https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Әйелді құлпыртатын – еркек

07 Mar 2017 0 comment Оқылды: 1389 рет

Ауылда өскен қыз едім. Мектеп бітіргенше, оқуға түскен кезде де, қыз бойының сымбаттылығы, сұлулық туралы ойлар мені еш мазаламаған екен. Әйтеуір он екі мүшемнің түгел, ақыл-есімнің дұрыстығы жеткілікті болған шығар, барыммен базар болып жүре беріппін. Маған көңілі ауып, үйленсем деген бір жігіттің «Арықтасаңшы...» дей беретін сөздеріне де аса мән бермей, оған: «Дей бергенше маған арық бол, арық қыз тауып қарық бол» ‒ деп жазып жібергенім есімде. Алайда, тағдырдың талай сынақтарға салуынан, балалығыңнан түк қалдырмастан, өмірдің өзі есейтетін сәттерінен кім қашып құтылған дейсіз? Өзге бір адамға тағдырым байланып, ер мен әйелдің жұптық өміріне аяқ басқанға дейін өз түрімнен өзім жеритін күнге жетем деп ойламаған едім. Әйел адам үшін ер адамның наразы сөзінен ауыр ештеңе жоқ екен. Әйел ерінің көтермелеуімен, бағалауымен, көркем сөздерімен көркейеді. Ал еркектің жарының бойынан сұлу, мінсіз тұлғаны іздеп, көңілі толмауы, қалжыңымен қағытып, сын айта беруі, кекетіп, кемсітуі, оған әйелді сендіруі ‒ әйелдің сағын сындырып, өмір бойы өзін табалап өтуіне жеткілікті екен. Егер, аса Мейірімді Алла мені бұл кеселден құтқармаса, надандық батпағы мен шүкірсіздік шыңырауынан шыға алмай, өмір бойы қор болып өтер ме едім?.. ...Рахым жауып тұрған, Жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылған, шайтандар кісенделген, нәпсіні тізгіндеп, жүректі күнәлардың тотынан тазартуға, Құранмен емделуге, амалдарды түзетуге берілген мүмкіндік ‒ ұлы айдың ішінде едім. Құлшылыққа құлшына кірісіп, түндерді дұғамен өткізуге барынша тырысып жүрген күннің өзінде де, айыпталуға лайық нәпсім бәрібір мені мазалауын қоймайтын. Иманымды әлсірететін естеліктер, әлденеге наразылық, жүректің сығылуы, түнерткен түрлі ойларға тұншығу секілді пенделігім қатар жүрді. Әсіресе, айна алдынан өтіп, өзіме көз тоқтатқан сайын сырт бейнеме деген жек көрушілік жүрегімде от боп маздайтын. Бетімнің әр жерін түрткілеп, «түу, мына жерім мынандай болғанда ғой, неге мына жерім бұндай болды екен?!.» деген секілді ойлар жүрегімді жұлмаласа, екінші жағынан «неге бойым ұзын болмады? Ана жерім.., мына жерім...» деп, өз бойымның мініне бойлай алмай, шүкірсіздік батпағына батып кете бердім.          Міне, алдына келсем болды, мені тұтқындап алатын айна алдына тағы келіп, сыртқы мінімді санап тауыса алмай, наразылық пен надандық бойымды билеп, булығып тұрмын. Еңсем езіліп, жүзім тұтығып, санам тұманданып барады. Қол жетпес сұлулықтың суретін қиялмен салып, болмайтын арманға еніп кеткендеймін.          Бойымда патшалық құратын кесек ет бұл жағдайдан әбден сығылып, шаршағандай еді. Алла сыйлаған иманның игілігімен шығар, сол жүрегім маған қалың қанағатсыздыққа беріліп кеткенімді, бір емес, екі емес, ендігі шектен шығып кеткенімді сездірді. Күнә жасап тұрғаныңды сезгендегі халіңді сипаттау тіпті қиын ғой. Ішімнен өрт шыққандай боп, екі бетімді ұяттың оты қарыды. Жүрегім шым етіп, сыздап кетті. Су ішінде жанталасып, тұншыққан жанды шашынан тартып суырып алғандай, қап-қара қалың ойдан санамды суырып, өз-өзіме келдім де айнадан теріс айнала бере: «Аллам, маған өзімнен төмен біреуді көрсетші» ‒ деп, терең бір деммен жай ғана сыбырладым...          Адам баласы ұмытшақ емес пе? Өзімнің қандай сезімде болғанымды, не сөйлегенімді сол сәтке, айна алдына қалдырып, артынша-ақ ұмытып кетіппін. Бұл қылығым бейне бір кейде ұстап қалатын ұстамалы ауру секілді бір дерт еді. Мен ұсталып қалатын ондай күпір ойлар мені босатқанда, қайта иманды күйіме еніп, құлшылығымды жалғастырып жүре беретінмін... Екі күн өткеннен кейін, нағашы әпкеме амандасып қайтпақ боп, баламды алып үйден шықтым. Аялдамаға қарай бет алдық. Әпкеміздің үйіне дейін тасымалдайтын екі автобустың бірі келіп тоқтады. Автобустың артқы жағына барып отырдық. Ойымызда ештеңе жоқ, үйден шықпайтын екеуміз бір қыдырғанымызға мәз болып келе жатырмыз. Екі-үш аялдамадан кейін осы автобусқа бір ерекше жан мінді. Өзінің кішкентай, қып-қысқа аяқтарын көлік баспалдағына әрең жеткізіп, теңселе, қинала ішке көтеріліп келеді. Бұрын бұл кісіні мүлде көрмеген екем. Кәдімгі ергежейлі әйел. Оның бізге қарағандағы ауыр халін, қиындығын көрсеңіз ғой!... Ол кісіні көргенде, жаныма жай түскендей шошынып, демімді ішке терең бір тарттым. Қасымдағы балам ондай жаратылыстың барын бірінші рет көргеннен соң ба, таңғажайыпқа кез болғандай аң-таң боп, орнынан тұрып кетті. Іштегі эмоциясын бірден шығаратын бала емес пе, «Ана?!.. Анау...» деп, қолын шошайтып енді сұрай бергенде, дереу тыйып тастадым. Не үшін тыйғанымды түсінгендей болса да бірақ, тұрған жерінде аузы ашылып қарап қалған. Баламның таңғалысын қойшы, басы кәдімгі егде адамның басы, ал бойы төрт жасар баланың бойындай болған, ергежейлі әйелді дәл осы біз мінген автобусқа мінгізіп, бізді артқы жаққа отырғызып, оны автобус алдына тұрғызып бізге анық көрсеткен Алла Тағаланың бұл ісін кездейсоқтық деп айта алам ба?! Жоқ, әрине. Осыдан екі күн бұрынғы пенделігім, шүкірсіздігім, әсіресе, «Аллам, маған өзімнен төмен біреуді көрсетші...» деп сөйлеген сыбырым есіме түсіп, таңғалдым. Міне, Алла маған өзімнен әлдеқайда төмен біреуді көрсетті. Сол отырған жерімде дереу тәубеге асықтым. Басым төмен салбырап, ұялғанымнан көзімді жерден ала алмадым. Санам алай-дүлей боп, өз қылмысымнан қысылып, ішімнің астан-кестеңі шығып жатқан еді. Қалайша? Қалай ғана барымды бағалауға соқыр болдым? Алла жаратқан әп-әдемі бейнемнің шын мәнінде шүкір етуге ғана лайықты екенін неге ойламадым?... «Иә, Кешірімді, кешіргенді жақсы көретін Аллам! Мені кешір! Ақиқатында Сен Өзіңе бойсұнуға қайтып, тәубе қылған құлдарыңның тәубесін қабыл етуші, аса Мейірімдісің! Ендеше, мені кешір, тәубемді қабыл ал!» ‒ деп іштей жалбарынамын...   Бұл оқиға өткен Рамазанның бірінде болған еді. Содан бері санамды торлаған, нәпсіме билік жүргізіп, жанымды көп қинаған ойлардан айығып, Рахымды Алланың мейірімімен дертіме шипа таптым, өзгердім. Алланың бергеніне тек сүйсінуді үйрендім! Қазір мені кесірлі кесел болған ойлар мазаламайтын болды, шүкір. Өйткені, шынында да бізден төмен қаншама адамдар бар. Адам өзіндегі барды бағалай білгенде ғана бақытты өмір сүре алады. Алла Тағала егер бір құлына иман беріп, тура жолына салса, оны ешкім адастыра алмайтыны ақиқат. Ал, кеудеде иман болмаса, оның сыртқы сұлулығынан не пайда? Кеш болмай тұрып, бұл пенделігіме қатысты шынайы тәубе сыйлаған, қайта көзімді ашып, шүкірлігімді арттырған Раббыма Өзі қалағандай ең көркем мақтаулар болсын деймін!          Рамазандағы бұл оқиғадан кейін мынаны түсіндім: • Біз көп жағдайда мән бермей сөйлей саламыз. Жазып алушы періштелердің ауыздан шыққан әр сөзді қалт жібермей, амал дәптерге тіркеп отырғанын, әр сәтте Алла Тағаланың бізді бақылап, естіп, көріп тұрғанын естен шығарамыз. Бірақ, біз ұмытқанмен, Алла ешнәрсені ұмытпайды. Арнайы алақан жайып, құбылаға бет түзеп, кірісіп дұға еткенде ғана емес, кез-келген сәттегі, кейде өзің де мән бермей айта салған тілегің де қабыл боп кетуі мүмкін екен. «Кім Аллаға және Ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», ‒ деген хадис бекер айтылмаған. Сондықтан әр сөзіңізге абай болыңыз! Жай ғана айта салған бір сөздің өзіне Алла тарапынан жауап берілген болса, онда бар ықыласын арнап, үлкен үмітпен дұғаға отырған мұсылманның сұрағаны тіпті қайтарылмайтынына кұмән жоқ. • Адам баласының шын мәнінде Аллаға өте аз шүкірлік ететінін, әсіресе өзімнің, бір басымдағы бар сансыз нығметтен гөрі, жоқты, қиындықты көп санаушы екенімді түсіндім. Жоғымды санап, сұраудан алдын, барыма көп шүкір айтуым керек екенін ұқтым. Ал, ақиқатында, он екі мүшенің сау-саламаттығына жететін байлық та, сұлулық та жоқ. Бір алған демімізді еркін шығарудың өзі ‒ біз шүкірін өтей алмайтын үлкен нығмет екенін ұмытуға болмайды! • Бұхариде келетін бір хадисте, Муғауияның, Алла оған разы болсын: «Мен Нәбиден (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөз естідім. Алла Тағала ол сөзді мен үшін пайдалы етті. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардан айып іздесең, оларды бұзасың», ‒ деді. Шын мәнінде мен олардан айып іздемеймін. Өйткені, айыптарын іздеумен оларды бұзуым мүмкін», ‒ деген сөзі келеді. Расында да адамның бойынан айып, нұқсан іздеу оны бұзатынына менің де көзім анық жеткендей. Адамға бейне беруші ‒ Алла Тағала. Ол құлдарын жатырларда қалағанынша бейнелейді. Мұсылманның ары мен намысы өзге мұсылманға харам етіліп, қорғалған. Ешкімнің де өзгенің түр-келбетіне сын айтуға хақысы жоқ. Өйткені, оны солай жаратқан ‒ Алла. Ендеше, ешқашан өзге біреуден кемшілік іздеп, оны төмендетуге тырыспаңыз. Сондай-ақ, сенім деген үлкен күш. Өзіңізге бағытталып айтылған сөздің бәріне сене бермеңіз, сезімге, ойға ермеңіз һәм өзіңізді бағалаңыз! Сыртымызды емес, ішкі дүниемізді көркемдеуге, жүрегіміздің тазалығын қадағалауға баса мән бергеніміз жөн. Өйкені, Алла Тағала сыртқы бейне мен дүние, дәулетіңе қарамайды, амал мен жүректің тазалығына қарайды. Қазір менің Алладан сұрайтын басты тілегім де сол ‒ жүректің тазалығы. Раббымнан: «Жүрегімді риядан, нифақтан (екіжүзділіктен), тәкаппарлықтан, ыза мен кек, өкпе-реніштерден, өз-өзіме сүйсінушіліктен, жүректің барлық дерттерінен тазартып, Өзі разы болатындай тап-таза етуін сұраймын. Айқын иманды, Өзінен шынайы қорқушылықты, шүкірлікті, Құранға деген құрмет пен құштарлықты, таухидті, ең дұрыс туралық ‒ Құран мен сүннетті дұрыс түсініп ұстануды, мейірімділікті жүрегіме қазықтай қағып бекітуін табанды түрде тілеймін!»     • Айлардың ең қадірлісі, өзіңді түзетуге берілген ұлы мүмкіндік Рамазанда шайтанның үлкендері кісенделгенмен, он бір ай бойғы лағнеттінің сіңірген уәсуәсі әдет боп бойда қалатыны рас. Шайтанның азғыруы әлсіреп, өз нәпсіңмен өзің қалған кезде, шынайы бейнеңді көруге болатындай. Міне, осындай кезде, өз-өзіңізбен жұмыс істеп, дұғаны күшейту қажет-ақ. Кейде, бойында қалыптасқан жаман әдетін, ойын тоқтатуға адамның шамасы келмеуі мүмкін. Бұл жағдайда Рамазанның берекетін пайдаланып, Алладан көбірек жәрдем тілесеңіз, сізді қай дерттен де Раббымыздың құлан-таза айықтыратыны шүбәсіз! Сондай-ақ, Алла Тағала құлын күнәлары үшін жазалауға асықпайды. Ол – өте Мейірімді! Алла Тағала өзімізді түзетуімізге мүмкіндік береді. Өзіңді түзетіп, амалдарыңды дұрыстауыңа жәрдемдесетін, ой салатын көптеген себептер жіберді. Ең бастысы соны сезе, көре білу керек екен. Егер, кімде-кім өзіндегіні өзгертуге ұмтылса, күмәнсіз, Алла ол адамды өзгертеді. Өйткені, ол ‒ Алланың Уәдесі. Иә! Шын мәнінде Алла Тағала үшін мүмкін емес ешнәрсе жоқ! Сіз тек Оған күмәнсіз сеніңіз, ниетті түзеңіз, жақсылыққа өзгеруге тырысыңыз, құрметті оқырман! Абдулланың Анасы            

www.asylarna.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз