https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Исламдағы әйелдің орны

08 Nov 2015 0 comment Оқылды: 1976 рет

Ислам діні келмес бұрын, әйел затының намысы тапталып, адам құрлы көрмей, кемсітілгенін білеміз. Алланың хақ діні ислам келісімен әйелдің қоғамдағы құқығы белгіленіп, ар-намысы мен абыройы қорғалып, еңсесі көтерілді. Бұл жайында  Омар (р.а):  «Біз, әйел баласының да жеке құқықтары болатынын Ислам келуімен біле бастадық» деген.

Дініміздің әйелдерге жасаған қамқорлығы барлық әйелдер үшін тарихтағы теңдессіз оқиға болды. Рас, исламның көзқарасымен қарайтын болсақ, әйел заты ол - аяулы ана, сүікті жар, сүйкімді қыз, жанашыр  әпке болумен қатар, ұрпақтың таралуына септігін тигізетін қоғамдағы орны ерекше. Сондай-ақ, хадистерде: «Жәннат ананың табанының астында», «Сендердің ең жақсыларың, әйелдеріңе жақсы қарым-қатынаста болғандарың», деп текке айтылмаған. 

Ислам тарихындағы Пайғамбарымыздан  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейін алғаш исламды қабылдап, дін жолында бүкіл мал-мүлкін сарп ете білген  әйел кісі  Хадиша анамыз (р.а.) болатын. Сол себепті, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ел менен теріс айналған кезде Хадиша маған сенді. Айтқандарымды ешкім қабылдамағанда, мені алғашқы болып растаған сол еді» - деп, оны өмір бойы ұмытпай, әркез жақсылықтарын еске алып отыратын. Тірі кезінде жәннаттағы үйімен сүйіншіленген әйел кісі еді. Дәлірек айтқанда, бірде Жебірейіл періште (а.с.) Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Раббым Хадишаға сәлем айтты. Менен де сәлем айта бар. Оған жәннатта шаршамайтын, шалдықпайтын үй тұрғызылды», дейді. Бұл қуанышты Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хадиша анамызға (р.а.) келіп: «Уа Хадиша! Саған Алла мен Жебрейіл сәлем айтты», деп хабарды жеткізген кезде, Хадиша (р.а.) анамыз: «Алланың Өзі Сәлем, ал, Жебірейілге сәлем болсын» - деп, үлкен зеректік танытады.

Сонымен қатар, исламда ең алғаш Алла жолында құрбан (шаһид) болған да әйел кісі Сумәийә болғандығын білеміз. Сондай-ақ, Айша (р.а.) секілді Алла елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздерге көптеген хадистерді жеткізген аналарымыз болатын.

Бір күні Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбада намаз оқып тұрған кезінде мүшріктердің бірі келіп, үстіне түйенің ішек-қарынын тастап жібереді. Сонда, мұны көрген Фатима (р.а.) анамыз әлгілерді ұрысып, әкесінің үстін сүртіп, демеу көрсетеді.

Дін жолындағы осындай табанды ерліктері мен қажырлы еңбектерін бағалап, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Осы дүниеде және ақыретте құрметке бөленетін төрт әйел бар: Имранның қызы Мәриям, перғауынның жары Әсия, Хуайлидтің қызы Хадиша, Мұхаммедтің қызы Фатима», деген.

Ислам тарихшыларының сөзіне сүйенсек, әйелдер дін үшін Исламдағы соғыстарда айтарлықтай белсенділік танытқан. Қолдарына қару алып, соғысумен қатар, керек кезінде түрлі қызметтер атқарған. Қазақ халқында: «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», деген ұлағатты сөз бар.

Қорыта келгенде, Исламда әйелдің орны ерекше. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға бұйырған. Сондықтан, әйелге деген құрмет зор болуы тиіс.

Тайыржан ЖОЛДАСОВ,

Республикалық имамдардың білімін

жетілдіру Ислам институтының ұстазы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз