«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген бабаларымыздың қанатты сөзінде қаншама мән-мағына жатыр. Отбасын құрған, бір басы екеу болған өз алдына керегесін керіп, шаңырағын көтерген екі жасқа ауылдың абыз ақсақалдары ақ баталарын беріп, жаратқаннан шанырақтарының биік, босағаларының берік болуын сұрап дұға етеді. Дініміз Исламда отбасындағы барлық жауапкершілікті ер адамға жүктелген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с ): «Ер адам отбасы үшін жауапкер және отбасы үшін сұралады»,- деп ер адамның міндеті мен жауапкершілігін анықтап көрсетіп кеткен. Әр бір ер кісі отбасындағы береке бірлік, жарасымды тірліктің баянды болуын калайды. Отбасында еркектін мәртебесі қашанда жоғары тұрады. Сондықтан ер адам өзіне жүктелген аманат пен жауапкершіліктің бар екенін сезініп, отбасына адал жолмен рызық тауып асырауға міндетті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): « Жегендеріңнен оларға да жегізіңдер, кигендеріңнен оларды да киіндіріңдер», - деген. Ер адам отбасының тамағын, киімін, басқа да қажеттіліктерді тауып беріп отыруы қажет. Еңбектенбей өзіне жүктелген міндетті ескермей жалқаулыққа салынып отбасына мән бермей, көңіл бөлмей жүрген жандар қияметте жауапқа тартылады. Алла елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні сахабаларына: «Адамның ең жаманы отбасына киыншылық көрсеткен кісі». Сонда сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Отбасына қиыншылық, көрсету дегенді қалай түсінеміз?» -дегенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол адам босағадан аттағанда әйелі үрейленді, балалары қорқып қашады. Үйінен ол кеткенде әйелінің жүзі жадырайды, отбасы мүшелері кең тыныс алады». дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде айтылғандай ер адам отбасының басшысы, тәрбиешісі. Түндігі бүтін, түтіні түзу отбасы болу үшін ер мен әйел бір-біріне сыйластықпен қарауы маңызды. Қасиетті Құранның Бақара сүресінің 228-ші аятында: «Ерлердің әйелде ақысы болғаны секілді, әйелдің де ерлерде жақсылықпен өтелетін ақылары бар. Сонымен қатар ер адамдар (міндеттері мен жауапкершілігіне орай) бір саты жоғары тұрады. Алла өте үстем, асқан дана» - деп еркектің жауапкершілігі жайлы мағлұмат береді. Алла Тағала Адам атаны жаратып болғаннан кейін, оған өмірлік серік жаратуды ойлап, қабырғасынан Хауа ананы жаратыпты. Адам атаға: «Мына әйелді саған аманат етіп, қабырғаңнан бөліп жараттым. Аманатқа қиянат етуші болма» депті. Хауа анаға: «Мына кісі сенің пірің, осы Адам атаға бағынасын. Себебі сен қабырғасынан жаралдың» депті. Егер де ер адам әйеліне деген ниетін «Алланың маған берген аманаты» деп, ал әйел,- жұбайын жоғары бағалап сыйласа шаңырақтың шаттығы, жанұяның жылуы баянды болады. Әр бір ер адам отбасы мәселесіне даналықпен, ақыл парасатпен қарап, балаларына дұрыс тәрбие, саналы білім беруге міндетті. Аллаға, ақырет күніне сенген адам үшін отбасына жауапкершіліксіз қарау - үлкен күнә.
Ер адамның отбасындағы міндеттері:
1. Әйелін тамақ, киім, сусындармен және қаржылай қамтамасыз ету.
2. Табысын адалдан табу.
3. Парыз амалдарын толық орындай алатын дәрежеде білім беру.
4. Ислам әдебін үйрету. Шариғатқа сай киіндіру.
5. Жұбайы екеуінің арасындағы сырды сақтау.
6. Балиғат жасқа келгенде перзенттерінің төсегін бөлек салуға үйрету.
7. Әйелі туыстарына сұранса жіберу.
8. Кешірімді болу.
9. Отбасындағы барлық жағдайларға өзі жауапты екенін ұмытпау.
10. Әйеліне әрдайым көңіл бөлу, назарда ұстау.
Ұлан Сарпеков
Панфилов ауданының бас имамы