Баланың сәбилік кезеңі 0-2 жас аралығын құрайды. «Балалық шақтың» әдепкі баспалдағы – сәбилік кезең. Қасиетті Құран кәрімде бұл шақ бірнеше мәрте қайталанған. Сәбилік кезеңнің бірнеше мәрте Құранда тілге тиек етілуі мәселенің аса маңыздылығын білдірсе керек.
Сәбилік кезең бала туылған сәттен бастап, екі жасқа дейін жалғасады. Құранда сүт ему уақыты екі жыл екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екі жасына толмай шетінеген ұлы Ибраһим жайында: «Оның сүт анасы жәннатта. Қалған сүтін сонда еміп, екі жылын тәмамдайды»[1], – деп, сәби үшін сүт ему кезеңінің 2 жыл екендігін меңзеген.
Көбіне ата-аналар бала тәрбиесінде сүт ему кезеңінің маңыздылығына аса мән бермейді. Алайда, баланы тазалыққа, белгілі бір тәртіпке үйрету кезі нағыз осы айлар болса керек. Сонымен қатар сәби кездегі қорек баланың болашақтағы денсаулығына бірден-бір әсер ететін маңызды фактор екенін медицина да дәлелдеп отыр. Психологтардың айтуынша, баланың өзіне деген сенімділігі, тұйық немесе ашық мінезділігі, тартыншақ немесе батыл болуы да осы кезеңде қалыптасады екен. Тіпті ата-ананың, әсіресе сүт емізіп жатқанда сәбиді шешесінің мейірлене құшағына басуының өзі маңызды. Осыған қарай баланың бойында оптимистік немесе пессимистік қасиет пайда болады. Сондай-ақ баланың зерек, еңбекқор, өмірге бейімді боп өсуіне әсер ететін жүйке жүйесі де осы кезден қалыптаса бастайды. Сондықтан сәбилік кезең де өз алдына маңызды.
Енді сәбилік кезеңнен бастап бала тәрбиесінде қандай амал-әрекеттердің өсиет етілгеніне тоқталайық:
Алғашқы жөргек
Ислам діні сәбидің болашақ тәрбиесі үшін алғашқы қадамдарды қалай бастау керектігін, атааналық жауапкершілікті рет-ретімен үйреткен. Мысалы, қызы Фатима (р.а.) босанып, немересі Хасанды алғаш көргенде, Пайғамбарымыз оның үстіндегі сары жаялығын шешіп, ақ жаялыққа ораған[2]. Бұл әр бала өз жынысына сай түспен киінуі керек дегенді білдірмек.
Алғашқы қорек
Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, сахабалар жаңа туылған нәрестелерді алдымен Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алып келетін. Пайғамбарымыз ондайда нәрестені құшағына алып, игі дұға тілеген, сосын құрманың сөлін таңдайына жағып, дәм таттыратын болған[3]. Яғни дүниеге келген сәбидің тәрбиесі үшін алғашқы қадамдар осылай басталатын. Жаңа туған нәрестенің таңдайына құрма жағу мәселесін ғалымдар әртүрлі жорамалдайды. Бірқатары бұл нәрестені тамақтануға үйрету десе, енді біреулері құрманың адам ағзасына деген пайдасын алға тартқан. Қалай десек те, жаңа туған сәбиге құрманың дәмін алдыру сүннет амалдардың бірі болып табылады.