https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

КӘСІП ПЕН ЖАР ТАҢДАУДЫҢ БЕС ҰҚСАСТЫҒЫ

12 Apr 2017 0 comment Оқылды: 1637 рет

«Адам екі жағдайда қателеспеуі керек: мамандық, кәсіп таңдағанда және өзіне өмірлік адал жар таңдағанда» деген қанатты сөз бар. Осы орайда сіздерге кәсіп пен жар таңдаудың бес бірдей ұқсастықтарын ұсынамыз.     Ниет еткен нәрсеңіздің нәтижесін көресіз!   Ниет – адам әрекетінің нақты мақсатын, мазмұнын бейнелейтін қозғаушы күш. Ниетсіз, себепсіз мақсат қойылмайды. Ниет - адамның өзін білудегі ақиқаты. Сол сияқты біз кәсіпті бастамас бұрын  «қолымнан не келеді, оны қалай жүзеге асырам, неге мән беруім керек» деп бас қатырамыз. «Біз кәсіп бастау үшін қомақты қаржы керек деп ойлаймыз. Шын мәнінде олай емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір амал ниетке байланысты..» деген (Бұхари, Муслим). Яғни, адамның ниеті дұрыс болған сайын Аллаға ұнамды, Алланың жәрдемі жақын. Африканың бір ауылы маңында папайя деген жеміс талдың басында өседі екен. Күзде дәл сол жеміс піскен кезде қатты жел соғады  екен де, сол ауылдың адамдары жерге түскен жемісті мол қылып жинап алып, жыл бойы қоректенеді екен. Бір жылы күзде жел соқпай қалыпты да, сол ауылдың адамдары түгел аштан қырылып қалған көрінеді. «Алма піс, аузыма түс» деген осы ғой. Сондықтан, кәсіп бастаған кезде алдымен ниетіңізді туралап алыңыз. Ықыласты мұсылман қолға алған әр ісіне ерекше ден қойып, шын пейілімен, жанын салып істейді. Шайтанның арбауынан аман қалатын бірден-бір кісілер де, ықыласты құлдар болмақ. Өйткені шайтан күнәлі істерді қанша әдемі етіп көзіне көрсетсе де шын ықыласты құлдар бойын тез жиып алып, ондай жамандықтарға аяқ баспайды.   ***   Жар таңдаған кезде де барынша ықыласты болыңыз. Ықылас – жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің тазалығын білдіреді. Әр істі қолға аларда түпкі ниет маңызды болғандықтан, ықыласпен істелген істер барынша таза ниеттен туады. Үйленуді құлшылық десек, ниет – әрбір құлшылықтың жаны. Не үшін отбасын құрмақсың? Жүрегіңе сауал қойып, ниетіңді бекіт! Ер де, әйел де некеге дейін ескеруі қажет, Әнастан (оған Алла разы болсын) жеткен мына хадисте: «Алла Тағала атақ-абыройы үшін некеленгеннің төмендеуін арттырады. Малы (дүниесі) үшін үйленгеннің жоқшылығын арттырады. Тегі үшін некеленгеннің қор болуын арттырады (қорлыққа ұшыратады). Ал, егер біреу көзін бөгдеден қорғау үшін, өзін (зинадан) сақтау үшін, сондай-ақ жекжат болу үшін (жақындықты нығайту үшін некеленсе, Алла ол еркекті бұл әйел арқылы, әйелді бұл еркек арқылы бақытты етеді» делінген. (Тирмизи) Демек, адам өзіне лайықтыны емес, Алланың ризалығына талпынушы, Алланың дініне толық бойсұнушыны іздеп, өзі де сондай адамға лайықты жар болуға ниет етуі керек.     Аллаға тәуекел еткеннің уайымы болмайды!   Жаңа кәсіптің көзін ашуға ұмтылған кезде тіліңіз бен ісіңізде Аллаға тәуекел болсын. Өзіңізге сеніміңіз бен тәуекеліңіз болмаса, бизнеске жоламаған дұрыс. Тәуекел – талап еткен нәрсеге жету және жақтырмаған нәрсені кетіру мақсатында жүректі Аллаға тапсырып, рұқсат етілген себептерді пайдалана отырып Оған жүгіну. Балуан алаңға шығарда, «мен бұл қарсыластың бірнеше ойынын көргенмін, асып-тасқан нәрсесі жоқ, ал мен көп жаттығу жасадым, сондықтан жеңіп шығамын» десе күнәға ұрынды. Ол, керісінше, барын салып жаттығу жасайды, дайындалады, содан кейін «Алла, сен жәрдем берсең ғана жеңемін деп, тәуекел етеді», содан кейін, алаңға шығып белдеседі. Міне, бұл –дұрыс тәуекел. Яғни, адам белгілі бір істі бастағанда өзіне ғана сеніп кетпей, «Я, Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келген әрекетті жасадым, ендігі нәтиже сенің қолыңда, сен сәттілік берсең, ісім оңға баспақ» деп, Аллаға тапсыруы тиіс. «...