Жұбайлардың бақытты отбасын құрып, сүйіспеншілікте өмір сүрулері үшін әйел адамдармен қатар, ер адамдар да отбасындағы міндеттерін дұрыс атқара білулері аса маңызды. Отбасын асырап, керек-жарағын қамтамасыз етумен бірге ер адам мына нәрселерді жасауы тиіс:
- Алла тағала ерлерге әйелдеріне дұрыс қарап, сыйластықта болуды бұйырды: «Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар» («Нисә» сүресі, 19-аят).
- Жұмыстан шаршап келсеңіз де әйеліңіз бен балаларыңызға аз ғана уақытыңызды бөліңіз.
- Кемшіліксіз пенде болмайды. Әйеліңіздің қателіктерін бетке басқаннан гөрі, жақсы жақтарын көбірек бағалаңыз.
- Қандай жағдай болмасын ашуыңызды жеңе біліңіз.
- Жылы сөз жан жылытады. Әйеліңізбен көбірек тілдесіп, сырласыңыз. Махаббатыңыз бен жылы сөзіңізді аямаңыз.
- Әйелдер мақтағанды ұнатады. Ол табиғатына тән нәрсе. Сондықтан «сенің осының дұрыс», «сені мақтан тұтамын» деген сияқты сөздер айтып, көңілін аулап қойыңыз.
- Олардың қисық қабырғадан жаратылғанын ұмытпаңыз.
- Отбасы мәселелерін екеуіңіз ақылдасып, оның да пікірімен санасып, ортақ шешім қабылдаңыздар.
- Әйеліңіз – балаларыңыздың анасы, өмірлік жолдасыңыз. Ешқашан дөрекі сөйлеп жанын жаралай көрмеңіз