Қазақтың ойлы, білімді, рухани бай азаматтарын тәрбиелейтін өркениетке ұмтылдыру негізгі мақсат. Еліміз егемендігін алып, өз алдына дербес мемлекет болғалы көк байрағымызды желбіретіп келеміз. Әу бастағы кеңес заманынан қазақ халқын қилы-қилы кезеңдерде тілінен, дінінен, дәстүрінен, ұлтық рухымыздан айыруға көп әрекет жасалғаны тарих беттерінде айқын көрсетілген. Кейіннен сол келеңсіздіктердің беті ашылып, халқымызға мәлім болды. Осыдан кейін «Қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің президенттік те, перзенттік те парызым» – деп Елбасымыз ұлттық тәрбиеге ерекше мән береді. «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық сананы болмысымызға берік болуымыз керектігін айтқан.
Тәрбие барша адамзатқа қажетті. Оның діні мен ұлты қандай болса да барлығы да тәрбиенің қажеттілігін сөзсіз мойындайды. Сондықтан оны дұрыс таңдау да өз алдына бір мәселе.
Ислам, адам тәрбиесін иләһи жүйеге апарып телиді. Одан өзгесін құлға құлдық етуден басқа ешқандай ерекшелігі жоқ. Ал Алланың тәрбие үшін түсірген жүйесі тек өзіне ғана құлдық етуге шақырады. Оған құл болу өзгелердің құлдығынан құтқарып, нағыз еркіндікке қауыштырады. Дәстүрлі дініміздің негіздерін үйрену арқылы жастардың рухани дүниесі дамып, кез-келгеннің құрығына түсуден сақтанып қана қоймай, өмірдегі өз орнын тайға таңба салғандай етіп білгілейді. Сондай-ақ әркімге бір еліктеуден құтылып, ақиқаттың жетегіне ғана жүруді үйренеді. Ал Исламның шарттарының қыр-сырын үйрену арқылы тән-мен жан тазалығы, адамдармен қарым-қатынас жасау, өзгелерге қол ұшын беру секілді қайырымды іске жаны жақын болады. Осылайша екі дүниенің бақытына бөленіп, салауатты өмірдің нәрін алады. Одан өзгесі жалған. Яғни құрдымға түсіп, құрып кету қауіпі басым тұрады.
«Ислам пәктікті талап ететін дін. Сол себепті тазалық иманның басты бір бөлігі. Адамға тазалықты талап ету әрі дене тазалығы, жүрек тазалығы дей отырып, ислам діні тән мен рухани тазалықты былғаныш кірден ада етуді мақсат тұтады» Н. Өсерұлының көрсеткеніндей дініміз тән тазалығы мен қатар жүрек рухани тазалыққа шакырады. Халық арасында кең тараған ырымдарға тоқталып, олардың мәнін түсіндіре кетейік әрине мұның бәрі халықтың діни наным-сенімінен шыққан. Айталық ең қастерлі тағам нан екені шындық. Қазақ нанды бір қолымен үзбе! - деп бұйырған. Себебі нан киелі қастерлі оның қоқымын тастама деп үйреткен. Мұнымен неге келісуге болмайды.
Таңғы асты тастама, кешкі асқа карама! Түннен аман тұрып, таңғы асқа дейінгі уақытта талай окиға болуы ықтимал, сондықтанда таңғы асқа келген кісі, әлбетте астан ауыз тигені дұрыс деп санаған.
Жер жастанып жатып ас ішпе! Әрине, бұл да этикаға жатпайтын қылық. Үйге сыртыңмен кірме! Себебі түсінікті болар, үйде әке-шешең туыстарың қонақ болуы мүмкін. Сондықтан да үйге сыртыңмен кіруге болмайды дейді қазақ этикасы. Киіміңді желбегей жамылма! - Бұл да дұрыс, қолы жоқ мүгедек адам ғана солай жасайды. Сау адамның олай істегені әдепсіздік. Адамды саусақпен санама! Ол да әдептілікке жатпайды. Қолыңды арқаңа айқастырып жүрме, аяқ-қолынды жіппен байлап айналма! - деп катаң ескерткен. Мұның мәнісі қылмысты адамның ғана қолын артына қайырып байлайды. Ол жаман әдет деп үйреткен. Бүйіріңді таянба! Таяққа таянба! - Күрсінбе, аһлап-үһлеме дейді қазақ. Бұларды жаман әдет деп санаған. Ең жақын туысы қайтыс болғанда ғана, бүйір таянып, аһлеп-үһлеп дауыстап жылаған, жай кезде олай істеп жамандық шакырма дегені. Есікті керме, маңдайшаға төбеңді тіреме! Ерте кезде жаугершілік соғыстарда жеңген жақ өлген адамының күйін сұраған.
Күй сұрап келген адам екі қолымен есікті керіп, маңдайшаға төбесін, бір аяғы іште, бір аяғы сыртта тұрып сұраған. Бұл құнды елемесең босағаңды қиратып, шаңырағыңды ортаға түсіріп, ойран етем дегені екен. Ал енді есікті керу табалдырықты басып тұру болса да этикаға жатпайды емес пе? Сондықтан да бұл да дұрыс айтылған тәрбиелік мәні бар әдеп. Әлбетте бұл тыйымдардың барлығының негізінде діннің тұрғандығын көреміз.
Жалпы адал болма, адамгершілікті болма, қайырымды, мейірімді, ибалы, инабатты болма, отаныңды, еліңді, жеріңді сүйме тағы-тағысы деп тәрбиелейтін ұлт жоқ. Ал бұл адамзаттық моральдық қасиеттердің өзегі адамгершілік, адалдық, карапайымдылық, ар-ұяттылық, кішіпейілділік, еліне-жұртына, жеріне сүйіспеншілік бір сөзбен айтқанда имандылық. Бұл тізбектелген моральдық қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіруде әр ұлт лайықты пайдаланудың көзін тапқан. Әр халықтың бойында үйренерлік, үлгі-өнеге тұтарлық жақсы ізгі қасиеттер баршылық, міне осыны ескере отырып ұрпағымызды иман жүзділікке тәрбиелегеніміз құптайтын іс. Халқымыз «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»,- деп бекер айтпаған.
Алакөл ауданының бас имамы Әнет Омарханұлы
Пайдаланылған әдебиеттер
- Әлімбет М. Халық - ғажап тәлімгер. – Алматы: 1994. -124 бет.
- Адамгершілікке төрбиелеу әлппесі: Мұғалімдерге арналған оқуқұралы. - Алматы: 1988.189 бет.
- Аймова Г. Н. Адамгершілік прогресс және дін, мораль.- Алматы: 1973. 256 бет.
- Дін және адамгершілік; адістемелік библиографиялық құрал. Алматы:1994. 75 бет.