де көбейе бастады. Ислам діні әйелдердің дәрежесін көтерген. Екі дүние сардары болған хазреті Мұхаммед пайғамбарымыз өзінің мүбәрак хадистерінде «Ерінің разылығы Алланың разылығы, ерінің наразылығы Алланың наразылығы»,- дейді. Яғни өзін асыраушы, баспанамен қамтамасыз етуші ерінің разылығын Алла Өзінің разылығына байланыстырып қойған. Қазақ салтында да әйел адамның еріне дауыс көтермеуі, ерінің алдына шығып жүрмеуі, оның қас-қабағына қарап сөйлеуі мен ерін басына көтере құрметтеуі асыл дініміздің бұйырған амалдарынан болып табылады. Ер адам да жұбайына жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болуы тиіс. Өйткені әйел-ер азаматтың өмірлік адал жары, қуанышта да қайғыда да қасынан табылатын сүйеніш жұбы. Ата-бабаларымыз әйел бір қолымен бесік тербетсе екінші қолымен әлемді тербеткен абзал жан, асыл ана деп бағалаған. Талай батыр, ғалым, данышпандар, пайғамбарлар мен патшалар да аналардан туған.
Әйел-балалардың ең тамаша тәрбиешісі. Ері жанұяның қамымен уақыттың көп бөлігінде сыртта жүруіне байланысты әйелдің ең маңызды да жауапты жұмысы-сәбиіне кішкентайынан имандылық тәрбиені бойына сіңіріп өсіруі болып табылады. Сондықтан балаларды жақсы тәрбиелеу үшін әуелі әйелдің өзі тәрбиелі, көрегенді болуы керек. Бала тәрбиесіндегі әсіресе оның сәби кезіндегі шағы өте маңызды рөл атқарады. Сәби ата-анасынан нені көрсе соны істейді. Қазақ «Ұяда не көрсе ұшқанда соны алады»,- деп бала тәрбиесіне ең жауапты өз аке-шешесі екенін айтқан. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с : «Сендердің әрбірің жауапкерсіңдер және жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшін жауапкер және солар үшін сұралады. Отбасы жанұя үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Әйел күйеуі сыртта болған уақытта үй шаруасы мен балалардың тәрбиесі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Қызметші қожайынның мүлкі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Сендердің барлығың жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар» деген. Отан отбасынан басталады. Алладан тілеп алған жүрегіміздің жемісі болған баламыздың тәрбиелі де тәртіпті азамат болып өсуін қаласақ, олардың болашағының жарқын да бақытты болуын тілесек, имани тәрбиені басты назарға алайық ағайын. Алла қаласа сонда дүние-ахиреттің бақытына қол жеткізеріміз хақ .
Ұлы Раббымыз әр жанұяға береке-бірлік, шаттық нәсіп етсін!
Алакөл ауданының бас имамы Әнет Молдахметов