https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Діни және дүниеуи білімнің маңыздылығы

18 May 2015 0 comment Оқылды: 3085 рет

 Білім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Себебі, Аллаһ Тағала әуелгі аятын уахи еткенде « Ғәләқ» сүресінің бес аятын түсірді Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Жәбрәйіл:

 «- Оқы!  Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті.» ( Ғәләқ сүресі 1- 5 аяттар).

Демек , алғашқы аяттар тек  оқу туралы меңзеп тұр. Бұл Аллаһ Тағаланың біздерге бұйырған әмірі. Бірақ  аятта қай ілім саласын  оқу айтылмаған.Сол үшін де адам өмірінде діни ілімнің және дүниеуи ілімнің де алатын орны ерекше. Олай болса  адамзат үшін барлық білім  саласын үйрену қамтылып тұр.Тек діни ілім алу парыз да дүниеуи ілім маңызды емес деген бұл қате түсінік. Қазіргі таңда мұсылман емес мемлекеттер неге қарқынды дамуда?! Өйткені олар білімге ғылымға аса зор мән беруде. Құран Кәрімде Аллах Тағала:

«-Білетіндер мен білмейтіндер тең болама?»(Зүмәр сүресі 9 аят) - деп паш етті.Құран кәрімнің  алты жүзден астам жерінде білім жайлы айтылған. Және бір нәрсені білмесеңдер ілім иелерінен сұраңдар деп бұйырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадис шәріпінде: Ілім алу әрбір мұсыман ер мен әйел кісіге парыз, — деген. Мұсылман адам жанжақты болуы тиіс. Өйткені мына қазіргі барлық технология дамыған заманда біз алпауыт ірі мемлекеттермен санасуымыз  қажет, мейлі ол дін саласында болсын, мейлі дүниеуи саласында болсын. Бірақ ондай жетістіктерге жетуіміз үшін өскелең ұрпақа дұрыс ілім беруіміз қажет. Бірақ ең бірінші біз мектеп қабырғасындағы балаларға зәру болған діннің тіректерін бойларына сіңіртуіміз қажет.  Кейін ол балалар дін ілімді де, дүниеуи ілімін де бірге қатар алып жүретін болады. Ілім жолы — жәннат жолы. Ілім алып өзгеге пайдамыз тиіп жатса және имандылқтың артуына себеп болып жатсақ  қаншалықты сауапқа кенелетімізге мына хадис дәлел болады.

«-Сенің себебіңнен Аллах Тағала бір адамға хидаят берсе, сен үшін бұл дүниеде болған  барлық нәрседен хайырлы,» — деді.

 Елбасының әр жыл сайынғы Жолдауы азат елге айрықша серпін беріп, өрге сүйрейтінін уақыт дәлелдеді. Оның әр жолында келешектің қадамы, болашақтың бағдары жатыр. Біз сол қадаммен, бағдармен кешегі «нөлдік» кезеңнен бүгінгі деңгейге жеттік. Енді, міне әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуға ниеттенудеміз. Бұл жолда да қимылсыз емеспіз. Президент бағыт нұсқады, міндеттер жүктеді, тапсырмалар берді. Тек қолдауымыз қажет. Қасиетті Құранда да, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.у) хадистерінде де барша адамзат баласын білім алуға, сауат ашуға, оқуға шақырады. Сондықтан Президенттің бұл бастамасында игілік пен ізгілік бар.

   Мемлекет басшысы осы Жолдауда саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізумен қатар, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне де басымдық берді. 30 озық мемлекеттің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым емес пе? Елбасымыз міне, осыны, яғни ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске апару мәселесін баса айтты. Бұл салаға тек ғалымдардың ғана емес, өндірістің, индустрия өкілдерінің күш-қайраты керек. Олар да ғылымға қарай қадам жасауы тиіс.

Жоспарлы жол іздеген ел ғана жетістікке жетеді. Біздің мемлекет мұны дәлелдеп келе жатқаны рас. Осы бағыттан айнымасақ, алар асуымыз да, шығар белесіміз де арта беретіні сөзсіз. Қазақта «Елдің қамын ер ойлар, ердің қамын ел ойлар» деген аталы сөз бар. Асыл дініміздің шариғат шарттарының бірі де – басшыға мойынсұну, бағыну болып табылады

  Қазіргі таңда біз діни біліммен дүниеуи білімді ұштастыруымыз керек. Себебі бізден алдын өткен мұсылман елінің ғалымдары білімнің алуан түрлі салаларын  меңгерді. Атап  айсақ Әбу Насыр  Әл- Фараби философия ғылымын меңгерген әрі математика ғылымында зор үлесін қосқан, жетпістен астам тіл меңгерген өзіміздің Отырар қаласынан шыққан ірі тұлға. Сондай- ақ Ибн Сина медицина, физика салаларына үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар қазақтың ұлы ғалымдары Мәшһүр Жүсіп,  Шалкиіз, сол заманда өмір кешкен Ақтамберді жырау, Бұхар жырау, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин т.б көркем әдебиет ғылымын шариғаттан негіз ала отырып, жандандырған.

  Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Керегінше дұрыс діни біліміміз болмаса, ғибадатымызға нұқсан болып, тіпті кейбір теріс пиғылды тұлғалардың пайдасы үшін саяси құрбандыққа айналып кетуіміз де ғажап емес. Мұндай келеңсіз жағдайлар тарихта өткен, және-де соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялануы біздерді қынжылтады.

 Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.

Аллаһ Тағала Құранда бірнеше аятта адамдардың ілімсіздігі мен сауатсыздығынан күнәға түскендігін және олардың бұл білімсіздігі олар үшін сылтау болмайтындығын білдіреді. Егер сауатсыз болу, білімсіз болу сылтау болғанда Құран сауатсыздығы мен білімсіздігі үшін Аллаһқа серік қосушыларды үзірлі пенделер деп баяндар еді. Аллаһ Құранда мүшриктерді баяндағанда оларды сауатсыз, білімі жоқ пенделер екендігін, алайда бұл кем- шіліктері олардың тозаққа түсуіне кедергі бола алмайтындығын білдіреді. Сол себепті күпір мен ширктің бастауы – ілімсіздік. Ілім мен хикмет – мүминнің жоғалған малы, мүмин оны қайдан тапса бірден бойына сіңіріп алуы тиіс. Дүние мен ақырет бақытының кілті – ілім. Ілім амалдардың ең абзалы.

   Діни білім туралы мұсылман дінтанушысы Әбу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Ғазали (1059-1111):  «-Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күшілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім », — деген екен. Жеке адамның мейірімді, ізгі қасиеттері мол, адамгершілік қасиеттері жақсы дамуы үшін діни білімнің тигізер әсері зор. Діннің зерттеу нысаны рух болса дүниеуи ғылым тәнді зерттейді. Дін жүрекке, ғылым миға әсер етеді. Екеуінің де мақсаты – адамды сенімге әкелу болғандықтан, олардың арасында қайшылық жоқ. Оларды біріктіретін руханият. Яғни, дүниеуи ілімді тәрбиемен ұштастыруды мақсат етер болсақ діни біліммен үйлесіп тұруы қажет деген сөз. Адамның бойындағы ең басты қасиет – ол таным және сенім. Дін ерте заманнан бері адамзатпен бірге жасап дами келе адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналды. Бір сөзбен айтқанда адам баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екендігін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін және діни білім.
Діни білім үрей, қорқыныш, қайғы, үмітсіздік сияқты адамды торығуға әкелетін қиыншылықтарды жеңуге көмек береді. Адам осындай қиын жағдайларда өз сенімі, үміті, жалбарынуы, тәубеге келуі арқылы көңілін орнына түсіріп, рухани дүниесінде тыныштық табады. Сонымен бірге дінге шын сенген адам жаманшылыққа бармайды. Діни білім адамның ауыр қылмыстар мен күнәлі істерге бармауына ықпал етеді. Діни білім адамға адамдықты, тұрмыста адал күнелтуді, әлемді түсінуді және ондағы нығметтерді пайдалануды қамтамасыз етеді. Ғылымда дін туралы, «дін – адамның тылсым әлем күшіне, Құдайға деген сенімінің кемеліне жеткен түрінде қалыптасқан, оның түсінігінде, қылығында, іс-әрекетінде көрініс табатын дүниетанымы»,- деп анықтама береді.

  Ал, Ислам ғалымдары діннің анықтамасын Құран мәтініне сүйене отырып жасаған:

«-Дін дегеніміз – ақылды адамдарды өз қалаулары бойынша тек ізгілікке бастайтын құдайлық заңнама», яғни дін — адамдарды тек игілікке, жақсылыққа бағыттайтын іс-әрекеттер жиынтығы, әрі Тәңірдің аяны арқылы қол жеткізетін ақиқат делінеді. Бұл анықтамалардағы ортақ желі- діннің құдайлық негізден келген жүйе екендігін білдіреді. Нақтылы айтсақ, шынайы дін адамдар тарапынан құрылмайды деген сөз. Жеке адам мен қоғамның игілігіне қажетті құбылыстардың бірі. Сонымен дін – адам жанының азығы, Жаратушыға деген сенім болып табылады. Орыстың атақты жазушысы Л.Н.Толстой «Тәубе» деп аталатын кітабында : «-Мені елуімде жынды қылған сұрақ тым қарапайым. Оны он үш жасымда да ойлағанмын, — бар болғаны бұл тірлігімнің мағынасы қандай, ертең жаным қайда кетеді? – деген сұрақтар еді.» — деп ағынан жарылады. Ал қазақтың ойшылы Шәкәрім «…Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам?» – деп толғанады.
Иә, әрбір саналы адамды мазалайтын және жауабын табуға итермелейтін, өмір тіршілігіне бағыт – бағдар беретін бірнеше негізгі сұрақтар болады. Діни білім осындай сұрақтарға жауап береді. Дүниеуи және діни білімді мейлінше меңгеріп, екеуін де қатар алып жүрген адамның жеке отбасына ғана емес еліне де берері көп болады. Ондай адам бұл дүниеде де толыққанды, өнегелі өмір сүруге мүмкіндік алып, ақыретте де қайғырмайтын болады. Бұл оның дүниеде де6 ақыретте де жақсылықта болып, екі дүниенің бақытына кенелтеді. Барлық ғылым қасиетті Құран Кәрімнен  алынган.Оған дәлел  болатын бір ғана жағдай бар. Француз ғалымы теңіздер мен суасты әлемінің сырларын зеріттеуші Жак Ив- Кусто екі теңіздің қосылмайтынын зерттеп таптым, жаңалық аштым дегенде мұсылман ғалымдары  оған Құраннан дәлел келтірді. Алла Тағала:

« -Ағызған екі теңіз  қосылады. Екі арасында бөгет бар. Бір – біріне араласпайды. Ендеше Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер?( Рахман  сүресі 19-21).

  Осы жаңалықты естіп Француз ғалымы иман келтіріп мұсылыман дінін қабылдады.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні  біз бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, әрбір білім саласына өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарды зеріттеп-зерделеп ашып, діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге  паш еткізуіміз керек.

Жұмабеков Қабылбек Әліпбайұлы

ahmetishan.kz 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз