«Сағат тоғыз болды. Ұйықтаймыз!» деген сөздерді кішкене күнімізде көп еститінбіз. Неге бала тура осы уақыттан кешікпей ұйқыға кету керек? Қарастырып көрейік.
Бала ерте жату керек. Неге? Себебі оның өсу гормоны ұйқының төртінші кезеңінде пайда бола бастайды. Яғни, егер бала 21:00-де ұйықтайтын болса, шамамен 00:30-да оның өсу гормоны қарқынды жұмысқа кіріседі.+
Егер бала өте кеш жататын болса, онда бұл гормонның түзілуіне уақыт жетпей қалады. Яғни, бұл оның өсіп-жетілуіне зиян.
Сонымен қатар, осы салада жүргізілген сынақтарға қарасақ, дұрыс ұйықтайтын балалар сабақ уақытында да зейінді, ақпаратты да тезірек есте сақтайды екен. Уақытылы жатып, жеткілікті ұйықтайтын балалардың ересек кезінде Альцгеймер ауруына шалдығу қаупі де төмен.
Баланы қалай ерте жатқызуға болады?
- Бала ерте жату үшін, үйдегілердің барлығы да ерте жату керек. Бала өзі төсекке жатқан соң, үйдегі қыбыр-жыбырды естісе, ол әлі де ояу жүруге болады деп ойлайды. Сол себепті үйдегілердің барлығы өздерінің күн тәртібін өзгертулері тиіс.
- Балаға жатар алдында кітап оқу ерте жатуға көндірудің тағы бір тәсілі болып табылады. Бірте-бірте ол ата-анасы оған кітап оқыса, ұйықтайтын уақыт келді деген санадан тыс нұсқауға көнетін болады.
- Баланы ұйқыға дайындайтын тағы бір тәсіл – пәтердегі жарықты көмескілеп қою. Психологтардың пікірінше, шамның сарғылт түстес жарығы адамның жүйкесін тыныштандырып, ұйқыға қарай бейімдейді.
- Тағы бір кеңес – түнде барлық гаджеттерді сөндіріп, баланың көзіне түспейтін жерге қою. Түнде оларды қайта-қайта қосып, тексеріп, оқып, хат жазу сияқты бітпейтін істер балаға үлгі болмайды. Олар сіздердің әрбір істеріңізді бағып отыратынын, қажет кезінде қайталайтынын естен шығармаңыз.
- Спорт туралы да ұмытпаңыз. Кешке жаттығуға баратын балалар жылдам ұйықтап қалады. Осы ережені есте ұстаған абзал.
Бала күнінде ерте ұйықтайтын балалар болашақта өздеріне сенімді, дені сау болып өсетінін әрі эмоционалды тұрғыдан жақсы жетілетінін ұмытпауымыз керек.