Бисмиллаһир рахмани рахим! Қазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзілуі бізді қатты ойлантады. Қаншама ғасырдан бері қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық, қарым-қатынасқа ерекше мән берді емес пе?
Ағайын-туыстың кім және қаншалықты жақын екенін жақсы білеміз. Қазақ даналары туған ағайын жайлы: «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің»; «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»; «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар»; «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір»; «Жақсы ағаң - орман, жақсы інің - қорған» деу арқылы туысқандықтың киелілігін дәріптеп отырған.
Кейбір жандар адамның көлеңкесі секілді жеткізбейтін қу дүниенің соңынан қуып, айналасындағы қоғамнан ұзақтап, жалғыздыққа ұшырайды. Әрине, тепсе темір үзетін жас кезінде өз бойында орасаң зор өмірлік күш-жігері болғандықтан, ешкімге мұқтаждық, туындамайды. Алайда тұла бойынан күш-қуаты кетіп, кәрілік қажытып, дене мүше қақсап ауырғанда яки бір пәлекетке душар болып, мұқтаждық туындаған уақытта ешкімнен жәрдем ала алмай, өзінің жалғыз екенін сезініп стресс кеселіне шалдығады.
Жаратушы Аллаһ адам баласының жаратылысын жақсы білгендіктен қоғам ішіндегі қарым-қатынасты бекем ұстауды «Ниса» сүресі, 35-аятта: «Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаның дағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Аллаһ дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» деген. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала ағайын туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол ұшын беруді Құранда «Нахыл» сүресі, 90-аятта: «Негізінде Аллаһ сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туыс қанға қарайласуды бұйырады», - деп ескерткен.
Аллаһ Расулы Мұхаммедтің (с.а.у.) мына хадисі де ағайын туысқа қарайласу мен зиярат етудің абзал екендігін қуаттаса керек: «Кім ризық-несібесінің көбейуін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бұхари, Әдеп 12) десе, ал мына сөзінде: «Шынында, міскінге берген садақа, бір ғана садақаға жатса, ал туысқан адамға беру екі сауапты амалға, әрі садақаға, әрі туыстық байланысқа жатады», деген (Имам Тирмизи). Құлекеұлы Шал ақынның мына төрт шумақ өлеңі де ағайыннан қалыс қалғанның жағдайын тамаша айтқан:
«Ағайын жат болады алыс болса,
Жат та жақын болады таныс болса.
Дұшпан түгіл достарың табалайды,
Аяғың бір нәрседен шалыс болса».
Мұндай киелі қарым қатынастан қол үзгеннің жағдайын бабаларымыз: «Ағайынмен жауласпа - басың азаяды, көршіңмен да уласпа - асың азаяды», «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме. Ниетің қисық болса, ағайынға өкпелеме» деген өсиетін естен шығармайық!
Ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде тума-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді мадақтап: «Олар Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер», – деп дәріптеген («Рағыд» сүресі, 20-21 -аяттар).
Майқы би бабамыз айтқандай: «Ауыр жүкті бөлісу – ақ атанның парызы», – демекші, аса қамқор ерекше мейірімді Раббымыз да ағайын-туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қалталары жұқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол үшін беруді Құран Кәрімде бұйырып: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», – деп ескерткен («Нахыл» сүресі, 90-аят). Сол секілді Алла Тағала Өзінің қасиетті Кітабында пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «(Мұхаммад с.ғ.с), олар сенен Алла жолында не беретіндерін сұрайды. Оларға: «Нендей қайыр сарып қылсаңдар, әке-шеше, туыс-жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі», – деп айт», – деген («Бақара» сүресі, 215-аят).
Осы тәрізді аяттарға құлақ асқан дана халқымыз: «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір» деп ұл-қыздарына ақыл айтып отырған. Жаббар Иеміз тағы бір қасиетті аятында: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге жақсы көре отырып, мал сарп қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар», – деп баян еткен («Бақара» сүресі, 177-аят).
Осы бір аяттан Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіргеннен кейінгі игілікті істің не екенін және жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға малды сарп ету мен құлды азат етуден бұрын туыс жақындарға жақсылық жасаудың алдыңғы орында екендігін аңғарамыз. Өйткені, жоғарыдағы аятта туысқандар реттік жағынан жетімдердің, міскіндердің, жолда қалғандардың, сұраушылардың және құлды азат етудің алдында айтылып, ол шыншылдар мен тақуа жандардың іс-әрекетінен екендігі баяндалған. Осы айтылғанды ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) мына хадисі де қуаттай түссе керек: «Шынында, міскінге берген садақа, бір ғана садақаға жатса, ал туысқан адамға беру екі сауапты амалға, әрі садақаға, әрі туыстық байланысқа жатады», – деген (Ән-Нәсәй, әт-Тирмизи, ибн Мәжә). Сонымен қатар, ағайын-туыстармен араласып, хабарласып, қажеттілік туындағанда жәрдем беру арқылы туысқандар арасында сүйіспеншілік пен ризық-несібемізді молайтып, өмірімізді ұзартып, өзімізге-өзіміз үлкен пайда келтіретіндігіміз жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадисінде сүйіншілеп хабарлаған. Әнас ибн Мәлік (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізді: «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін» (Бұхари, Мүслім). Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан жеткен хадисте (р.а.) Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында туысқандық қарым-қатынас – отбасындағы махаббат, мал-дүниенің көбеюі, өмірдің ұзаруы», – деген (Ат-Тирмизи). Сол сияқты, туысқандық байланыста болу – Аллаға және қиямет күніне иман келтіруіміздің белгісінен.
Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізген: «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслім).
Жақын-жуықпен жақсы байланыста болу – тәубеміздің қабыл болуына, күнәларымыздан арылып, тазаруымызға үлкен септігін тигізеді. Бұған дәлел хадис: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына бір жігіт келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен бір ауыр күнә істеп қойдым. Енді маған тәубеге келу жолы бар ма?», – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анаң бар ма?», – деп сұрады.
– Жоқ, – деп жауап берді жігіт. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анаңның сіңілісі бар ма?», – деді.
– Иә, – деп жауап берді жігіт.
– Олай болса, нағашы апайыңа жақсылық жаса, батасын аласың және Алла күнәларыңды кешіреді», –деп айтты (Әт-Тирмизи).
Ағайын-туысқандармен қарым-қатынасты үзбей, көркем мәміледе, тату-тәтті байланыста болу – жұмақ-пейішке кіруімізге жетелейтін ұлы амал. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, аш-мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандармен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен жәннатқа кіресіңдер», – деп айтқан (Ахмад, әт-Тирмизи, ибн Мәжә).
Ал, Әбу Айюб әл-Ансариден (р.а.) жеткен тағы бір хадисте: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Маған, мені жәннатқа кіргізетін амалды хабар етіңізші», – дегенде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға ғана құлшылық етіп, Оған еш нәрсені ортақ қоспа, намаз оқып, зекет бер. Сондай-ақ, туысқанмен байланысыңды үзбе», – деп айтты», – делінген. (Бұхари, Мүслім).
Расында, он екі ғасырдан бері ата діні Ислам жолымен жүріп, қасиетті Құран мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық қарым-қатынасқа ерекше мән берген, жіті көңіл аударған. Оның айғағы – дана халқымыздың озық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, өткір де ойлы өлең-жырларының, дөп басып айтқан мақал-мәтелдерінің шариғатпен ұштасуы. Соның мысалы ретінде ақын бабамыз Мәшһүр Жүсіпті айтатын болсақ, ол ағайын-туыс, бауырдың жан сырын терең жырлайды, нәзік тербейді:
Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын.
Данагөй ата-бабамыз ағайын-туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп», «Ағайын жақсы болса – қанатың, ағайын жақсы болса – санатың», «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді», – деп туысқандық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсінген, «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», – деп те ескерткен.
Жаббар Иеміз қасиетті Құран Кәрімде және ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бірқатар асыл хадистерінде ағайын-туысқандармен байланысты үзу – жазасы осы өмірде берілетін өте ауыр күнә, әрі оның соңы қасірет екендігін ескерткен. Алла тағала Өзінің қасиетті Кітабында бақытсыз жандарды сипаттап: «Олар серт бергеннен кейін Алланың уәдесін бұзады да, Алланың жалғастырылуын бұйырған туысқандық байланысты үзеді. Сондай-ақ, жер жүзінде бұзақылық істейді. Міне, солар қасірет шегушілер», – деді («Бақара» сүресі, 27-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы қатаң ескертіп:«Туысқанымен қатынасын үзген адам жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (Мүслім).
Әбу Бәкірден (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінің (күнәһар) иесінің жазасын ақыретке қалдырмай, осы дүниеде тартуын тездетуді лайықты ететін «әл-бағю», яғни зұлымдық, басшыға қарсы шығу немесе тәкаппарлықтан және туысқандық байланысты үзуден асқан күнә жоқ», – деген (Әт-Тирмизи, ибн Мәжә). Осы тәрізді мүміндердің анасы Айшадан (р.а.) жеткен хадисте де Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сауапты тездететін қайырлы іс – жақсылық қылу мен туысқандық байланыста болу. Ал, жазаны жылдамдататын іс – «әл-бағю», яғни, зұлымдық, басшыға қарсы шығу немесе тәкаппарлық және туысқандық байланысты үзу», – деді (Ибн Мәжә).
Бұқар жырау: «Ағайынның аразы елдің сәнін кетірер, абысынның аразы ауыл сәнін кетірер», – деп айтқандай, ағайын-туғанның араздасып, арадағы байланыстарын үзуі Құдайдың қаһарына ұшыратып, елдің берекесін кетіреді. Әрине, туыстық байланыстың үзілуінің бірнеше себептері бар. Соның бірі дана халқымыз: «Араласпаса, ағайын жат», «Ағайыннан шет жүрсең, көңілің бір күн тарығар», – дегендей, жиі-жиі араласып-құраласпау да туысқандық байланыстың үзілуіне апарады.
Сол сияқты, болмайтын кішігірім мәселелер үшін түймедейді түйедей етіп, артын айғай-шуға ұластыру да жақсылық емес. Мұндай жағдайда Раббымыздың: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы» («Шура» сүресі, 43-аят), – деген сөзіне құлақ асып, сабырлы, кешірімді болуға тырысқан жөн. Сүйікті пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) өзінің хадисінде нағыз туыстық байланыс жасаушыны сипаттап: «Туыстарының қарым-қатынасына жауап қайтарушы – байланыс жасаушы емес, нағыз туыстық байланысты жасаушы – туыстары қатынасты үзгенде байланыс жасаушы», – деген (Бухари). Яғни, туыстарының жаман қылықтарына мән бермей, олармен байланысты барынша сақтап қалуға тырысатын адам осындай болмақ.
Өкінішке қарай, Құранмен, сүннетпен жүрміз деп жүрген кейбір жастарымыз жоғарыдағы Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне қарама-қайшы әрекет етуде. Дәлірек айтсақ, өздерінің діннен хабарсыз жүрген тума-туысқандарына дінді көркем, әдемі етіп жеткізудің орнына, оларға «кәпірсің» деп айып тағып, әке-шешелерінің шаңырақтарынан кетіп, ағайындарымен туысқандық қатынасты үзушілер де кездеседі. Бұл Ислам құндылықтарына қайшы нәрсе. Егер біз туған-туыстың арасында бір кемшілік көретін болсақ, оған айып тағудың орнына имандылықты жеткізіп, істеген кемшілігінің дұрыс еместігін жақсы сөз және көркем мінез-құлықпен жеткізуіміз керек. Себебі, әке-шешеге құрмет көрсету мен туыстық қарым-қатынасты үзбеудің дінімізде маңызы зор. Мұндайлар туысқандық байланыстың үзілуі себепті Алламен болған қатынастың үзілетіндігін ескерсе етті. Бұған дәлел – Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, «әр-рахим», яғни туыстық байланыс сөзі «әр-рахман» сөзінен туындаған, ал Алла туысқандық байланысқа: «Кім сенімен байланыс жасаса, Мен онымен байланыс жасаймын, ал кім сенімен қатынасын үзсе, Мен онымен қатынасымды үземін», – деп айтты», – деген (Бұхари). Ата-бабамыз: «Туысы жаман туғанын жамандайды», – деп тектен-тек айтпаса керек. Әрбір ісі біздер үшін үлгі-өнеге болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің көкесі Әбу Тәліб пен Исламды қабылдамаған басқа да туысқандарымен туыстық қатынасты үзбеген. Аъмр ибн Аъстан (р.а.) жеткен хадисте ол: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Расында, менің әкемнің әулеті қамқоршыларым емес, менің шын қамқоршым – тек қана Алла және ізгі мүміндер. Бірақ, олармен туыстық байланысым бар және мен оны өз дәрежесінде сақтаймын», – деп жасырмай ашық айтқанын естідім», – деген (Бұхари). Тіпті, туысқандар түбегейлі дінге қарсылық танытса да, сабыр сақтап, олар үшін Алладан һидаят тілеуіміз керек.
Ағайынның аласы – ұлтымыздың жарасы! Сен туыстарыңды таңдап ала алмайсың, оны Алла бекітті. Және Жаратушымыз Құранда иман келтіріп, құлшылықта көмектескен діндес бауырларды атағаннан кейін: «...Туысқандар – Алланың Кітабы бойынша бір-біріне жақынырақ» деу арқылы, қандас бауырдың әркім үшін ең жақын адам екендігін айқындады. Тіпті, «туыстық - Алла Тағаланың «Рақымды» сипатының атауынан жаратылған. Туыстық қатынасты сақтағанды Алла Тағала рақымына бөлейдi, байланысын үзгендi рақымынан мақрұм етедi. Туыстықтың Қиямет күнi барлық жағдайды айқын баяндап беретiн тiлi бар» делінген хадисте (Бұхари). «Бауыр» деген атаудың өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені, бауыр – адамға ең жақын ағзалардың бірі емес пе? Хош, туған-туыстың жақындығын білмейтін қазақ жоқ қой, дегенмен, қадіріне жететіні аз болып тұр. Күншіл – адам кейпіндегі – залым, дос кейпіндегі – қас Ағайынның арасына сызат түсіріп жүрген ең үлкен «дұшпандардың» бірі – күншілдік. Күншілдік (көреалмаушылық) дегеніміз – қандай да бір адамдағы артықшылықты немесе бір нығметті ол адамда жоқ болуын жүрекпен қалау. Адам өзінде жоқ нәрсені өзгеден көрсе, осы сезімге орын береді. Көреалмаушылық – аспанда жасалған ең алғашқы күнә. Ібліс оған Алланың лағынеті болғыр Адам атаны (оған Алланың сәлемі болсын) күндеді. Сөйтті де, мәңгілік Тозаққа жіберілді. Сондай-ақ жер бетінде де жасалған ең алғашқы күнә – Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) балалары Қабылдың Әбілге күншілдік жасап өлтіруі. Біріншіден, Қабыл Әбілдің үйленбек болған қызының сұлу екендігін күндейді, кейін, Алла Тағаланың оның құрбандығын қабыл еткендігіне де әзер шыдайды. Екінші жағынан, Әбіл әлдеқайда табысты болатын, оның дәулетін де қызғанды. Қабылдың көкірегіндегі көреалмаушылық пен өшпенділік оты кек пен арам ой қалыптастырды. Сөйтіп, iнiсi Әбілге барып айқай салып, «Мен сенi өлтiремiн!» деп қорқытады. Алайда, Әбіл көркем мінезділік танытып, керісінше, оған насихат айтады. Оның бұл артық қасиеті онан сайын күншілдікті арттырып, ақыры бауырын өлтіреді. Алланың берген артықшылығын жек көріп, ол адамдағы нығметтің болмауын қалау арқылы Ібіліске жәрдем етті. Өзі де Қияметке дейін болатын өлім күнәсінің барлығын өз мойнына алу жазасына кесілді. Оқиғадан алатын ғибратымыз – күншілдік Аллаға ұнамсыз амал. Күншіл адам өзінің амалдарын отты су өшіргендей өшіреді, ісінің берекесін қашырады және күншілдігімен өзіне ғана зиян тигізеді.
Алласына сүйікті, адамдарға құрметті болғысы келген жанның ата-анадан кейін мойын бұру керек ең алғашқы адамы – туысы. Күләйб ибн Манқаьадан (оған Алла разы болсын): «Менiң атам Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Алла Елшісі! Жақсылық iстегенге кiм лайығырақ?», – деп сұрағанда, ол: «Алдымен әкең мен анаң. Кейiн ағаң мен әпкең. Одан кейiн жақындық дәрежесiне қарай туыстарың. Бұл – мiндеттi нәрсе. Туыстық қатынасты үзбе», – деп жауап бердi. (Бұхари). Әлде садақа бергіңіз келді ме? Егер, сіз садақаны туысыңызға беретін болсаңыз, екі түрлі сауапқа ие боласыз: туысқанға қарайласу сауабы мен садақаның сауабы (Бұхари). Мал сойып, қонақ күткіңіз келді ме? Туысыңызды төрге шығарудан бастаңыз. Ауырса халін сұрап, қарыз сұраса тауып беруге ұмтылу да – мұсылманның ең көркем амалдарынан. Адамның бойында өзіне жақсылық жасағанға жылулық оянатын қасиет бар. Осыдан кейін туыстарыңыз да сіз туралы жақсы ойлап, қиын-қыстау сәтте арқаңызды қағуға асығады. Бабаларымыздың «жаман байыса, жақынын танымас» деген нақылының кейіпкері болудан Алла сақтасын! «Әулетке лайық саясат деген болады...» «Жақсы ағаң – орман, жақсы інің – қорған», «өзім жаман болсам да, ағам жақсы» деп ой түйген аталарымыздың ұрпағы ретінде тағы да бір нәзік тұсты атап өткіміз келеді. Сондықтан ағайын, ағайын-туысқа дұрыс қарап, жақсы мәміледе болыңдар. Өйткені, ағайын-туыс тату болса, еліміз дің бірлігі де бекем болады.
Әбудардан Таласбай,
Қаратал ауданың бас имамы.