Құран кәрім оқыған кезде мына әдептерге мән беру керек:
1) Дәретті болып, таза жерде құбылаға қарап, тізерлеп отыру керек! Еркектердің басы ашық күйде оқымай, ең болмағанда тақия кию керек! Тақиясыз оқу тәнзиһан мәкрух болады. (Мусхафқа қарап оқу жаттанды түрде оқудан сауаптырақ. Мусхаф – Құран кәрім кітабы.)
2) Құран кәрімді оқитын кезде Әузу және Бисмиллаһ-ті толық айтып бастау керек!
3) Мағынасын білсе де, білмесе де байыпты болып оқу керек!
4) Мүмкін болса жылап оқыған жақсы! Жылай алмайтын адам өзін қинап жылау керек!
5) Әр аяттың ақысын беру керек, яғни азап аятын оқыған кезде қорқып, рахмет аяттарын әуестеніп, мадақтау аяттарын оқыған кезде көңілмен тәсбих етіп оқу керек!
6) Құран кәрім оқыған кезде бойында рия, яғни мақтану, басқаға көрсету деген сияқты сезімдер оянса немесе намаз оқып жатқан адамға кедергі болса, ақырын дауыспен оқу керек!
7) Құран кәрімді тәжуидке (Құран кәрімнің дұрыс оқылу ережелеріне) сай және әдемі дауыспен оқу керек, бірақ әуендетпеу керек!
(Әуендету – әріптерді, калималарды бұзып әуенге салу деген сөз. Әуендеткен кезде әріптер бұзылатын болса харам, әріптер бұзылмаса мәкрух болады. Халеби кітабында былай делінген: "Құран кәрімді әуенге салып оқыған имамға ұйып оқылған намазды қайтадан оқу керек.")
8) Құран кәрім – Аллаһу та’аланың кәламы (сөзі), сипаты, қадим (бұрыннан бар, кейіннен жаратылған емес). Ауыздан шыққан әріптер "от" деп айтуға ұқсайды. "От" деп айту оңай, бірақ оттың өзіне ешкім шыдай алмайды. Бұл әріптердің мағыналары да осындай. Бұл әріптер басқа әріптерге ұқсамайды. Бұл әріптердің мағыналары мәлім болса, жеті қабат жер мен жеті қабат аспан шыдай алмайды.
9) Құран кәрімді оқудан бұрын бұл кәламды айтқан Аллаһу та’аланың ұлылығын ойлау керек! Кімнің сөзі оқылып жатқанын, қандай маңызды іс орындалып жатқанын жақсылап ойлау керек!
Құран кәрімді ұстау үшін таза қол керек болғаны сияқты, оны оқу үшін де таза жүрек (көңіл) керек.
Аллаһу та’аланың ұлылығын білмейтін адам Құран кәрімнің ұлылығын түсіне алмайды. Аллаһу та’аланың ұлылығын түсіну үшін Оның сипаттары мен жаратқандарын ойлау керек. Бүкіл махлұқ (жаратылыс) иесінің, қожайынының сөзі екенін ойлап оқу керек!
10) Ғафлетпен оқымай, көңілі ояу болып оқу керек және оқыған кезде басқа нәрселерді ойламау керек!