Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, көршіні Жаратушының Өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Асыл дініміз исламда да көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Алла Тағала «Ниса» сүресінде былай деп бұйырады:
«Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді»Бұл аятта Аллаға ғибадат ету мен Оған ештеңені ортақ етпеу әмір етілгеннен кейін артынша әке-шешеге қарау бұйырылған. Аятта одан кейін кезегімен туған-туыстарға, жетімдерге, кембағалдарға қамқор болу керектігі айтылып, артынан туыс болсын-болмасын жақын және алыс көршіге жақсылық жасау әмір етіледі. Сондықтан адамның айналасындағы көрші-қолаңның ол адамда белгілі бір дәрежеде алар ақылары бар. Жақсылық жасауын талап етуге толық құқылы. Бірде Алла Елшісінен (Оған Алланың мен игілігі мен сәлемі болсын):
– «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, соның қайсысына сыйлық берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына» – деп жауап берген.
Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің үш түрі болады. Мысалы, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі: туыстық, мұсылман бауыр ретінде, және көршілік ақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ діндес, оның екі ақысы болады. Үшінші, тек көршілік қана ақысы бар, бірақ өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныс тепкен көршілер кездеседі. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік ақыңыз бар. Көріп отырғандай, дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуді уағыздайды.
Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналады. Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا آمَنَ بِي مَنْ بَاتَ شَبْعَانَ وَجَارُهُ جَائِعٌ إِلَى جَنْبِهِ، وَهُوَ يَعْلَمُ بِهِ»، رَوَاهُ الْبَزَّارُ.
– «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз) – деген.
Сондықтан қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршіге қарайласу имандылықтың белгісі. Салтымызда көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса көмегіңді аямау міндет саналады. Жалпы, қазақ халқының мақал-мәтелдері ислам дінімен астасып жатыр. Мәселен, халқымызда: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», деп шенейді. Сондай-ақ, «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен» деп, жақсылықтың қайырымы тек жақсылыққа жеткізетінін меңзей келе, көршімен дұрыс мәміледе болсаңыз, ол да сізбен жақсы қарым-қатынаста болатынын білдіреді. Ислам дінінде көрші хақысы өте жоғары қойылған.
عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ»، رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.
Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Маған Жебірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» (Бухари мен Муслим) – деген.
Көрші болудың қиындықтары да болады. Пенде болғаннан соң ара тұра реніштер де болмай қоймайды. Мұндай ұсақ түйектерге Алла разылығы үшін сабырлық таныту, әрі көршінің кем кетіктеріне кешіріммен қарай білу қажет. Ондай адамдарды Алла Тағаланың жақсы көретіндігі және көршісінің кесір кесапаттарынан қорғайтындығы хадистерде келеді. Ислам әдебінде көрші ақысы жайында былай делінеді: «Көршілік ақысы не екендігін білемісің? Сенен жәрдем сұрағанда қол ұшын беруің, қарыз сұрап келсе көмектесуің, мұқтаждығын өтей алсаң өтеуің, ауырып қалса халін сұрауың, жақсылыққа қол жеткізсе құттықтауың, қайғыға душар болса көңіл айтуың, қайтыс болса жаназасына қатысуың, рұқсатын алмастан оған кедергі ететін құрылыс жасамауың, жақсы ас пісірген кезіңде иісімен қызықтырмай оған да ауыз тигізуің көршілік міндетің. Жеміс жидек сатып алсаң көз ақысын бер, немесе көрсетпей жегін. Балаңа да осыны үйрет. Ел аузында жақсы көрші туралы мағыналы хикая бар. Ертеде Лұқман хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі шағын, жұпыны екен. Бір күні Лұқман хакім үйін сатып, өзге қалаға көшпек болып, үйлерін сатпақ болады. Сонда ол кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Лұқман хакім: – Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Алла өзі нәсіп етпесе, шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімді қымбатқа бағаладым, – депті. Қоңсы жайлы қазақ арасында «ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген сынды мақалдар бар. Демек жақсы көршінің жақсылығы жұғысты болады. Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің жақсы деген қазақ мақалы да тегін емес. Құрметті ағайын Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздағанда ғана емес, жылы шырай мен адами мейірім үшін бүгіннен бастап көршілерімізге тиесілі ақысын берейік!
Талдықорған қаласы
Нұр мешітінің бас имамы Данагулов Алмас С