https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ЗЕКЕТ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ (Зекет пен садақаның айырмашылығы)

16 Jun 2015 0 comment Оқылды: 3837 рет

Ислам дінінде садақа мен зекеттің алатын орны ерекше. Екеуі де –  адамның ыждаһатынан басқа бір мұқтаж адамға көмектессем екен деген ниетінен туындайтын игі амал. Дегенмен, садақа мен зекетті бір ұғымда қарастыруға болмайды. Олардың өздеріне тән ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар екенін ұмытпаған жөн.

Егер ислам тарихына үңілер болсақ, зекет мұсылмандарға һижраның екінші жылы шәууәл айында, рамазан оразасынан бұрын парыз етілген. Қасиетті Құран Кәрімде зекет жайлы бірнеше мәрте айтылады. Мәселен, «Намазды орындаңдар және зекет төлеңдер!», – деп Бақара сүресінде бұйырылса, хадис шәрифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ислам бес негізге: Алладан басқа құдай жоқтығына, Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куә болуға, намазды атқаруға, зекет беруге, Рамазан оразасын ұстауға және Қағбаға қажылық жасауға құрылған», – дегені бар.

Сондай-ақ, зекет ұғымы көбею, өсу, тазару, берекет, нығметтерге шүкіршілік айту секілді мағыналарды да қамтиды. Яғни, зекет ғибадаты Алла Тағаланың берген байлығына шүкіршілік ету дегенді меңзейді. Адам өзінен де зерек, қабілетті әрі денсаулығы мықты талай адамдардың мұндай нығметке бөленбегенін түсініп, Алла Тағалаға шүкіршілік етеді. Әр нығмет өзіне шүкір етуді талап етеді. Мысалы, ілім-білімнің шүкірі – оны басқа біреуге үйрету, дене мүшелерінің шүкірі ораза ұстап, намаз оқу болатын болса, байлық нығметінің  шүкірі – зекет беру.  Зекет мөлшері сауда-саттықтан немесе жиналған ақшадан яки мал-мүліктен беріледі. Оны дүниесі нисап көлеміне жеткен әрбір мұсылман өтеуі қажет.

Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсылық садақа болып табылады. Бұл жөнінде хадис шарифтерде: «Өзіне және бала-шағасына жұмсағандарының бәрі – садақа», «Жақсы сөз – садақа», «Жылы сөзбен сәлем беру – садақа», «Жолынан адасқанға жол көрсету – садақа», – делінген. Алайда, біздің сөз етпек болған садақа материалдық тұрғыдан жасалынатын түріне жатады.

Жалпы, садақа беру — иманды мұсылманның, оның пайдасы мен Алла Тағаланың берер мол ризығы мен абыройынан үміт еткеннің ісі. Қандай да бір жағдай болмасын, садақа беру – жақсылық пен берекет бастауы. Тіпті, Құдайға шүкір, қазір кез келген жанның, ең болмаса, жарты келі бидай бере алатындай жағдайы бар. Демек, зекет – парыз болса, садақа – ізгілік деп білгеніміз жөн. Зекетті арнайы адамдар санаты ғана береді. Ал, садақаны кез келген жанның беруіне болады. Зекет жылына бір рет, садақа болса көңілдің қалауымен беріледі.

Сонымен қатар, дінімізде Рамазан айында берілетін пітір садақасы деген түсінік те бар. Пітір ұғымы рамазан оразасын ұстаушы кісінің соңғы ауыз ашуын, рамазан оразасының аяқталуын білдіреді. Бұл ұғымның араб тіліндегі түпнұсқасы өзгертілмей пітір деп белгілеген. Пітір садақасы шариғат нормаларының қатарына зекеттен бұрын ораза парыз болған жылы һижраның екінші жылында шағбан айында енді.

Ибн Омар: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұсылманнан болған құлға да, азатқа да, ер кісіге де, кішіге де, үлкенге де бір сағ мөлшер құрмамен не бір сағ мөлшер арпамен пітір зекетін төлеуін міндет еткен. Сондай-ақ, оның адамдар айт намазына шықпай тұрып берілуін бұйырған», – деп риуаят етеді. Аталмыш хадистегі «парыз етті» сөзі уәжіп үкімін білдіреді.

Пітір садақасының мақсаты, ең әуелі, рамазан айында ұсталған оразадағы қате-кемшілікті түзетіп, орнын толтырады. Екіншіден, пітір садақасы айт күні пақырлар мен міскіндердің мұқтаждығын жауып, әл-ауқаттарын көтеріп, көңілдерін қуантады. Уакии ибн Жарраах: «Рамазан айының пітір садақасы – намаздағы сәһу сәждесі сияқты. Сәһу сәждесі намаздың кемшілігін түзетсе, пітір садақасы оразаның кемшілігін түзетеді», –деген ой айтады.

Пітір садақасының берілетін уәжіп уақыты – айт күнінің таңы. Пітір садақасын осы уақыттан кешіктіріп алған кісінің мойынынан уәжіп түспейді. Оны айт намазынан кейін беру не айт күнінен кешіктіру – мәкруһ. Бірақ кеш болса да төленуі – уәжіп. Себебі, мұқтаждың жағдайын жеңілдету амалы уақытпен шектелмейді. Бұл жерде мәкруһ мерзімде емес, мустахаб мерзімде атқарылуы көзделеді.

Алла Тағала зекет пен садақа берілетін адамдар жайлы жинақы түрде: «Расында, садақалар тек пақырларға, міскіндерге, зекет қызметшілеріне, жүректері исламға дағдыланып келе жатқан кісілерге, құлдарға, қарызға батқандарға, Алла жолына, жолда қалғандарға ғана тиесілі. Бұл – Алланың парыз еткен үкімі. Сондай-ақ, Алла бәрін білуші және өте дана[1]», – деп әмір еткен. Осы аяттың негізінде пітір садақасы да зекет алу құқығына ие адамдарға беріледі. Осылайша, Алла Тағала нығметке шүкіршілік ретінде мұқтаждарға қарайласуға шақырады. Сондай-ақ, бұл амалдың сауабын ақыретпен ғана шектемей, дүние тіршілігінде де мал-мүлікке береке қондырады.

Пітір садақасынан басқа да нәпіл садақалар түрі бар. Нәпіл садақаларының үкімі – мустахаб. Оны кез келген жағдайда және уақытта беруге болады. Негізінде, адамзаттың иелігіндегі мал-мүлік толығымен Алла Тағаланың мүлкі болып саналады. Алла Тағала құлдарын сынауы үшін оларды мал-мүлікке уақытша иегер әрі мұрагер етеді. Сонымен бірге, мал-мүлік пен ризық тұрғысынан бірімізді-бірімізден өзгеше жаратты. Пақырлар мен міскіндердің үлесін дәулеттілердің байлығына қосып, оларға бұл байлықтан зекет және садақа арқылы өз үлестерін алу құқығын берді. Ал, дәулеттілерге мұқтаждардың ақыларын беру міндетін белгіледі.

Кез келген қоғамда мұқтаждарға, жесірлер мен жетімдерге қарайласудан асатын игілік жоқ. Алла Тағала кімді мол дәулетке бөлеген болса, мұнысы мол дәрежеге ие екендігінің белгісі емес. Бұл тек оны сынау үшін берілген несібе ғана.

Садақа алуға лайықты кісілердің бірінші қатарын пақыр туған-туыс,  жақын ағайын, соңыра есігі жақын көрші, дос-жаран, жетім-жесір, жолда қалған жолаушы және тағы басқа мұқтажды құрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Міскінге берілген садақа тек садақа саналады. Ал, туысқанға берілген садақа – садақа әрі туыстық байланыс», – деген.

Бұл турасында Айша анамыз (р.а.) мынадай хадис жеткізеді: «Ей, Алланың Елшісі! Менің екі көршім бар. Екеуінің қайсысына берейін?» – деп сұрадым. Ол (с.ғ.с.): «Қайсысының есігі саған жақын болса, соған бер!» – деді».

Жалпы, шариғатта садақаға қатысты мал-мүлік бола тұра қайыр тілемеуді, Алланың атымен қайыр сұрамауды және Алланың атымен сұраған кісіге садақа бермеуді әдептердің бірі ретінде ұсынады. Ал, садақа берушіге қатысты міндетсінбеу немесе харам малды садақа етпеудің маңызды екені айтылады. Ең бастысы, сараңдық танытпауға ерекше көңіл бөлінеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде:«Алла берген молшылыққа сараңдық жасаушылар оны өздері үшін жасалған жақсылық деп ойламасын! Ол керісінше өздері үшін жамандыққа айналады. Қиямет күні сараңдықпен ұстаған дәулеттері мойындарын қылқындырады. Көктер мен жердің мирасы Аллаға тиесілі. Алла не амал жасап жүргендерің жайлы толық хабардар![2]» – делінеді. Ал, осы сүренің тағы бір аятында: «Өздерің жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша, әсте игілікке жете алмайсыңдар. Не жұмсаған болсаңдар, Алла оны өте жақсы біледі[3]», – деген сөздер уахи етіледі.

Демек, садақа аса мұқият қарауға үндейді. Әсіресе, нашар нәрсені садақа етпеу, оны шын ықыласпен беру мұсылманның жан дүниесінің тазалығын да көрсетеді.

Қорыта айтқанда, зекет – Алла Тағала тарапынан нисап көлеміне жеткен әрбір  мұсылманға белгілі бір мерзімде парыз етілген амал. Ал, садақа мұсылманның шынайы көңілімен басқаға ұсынатын көмек қолдауы іспеттес. Осындай игі амалдар бір жағынан құлшылық болса, екінші жағынан қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтардың арасын біріктіріп, олардың өзара түсіністігі мен бауырмалдығын артыратыны хақ.

Шарипов Ерболат Құрманғалиұлы


[1] Тәуба сүресі, 60-аят
[2] Әли Имран сүресі, 180-аят
[3] Әли Имран сүресі, 92-аят

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз