https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ДАУДЫ ДАНАЛЫҚПЕН ШЕШКЕН ДАНЫШПАН

09 Nov 2017 0 comment Оқылды: 1087 рет

Ерлі-зайыптылар үнемі жанжалдасып қала береді екен. Күйеуі: - Бір рет болса да сөзден тосылсаңыз қайтеді? Күйеуім ғой деп, басыңызды иейін демейсіз, - деп кейиді. Əйелі болса: - Неге бас иеді екем? Күні бойы бір рет те жылы сөз айтпайсыз. Көңіл аударып қарамайсыз, - деп ренжиді. - Өзіңіз үнемі уыңызды шашып отырсаңыз, қалай жақсы сөз айтайын?! Өзіңіз кінәлісіз! - дейді күйеуі. - Мен қашан уымды шашыппын? Үнемі қабағыңыздан қар жауып жүретін сіз шығарсыз, мүмкін?! – дейді әйелі. Не керек, ерлі-зайыптылардың арасындағы бұл дау осылайша жалғаса береді екен. Бір күні екеуінің айқай-шуынан әбден мезі болған көршісі келіп: - Пəлен жерде бір жақсы кісі бар. Соған барыңыздар. Сіздердің күрмеуі қиын мəселелеріңізді шешсе, сол шешіп береді, - дейді. Амалы таусылған ерлі-зайыпты сол данышпанның алдына барады. Қария əуелі күйеуінің, сосын əйелінің мұң-шағымын тыңдап, екеуіне де екі-екі парақ ақ қағаз береді де: - Мəселелеріңді шешіп беремін, тек осы қағазға бір-бірлеріңнің көңілдерің толмай жүрген кемшіліктеріңді жазыңдар, - деп екеуін екі бөлмеге кіргізіп жібереді. Əйел бір жарым параққа күйеуінің кемшіліктерін жазады. Күйеуі екі параққа да жұбайының қателіктерін жазып, данышпан отырған бөлмеге кіріп: - Берген қағазыңыз жетпеді, мүмкін болса тағы үш ақ парақ бересіз бе? – дейді.  Сонда данышпан: - Берген қағазым жетпейтінін жəне сенің тағы қағаз сұрап келеріңді түріңе қарап біліп едім. Бауырым, негізгі ойыңды айтшы, сенің мақсатың онымен ажырасу ма, әлде татуласу ма? - деп сұрайды. Жігіт шошып: - Жоқ, аға, екі бірдей балам бар. Ажырасатын ниетім де жоқ. Тек əйелім сəл өзгерсе екен деймін. Маған бас иіп, мойынсұнса... - дейді.   Сонда данышпан жігітке қарап: - Еркек адам ешқашан əйелімен теңеспеуі керек. Егер əйелі бас игенін қаласа, ерлік құқығын қолдан бермеуі керек. Міне, саған да, оған да бірдей қағаз бердім. Əйелің жазса, сен де жаза беруің керек пе? Сен онымен тəжікелесіп тұрған соң əйелің де солай жасайды емес пе? Сен еркек емессің бе? Суық ақылдың иесісің. Оның əйелдік құқығына неге таласасың? Нағыз ер бол! Бас бол! Осыны ұмытпа! Қолыңдағы қағазды жырт та, мына ақ қағазды ал. Еш нəрсе жазба, бөлмеге барып, мен шақырғанда ғана кел. Мен рұқсат етпейінше, сөйлеме! – дейді. Жігіт бөлмесіне кетеді.   Біраздан соң данышпан екеуін алдына шақырып, əйелге: - Қəне, жазғандарыңды оқышы, - дейді. Əйел бірден оқи кетеді:

1) Менің бар-жоғымды сезбейді;

2) Маған уақыт бөлмейді;

3) Менің көңіліме қарамайды, ешқайда қыдыртпайды;

4) Үйге тым кеш келеді;

5) Таңертең ерте кетеді... Әйелдің тізімі таусылар емес... Енді данышпан жігітке бұрылып: - Енді сен оқы, - дейді. Күйеуі бос ақ парақты данышпанға береді. Сонда данышпан: - Əйеліңнің еш кемшілігін таба алмапсың ғой, - деп жымияды. Мұны көрген әйелі өз көзіне өзі сенбей таңданып тұрып қалады. Бұрынғыдай менімен тәжікелесіп тұрып алатын шығар, мен одан да асырып жазайын деп ашу үстінде күйеуін жамандай берген екен, жамандай берген екен. Енді ол өз ісіне өкініп, әрі күйеуіне деген құрметі оянып: - Мен бұған дейін ынсапсыз болыппын, біз бір-бірімізді әлі толық тани алмаған екенбіз, біз бір-біріміздің қадірімізді білмеппіз. Іштегі менмендік пен өзімшілдіктің кесірінен бір-бірімізде есеміз кетпесін деп, түймедейді түйедей етіп, әбден ақымақ болыппыз. Мен əдеттегідей менімен жарысып күйеуім де ақ қағазды толтырады деп ойлаппын. Мендей ақымақты кешіріңізші, өтінемін! - дейді. Әйелдің көзінен күйеуін өте жақсы көретіні, оның құшағына еніп, еркелегісі келіп тұрғаны анық көрініп тұрған еді. Жігіт те əйелінен мұндай əрекет күтпесе керек, оның жүректен шыққан риясыз сөздеріне көңілі жібіп, өзінің көп тұста қателікке бой алдырып алғанын ұғады. Қарияға алғыстарын жаудырып, қол ұстасқан күйі үйлеріне қайтады.  

  www.asylarna.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз