https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ӘЙЕЛІМНІҢ ЖҮРЕГІН ҚАЛАЙ ЖАУЛАЙМЫН?

12 Jan 2018 0 comment Оқылды: 1110 рет

Әйелімнің тілін қалай табамын? Әйелімнің сезімін суытпау үшін не істеуім керек? Бұл - отау құрып, шаңырақ көтерген әр ер-азаматты алаңдататын басты сұрақтардың бірі. Алғашқы отбасын құрған жылдары ерлі-зайыптылар арасында келіспеушіліктер өте көп кездеседі. Ер азаматтардың тарапынан «қыз кезінде бәрі жақсы...» «ол мүлдем өзгеріп кетті», «ол бұрынғыдай жұмсақ емес, бұрынғыдай жылы сөздер айтпайды», «менен қашады», «тез ашуланады...» деген секілді кінәласуларды жиі естиміз. Отбасында сыйластық пен махаббат салтанат құруы үшін күйеуі әйеліне қандай қарым-қатынас жасауы керек? Соны анықтап алайық.  

1.     Отбасындағы ұрыс-керіс пен әйелдің мінез шығаруы көбінесе еркектің күнәлары себепті болады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Бастарыңа келген қандай да бір ауыртпашылық қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді», - дейді («Шура» сүресі, 30-аят). Тіпті, Ислам ғалымдарының бірі: «Мен егер бір күнә жасап қойсам, сол күнәмнің әсерін әйелім мен мінетін көлігімнің мінез-құлқынан кездестіремін», - деген екен. Иә, адам күнәсі себепті жанұясындағы жақсы да жайдарлы қарым-қатынастардан ажырап, мінетін көлігінде де, істейтін тірлігінде де көптеген сәтсіздіктерге жолыға беретін болады. Ал ол нәрсе оның жүйкесін жұқартып, құлшыныстарын азайтып қояды. «Күнәнің жазасы - соңынан келетін тағы бір күнә, ал жақсылықтың сыйы - соңынан келетін тағы бір жақсылық» екенін ұмытпайық. Сондықтан алдымен кінәні өзгеден емес, өзіңізден іздеңіз. Аллаға жақындап, Одан жәрдем, кешірім тілеңіз. Сүлеймен пайғамбар (а.с) бәну Исраил тайпасына жаңбыр сұрап дұға қылғанда, Алладан жәрдем сұрап жатқан жердегі құмырсқаларды көреді. Олар: «Иә, Алла, бақытсыздық тек күнәнің себебінен болады, қиындықты тек Аллаға жалбарынып, тәубе ету арқылы ғана шешуге болады. Біз сенің жаратылыстарыңның біріміз, ендеше, бізді адамдардың күнәсі үшін өлтіре көрме!» - дейді. Осыдан кейін жаңбыр жауады. Сонда Сүлеймен (а.с): «Құмырсқаның жасаған дұғасы жеткілікті болды, енді барлығың Аллаға мойынсұнуға қайтыңдар», - деген екен. Демек, әйеліңіз үнемі ашушаң болса, үнемі ызыңдап мазаңызды алса, қырсықса, ананы, мынаны алып бер деп қанағатсыздық танытса, мұның барлығында өзіңіздің де кінәңіз бар екенін біліңіз.  

2.     Ниетіне қарай несібесі! Расында, әр адамға оның ниет еткені беріледі. Алланың мейірімі сенің ниетің мен адал пейіліңе, сабырыңа қарай беріледі. Мұсылман не істесе де, Алланың разылығын көздеп жасауы керек. Мұсылман үйленудің құлшылық екенін, сүннет екенін ескеріп отау құруы керек. Адамның үйленудегі басты мақсаты – Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметін көбейту. Дінге, елге қызмет ететін ұрпақ өсіру. “Әнъам” сүресінің 162-аятында: “Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін” де”,-делінген. Егер сен үйленбей тұрып ниетіңді түзеп алатын болсаң, үйленгеннен кейінгі барлық амалдарың құлшылыққа айналады.  Себебі, әркім ниет еткен ісінің нәтижесін көреді. Егер сауап алу ниетімен әйеліңнің аузына бір үзім нан салсаң, бұл саған садақа болып жазылады. Не деген керемет мүмкіндік десеңші! Ендеше, құрметті шаңырақ иесі. Бар болғаны ықылас-ниетіңді түзе. Сол кезде сенің барлық ісің: әйеліңмен әңгімелесуге өткізген уақыттарың, әйеліңмен ойнауың, оған сыйлық алып беруің, әйелің үшін өзіңді ретке келтіріп, хош иіс себінуің, т.б құлшылыққа айналып кетеді. Амал дәптеріңе жазылып, Қиямет күні алдыңнан шығады.  

3.     Алладан жәрдем сұра. Жер бетінде Алла Тағала шеше алмайтын қиындық жоқ. Егер әйеліңнің саған деген сезімі суып кетсе, араларыңда салқындық пайда болса, Алладан көмек сұра, Оған жалбарын. Алланың мейірімінен үміт үзбе. Айтшы, сенің әйеліңнің жүрегінің Егесі кім? Сен бе? Егер сен болсаң, оның саған деген сезімі суымас еді ғой? Жүректердің Иесі – Алла. Ендеше, «иә, Алла, оның жүрегіне маған деген махаббат, жылылық орнат, оның назарын менен өзге ешкімге бұрма, оның маған деген көңілін суытпа, оның алдында мені абыройлы ет» деп дұға жаса.  

4.     Жылы сөз жанды жылытады! Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізді жақсы сөз сөйлеуге үйретіп, «шынында жақсы сөздің сиқыры бар, өлеңде даналық бар», - деген. (Имам Малик, Муатта) «Жақсы сөз – садақа». Айтшы, ең жақсы сөзді естуге кім лайықты? Әрине, ата-анаң, балаларың, әйелің, туыстарың, т.б. Біз өзгелердің алдында қалай көркем мінезді, көңілді, жақсы адам болсақ, үйде одан да қатты көңілді болуымыз керек. Жеку мен айқайдан, қаталдықтан әйелдің көңілі қалады. Негізі әйел адам өздері айтатын екі есігі бар тоңазытқыш, айнасы бар шкаф, тон дегендерден гөрі еркектің қамқорлығы мен құшағына көбірек мұқтаж. Әйел адам - сезімнің адамы. Күйеуінің үнемі қамқорлығында, оның махаббатына бөленіп, алақанында еркелеп жүрген әйел лашықта тұрса да, өміріне шағым айтпайтынын біл. Оған мейіріміңді төксең, сезіміңді ауызбен айтпасаң да, көзіңнен оқып қояды.  

5.     Оны өзіне ұнайтын әдемі есімдермен шақыр. Қазақтың айым, күнім, жұлдызым, қошақаным, кішкентайым, бөпем, еркем, алтыным, т.с.с сөздерін пайдалана отырып, әйеліңнің жүрегіне жол табуға болады. Әсіресе, оны өзінің туыстарының алдында өзіне білдіртпегендей болып, бірақ оған естіртіп мақтаған дұрыс. Сенің оны жақсы көретініңе ол сенімді болсын. Ата-енең келгенде, оларға қызын мақтасаң, ол бұған қатты қуанады. Тіпті, бақыттан басы айналып, аяқ-қолы дірілдеп кетуі мүмкін. Оның жүрегі елжіреп, саған одан сайын жақындай түседі. Жүрегі саған байланады. Жұмыста жүргенде халін біліп, телефон шал. Жылы сөздер айт. Көңіл-күйін көтеретін хабарлама жазып жібер. Сағынғаныңды айт. Оны жолықтырғаныңа қуанатыныңды, оның әдемі екенін есіне сал. Осыдан кейін үйге келгенде оның қалай қарсы алатынын көр! «Әйелім мені қарсы алмайды», «мен келгенде қуанбайды», «оның маған деген сезімі суып кетті» деген сөздер Алланың қалауымен жайында қалады.  Неге? Себебі, бұл амалдың барлығын сен әйеліңмен көркем қарым-қатынас орнату үшін, отбасыңды сақтап қалу үшін жасадың. Демек, Алланың бұйырғанын орындадың. Әйелге оның әдемі екенін айтуды ешқашан кейінге қалдырма. Оның сұлулығына таңдай қақ, киімдерінің жарасып тұрғанын айт, алдыңнан боянып шықса, қуан. Еркектің ештеңеге көңіл бөлмей, тас секілді қатайып жүруі әйелдің сезімін, алып-ұшқан көңілін суытады. Өзің не жесең, оны да дәл солай тамақтандыр, киіндір. Оған «сен жамансың, болды, әдемі емессің, ана әйелді қарашы, өзің секілді көршінің әйелін көрмейсің бе?» деген секілді сөздерді ешқашан айтпа. Бұл оның жүрегін тілгенмен бірдей. Ол жүрек бара-бара өліп қалуы мүмкін. Білесің бе, шариғатта әйеліңмен ара-қатынасты түзеу үшін өтірік айтсаң, оның еш айыбы жоқ. Демек, өзіңе ұнамай тұрса да, оның пісірген тамағын, киген киімін мақтап, қолпаштап тұр. Сахаба Әли (р.а) арнайы уақыт арнап, әйеліне айтатын сөздерін ойланған екен. Бір күні Әли (р.а) үйіне келгенде әйелі Фатиманың (р.а) қолынан тіс тазалайтын сиуакты көреді де, оны алып, әйелінің тісін тазалап береді. Содан кейін тіз тазалайтын ағашқа қарап, күлімдеп, «егер сен соғысуға тұратын таяқ болсаң, мен сені сындырар ем, алайда бүгін сен мені жеңіп тұрсың», - деген екен. Көрдің бе, сахаба Әли де осы үшін уақыт тапқан. Шурайх: «Мен өз әйелін ұратын еркектерді білемін, алайда мен әйелімді ұрғанша, қолымның қарысып қалғаны жақсы деп ойлаймын. Менің әйелім - жарқыраған күн, ал басқа әйелдер жамыраған көп жұлдыздар. Күн шықса, жұлдыздардың бәрі жоқ болады!» – деген екен. Не деген әдемі, тапқыр теңеу десеңізші! Ол бәрінен ерте тұрады, бәрінен кеш жатады, тамақтарыңды дайындайды, киіміңді жуады, үтіктейді, керек десең, кигізіп те береді, жоғалтып алған шұлығыңа дейін тауып береді. Түнде бала жыласа, кім тұрады? Әрине, алдымен әйеліңді түртесің. Әрине, мұның бәрі – оның жаратылысындағы негізгі міндеті. Әйелдің бақыты-осы. Алайда, сол ісінің барлығын бағалап, құрметтеп тұрсаң, ол саған екі еселеп қайтарады. Себебі, адамға алғысы жоқ адамның Аллаға алғысы жоқ. Егер тамағы дәмсіз немесе ащы болып қалса, «М-м-м, не деген дәмді, бармағымды қосып жеп қойғым келді ғой» - де.  

6.     Оны еркелет, онымен қалжыңдас, әзіл айт. Өмірі бүкіл адамзатқа үлгі болған Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  әйелдерімен әзілдесіп, еркелететін, тіпті, олармен ойнайтын. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бір күні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңға шықтым. Мен ол кезде жас әрі арық қыз едім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа адамдардан олардың алға жүріп кетулерін өтінді. Сонан кейін маған: «Екеуіміз жүгіруден жарысайық», - деді. Мен жарыстым да, одан озып кеттім. Ол ештеңе демеді. Мен уақыт өте келе салмақ жинадым. Бірде онымен тағы аңшылыққа шықтым, бірақ әлгі оқиғаны ұмытып кетіппін. Ол тағы да адамдардан  жүріп кетулерін сұрады. Сонан кейін маған: «Екеуіміз жүгіруден жарысайық», - деді. Ол мені басып озды да: «Бұл жеңіс – алдыңғы жеңіліс үшін», - деп күлімсіреді» (Ахмад). Ерлі-зайыптылардың арасында өздері ғана түсінетін, екеуіне ортақ әзілдері мен қалжыңдары, жарасымды қылықтары болуы керек.  

7.     «Отбасыңды сақтап қалғың келсе, телефоныңа талақ бер!» деген замануаи мәтел пайда болды. Иә, телефон көп нәрселерге кедергі келтіруі мүмкін. Әйеліңе, отбасыңа бөлетін уақыттарың телефондағы өзің мүлде танымайтын бөтен адамдармен араласуға кетіп жатса, бұл – өкініш.  

8.     Әйел өз күйеуінің әдемі болғанын қалайды... Сахабалар әйелдерінің алдында әдемі киімдерін киетін. Ибн Аббас (р.а): «Менің алдымда әйелімнің әдемі болғанын қалағаным сияқты, мен де әйелімнің алдында әдемі болу үшін әсемденемін», - деген. Егер әйел адам өзіне қарамай, қалай болса солай киініп, шаршап жүретін болса, оны кінәлаудан бұрын алдымен өзіңді-өзің қолға алуың керек. Күйеуін жақсы көрген әйел, одан мейірім мен жақсы сөз естіген әйел одан да әдемі болуға тырысады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйіне кірердің алдында мисуакпен тісін тазалап кіретін болған. Ал Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а) аяқ киімі мен үсті-басының әдемі болғанын жақсы көретін. Құмды жерде тұратындықтан, шаң басқан аяқ киімін үнемі сүртіп, тазалап жүретін. Киімің арзан болуы мүмкін, бірақ кір жұқпаған, таза, жарасымды болуы өзіңе байланысты.  

9.      Әйеліңе жомарт бол. Шынында, сараңдық – ең жаман ауру. Ғалымдар қыз баланы сараң адамға күйеуге беруге болмайтынын айтқан. Себебі, сараңдық өзімен бірге өтірікті, кедей болып қалам ба деген үрей мен қорқақтықты, тәуекелдің аздығын ала жүреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылманның жүрегінде иман мен сараңдық қатар болуы мүмкін емес», - деген. (Насаи) Тіпті, қарапайым өмірде де адамдар қайырымдылық жасап, өзгелерге жақсылық жасаған адамды жақсы көреді. Сол секілді әйеліңнің сені жақсы көруін қаласаң, оған жомарт бол. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің Алланың жолында жұмсаған динарың, әрі құлды босату үшін жұмсаған динарың мен өзіңнің отбасыңа жұмсаған динарың: (барлығының ішінде) сауабы бойынша ең үлкені -  отбасыңа жұмсағаның», - деген.  (Муслим). Сыйлық салқындықты, ашуды кетіріп, сүйіспеншілікті оятады. Егер ол ауырып қалса, шай демдеп бер. Үйдегі кейбір жұмыстарды өзің де бірлесіп атқар. Бабаларымыздан «Түзде батырмын, үйде қатынмын, әйелім –ауру, бала – жас, тары түйіп жатырмын», - деген сөздің қалып кеткені бекерден-бекер емес...  

10.                       Әйеліңнің сені жақсы көргенін қаласаң, өзіңді онсыз өмір сүре алмайтындай ұста. Бұл – Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен әдіс. Ол кісі шашын Айша анамыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жуып бергеніне әбден үйреніп қалған екен. Бірде мешітте ихтикәфта отырғанда шашын жуу керек болып, анамызды қасына шақырады. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) хайыз (әйелдердің айына бір рет қан көруі) жағдайында екендігін айтады. Сонда ол кісі басын мешіт қабырғасынан шығарып, әйелінің жууына жағдай жасайды (Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйі мешітпен қабырғалас еді). Ол мұны неге жасады? Әйтпесе, өзінің қолынан келетін істер емес пе еді? Дана Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті әйелінсіз ештеңе істей алмайтындығын көрсеткісі келді. Сен де оған ол жоқ кезде үйдің қараңғы, тамақтың дәмсіз, өмірдің көңілсіз екендігін айтып тұр. Оның айтқандарын мән беріп тыңда. Оның туыстарына, отбасына құрмет көрсет. Онымен ақылдасып тұр. Егер айтқаны дұрыс болса, пайдаланасың, егер дұрыс болмаса, өзіңнің дұрыс деп тапқаныңды жасайсың. Қазақтың «қабырғаңмен кеңес» деген сөзі бекерден-бекер емес екенін біл. 

www.asylarna.kz 

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз