Біреудің сыртынан басқа біреуге оның бойындағы кемшіліктерді айтуды шариғатта «ғайбат» дейді. Өзі жоқ кісі туралы: «пәленше бүйтті, түгенше сөйтті» деп жағымсыз сөздермен еске алу да ғайбат болады. Ғайбат дінімізде қатаң тыйым салынған күнәлі қылық саналады. Құранда:
وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضاً أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتاً فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ
«Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Араларыңдағы біреу бауырының өлі етін жегенді ұната ма? Әне, бұдан жиіркендіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар...»[1] деу арқылы оның қаншалықты жиіркенішті күнә екені айтылған. Адамзат баласы өлген малдың етін жеуден қатты жиіркенеді. Ал Алла тағала бұл жерде «өліп қалған бауырының» етін жеу дегенді келтіріп отыр. Иә, адам кейде өз бауырының етін жеп жүргенін де білмей қалуы мүмкін.
Енді айтылған аятты Алла елшісі сахабаларына қалай ұқтырғанына тоқтала кетейік. Хазірет Әнас (р.а.) былай деген: «Пайғамбарымыз бір күні ауыз бекітуді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын» деді. Кеш батып, ымырт үйірілген шақта Пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат беріп отырды. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялатын секілді. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын» деген кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі екінші рет келіп: «О, Алланың елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр» дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп біреуісіне: «Кәне, лоқсы» деді. Ол қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті, ыдыс толып кетті. Екіншісі де дәл солай. Осыдан кейін Пайғамбарымыз «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді» деген-ді. Мінеки, Пайғамбарымыз ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті екенін үмбетіне осылайша үйретті. Әлгі екі қыз ораза ұстауын ұстаған, бірақ күні бойы өзгелердің сыртынан жағымсыз сөздер айтып жүрген екен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ғайбат – адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын сумаңдаған өрттен де жылдам»дейді. Сондықтан тілді бүкіл жақсы амалдарды жоятын ғайбаттан сақтауға аса мұқият болу керек.
Тағы бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) «Ешкім сахабаларым жайлы жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді» деген. Әрине, Ардақты елшінің осындай даналық тұжырымдары ‒ біздер үшін де үлгі.
Негізінен, тілді пайдасыз нәрселерге қолданбай, жақсылыққа, Алланы еске алуға пайдаланғанымыз жөн. Өйткені пайдасыз бос сөздер адамның жүрегін қатайтып, Алладан алыстатады. Осыған орай Пайғамбарымыз: «Алланы зікір етпей бос нәрселерді айтып,сөзді ұзартпаңдар. Арасында Алланың аты еске алынбай ұзаған әңгіме жүректі қарайтады. Алладан ең ұзақ болғандар – тасжүректілер», – дейді.
Алла тағала жүректерімізді бірлестіріп, кәміл мұсылман, хазірет Мұхаммедке лайық үмбет болуды несіп етсін!
Асылбек Ноғаев
ҚМДБ
Уағыз-насихат бөлімінің маманы