Ал кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...» («Талақ» сүресі, 3-аят). Бұл - Аллаға дұрыс тәуекел жасаған адамға басқа ешнәрсе қажет емес деген сөз.   ***   Болашақ адал жарыңызды таңдайтын кезде де нар тәуекелге бел буыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді, таңертең аш кетіп, кешке қарындары тойып қайтатын құстарды ризықтандырғанындай, сендерді де солай ризықтандырар еді» деді (Тирмизи).  Сондықтан, мұсылман дұрыс тәуекел етуді үйренуі қажет, ақылсыз торғайды ризықтандырған Алланың адамды қамтамасыз ете алмауы ақылға сыймайтын нәрсе емес пе? Ниетіңізді түзеп болған соң, міндетті түрде «Истихара» намазын оқыңыз. «Истихара»  сөзі жақсылықты жеңілдетуді талап ету, сұрау деген мағыналарды береді. Истихара намазы – Алладан бір істің қайырлысын не бірнеше істің жақсырағын сұрап оқылатын екі ракағаттан тұратын нәпіл намаз (яғни парыздан бөлек қосымша құлшылық, сүннет). Біліңіз! "Истихара" намазының жауабы міндетті түрде болады! Себебі, Алла Тағала Құранда «Қашан Менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін» («Бақара» сүресі, 186-аят), – деген. Ал ардақты Пайғамбарымыздан  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Истихара» оқыған адам ұтылмайды, ақылдасқан адам өкінбейді, үнемдеген адам тарықпайды», – делінген (Табарани, 6/365).   Ендеше, Жаратушы Алла бәрімізге амалдың тек қайырлысын, берекелісін нәсіп етіп, сонымен бізді разы қылсын!     Жасаған жоспарыңыз тұрақтылыққа толы болсын!   Бизнес – үлкен мүмкіншіліктермен бірге, салмақты жауапкершілік те. Бизнес-жоспар құрмас бұрын өзіңізге қарап алаңыз. Әр адамның қабілеті әртүрлі болады. Мүмкін сізде бірнәрсені қолмен жасай алу немесе жақсылап әңгімелеу және басқа дадамдармен тіл табысу қабілеті бар шығар, мүмкін сіз сандар мен есепті жақсы көретін шығарсыз. Сіз кімсіз? Осындай өзді-өзіңізді тексеруден кейін өзіңізге лайықты бизнес идеяны таңдауға кірісіңіз. Polaroid компаниясының негізін қалаушы Эдвин Лэнд өзінің үш жасар қызымен серуендеп жүрген еді. Олар суретке түсті. Кенеттен қызы одан неге қазір ғана түсірген суретті дереу көруге болмайды деп сұрады. Керемет! Лэндтің басына лезде суретке түсіретін фотокамера мен таспаны жасап шығару туралы ой келді. Ол «Polaroid» компаниясының патенттер жөніндегі заңгерімен кездесіп, бес жылдан кейін 60 секунд ішінде дайын суретті шығарып беретін «Land» фотоаппаратын таныстырды. Немесе, Джозефин Кочрейн беделді мейрамхананың бастығы еді. Ол өз қызметкерлерінің қымбат ыдыстарды жуу кезінде сындырғанына көне алмай, ыдыс жуатын машинаны ойлап шығарды.   ***   Сол сияқты жарыңызды таңдау жасайтын кезде алдымен өзіңіздің ақылмен жасалған тұрақты жоспарыңыз болсын. Осман ибн Әби әл-Ас әс-Сақафи өз балаларына текті жерден жар таңдауға, жаманынан сақтануға кеңес бере отырып: «Ей, балаларым! Үйленіп жатқан адам бейне бір ағаш отырғызып жатқан адам тәрізді. Сондықтан әркім ағашын қайда отырғызатынына мән берсін. Нашар тұқымның жақсыны дүниеге келтіруі сирек кездеседі. Олай болса, біраз уақыт өтсе де, таңдаңдар» деген екен.     Кәсіп те, жар таңдау да – шашылудың емес, кедейліктен арылудың жолы!   Сүйікті іспен айналысу, уақыт пен қаражатқа қожайын болу, табысқа кенелу, бай-қуатты өмір сүру, армандар мен мақсаттарға қол жеткізу – сәтті құрылған бизнестің жемісі. Кез келген бизнес ашу үшін қаражат керек. Айлықтан айлыққа күнелткен қарапайым қызметкер жеке кәсіп ашып, өзіне жұмыс істеуді қалайтыны анық. Жалақысын азсынған азаматтар мен тұрақты жұмыспен қатар жеке бизнесін жүргізуге қызығушылық танытқандардың қатары да аз емес. Дегенмен көп ретте идея ойға оралғанымен, іс жүзінде орындалмай жатады. Көпшілік бизнес ашуды ойлайды, бірақ біліктілік пен қалтаның жұқалығы мақсатқа жетуге кедергі келтіреді. Кәсіпкерлікте айтарлықтай тәжірибеңіз жоқ болса, тәуекелдерді азайту үшін неғұрлым аз қаржы кететін кәсіп түрін таңдаңыз. Біліксіз бизнеске соңғы ақшаны салу – ақымақтық болар еді.   ***   Сол секілді болашақ жарыңызбен отбасын құратын кезде де ысырап етпейтін жағын ойлаңыз. Соңғы уақытта үйленіп, үй болуды қаржы мәселесіне байланысты кейінге ысырып қоюшылар қатары, артпаса, кеміген емес. Мұның себебін де шайтанның белсенділігімен түсіндіретін едік. Өйткені, шайтан кедейшілікпен қорқытады, ал Алла Тағала Өзінің кеңшілігіне шақырады. Бұл туралы бізге жеткен екі бірдей хадис бар: «Әйелдерге үйленіңдер, ақиқатында, олар сендерге мүліктерімен келеді» (Баззар, Хаким), «Некеден ризық күтіңдер» (Дәйләми). Бұл өсиеттерді сахабалардың мына тәрбиелі сөздері әрі жалғайды: Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтады: «Мені некенің жеткіліктілігіне үміттенбейтін адам таңғалдырады. Алла Тағала: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімі Кең, бәрін Білуші» деп айтты емес пе?» («Нұр» сүресі, 32-аят) деді. Иә, неке – шашылудың емес, кедейліктен арылудың жолы екенін естен шығармаңыз. Және өмірлік серік таңдағанда, материалдық емес, рухани байлық алдыңғы шепте тұратын таңдау болуға тиіс екенін ұмытпаңыз.   Өзіңізге сеніңіз, нәтижесін күтуге талпыныңыз!   Адам баласының өзіне сене білуі – үлкен қасиет. Жаңа кәсіп бастайтын кезде өзіңізге деген сеніміңіз берік болсын. Сеніміңізге селкеу түсіп, жарты жолда жасап жүрген жұмысыңыздан айрылып, далада қалмаңыз. «Есік алды топ шеңгел, топ шеңгелге келгенде, өзіңе өзің сенсең кел» дегендей, бизнес бастауға қадам жасарда өзіңізге сенсеңіз ғана келіңіз. Оңай жол жоқ! Сөз жүзінде барлығы айтарлықтай оңай. Ал іс жүзінде, әр бизнестің өзіндік ерекшелігіне қатысты көптеген күтпеген кедергілері мен қиындықтары пайда болады. Алғашқы кездерде өте көп жұмыс істеуге, талмай еңбек етуге тура келеді. Дегенмен, соңында барлық салынған күш пен жігеріңіз, үмітіңіз ақталады деген сенімдеміз. Және жаңа кәсіп бастаған кезде тұрақтылықты да көздеңіз. Сөзіңізге, іскерлік кездесулерде серіктестеріңізге деген көзқарасыңыздың тұрақтылығына назар салыңыз. Бір кәсіпті бастап алып, екіншісін жоспарлауға асықпаңыз. Бастаған ісіңізден жақсылықтар мен нәтижелер күтуге талпыныңыз.   ***   Бұл қағида жар таңдауда да маңызды. Жарыңыздың сезімін суытып алмауға, көзқарасының өзгеріп кетуіне абай болыңыз. Жиі қадағалаңыз. «Менің жарым бәрінен ең жақсысы, әрі мен оған сенемін» деп оған да, өзіңізге де күш беріңіз.  Отбасылық өмір басталғанда ең алдымен  ер мен әйел арасындағы мызғымас сенім болуы шарт. Сенімсіздік салдары күдіктену, ұрысу, жанжалдасу сияқты кері эмоцияларды туғызады. Исламда неке – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. Жанұяда әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышы, қысқасы тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. Адамдар не үшін үйленеді, отбасын құрады?» деген сұраққа: «өмірді бөлісу үшін үйленеді» деп жауап беруге болады. Өмір деген әркез теп-тегіс, жап-жақсы бақытты, шаттықты күндерден ғана тұрмайды. Бақытты отбасы дегенміз – бірін-бірі түсіне алатын, үнсіз сыйласа білетін жұптар. Түсінісу деген – тұрмыста кездеспей қоймайтын қайшылықтарды ушықтырмай, ұрыс-керіссіз шешу. «Үйлену оңай, үй болу қиын» десек те, отбасын құрған әрбір жан үйленерде бақытты болам деп емес, жарымды бақытты қылам деген мақсатпен үйленсе, көп қиындықтың басы шешіледі.   Алла Тағаладан жаңа кәсіп бастаушыларға береке, ризық, бойдақ жүрген ерлерімізге көз қуанышы болатын иманды әйел, қаракөз қыздарымызға діні берік, мінезі көркем күйеу, ерлі-зайыптыларымызға қайырлы, иманды ұрпақ сұраймыз!

www.asylarna.kz 


Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз